Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізуге арналған Ассамблеяның іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
«Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы аясында өткен кеңейтілген отырыс Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Мемлекеттік хатшы ең алдымен 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудағы Нұрсұлтан Әбішұлының айқын жеңісін тәуелсіздік жылдары Ұлт Көшбасшысы атқарған ауқымды істері мен жетістіктеріне берілген жоғары және әділ баға деп тануға болатынын айтты. Расында да, Елбасының жеңісі – оның елді әрі қарай әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жаңғыртудың, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарламасына бүкілхалықтық қолдаудың айқын көрінісі екені даусыз.
Көптеген халықаралық байқаушылардың бағасына сәйкес, сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әділ әрі ашық өткендігі көпшілікке белгілі. Аталмыш сайлау байқаушылар тарапынан тәуелсіз Қазақстан тарихында ең үздік деген бағаға ие болып, елімізді демократиялық дамытудағы қарыштап ілгерілеу үлгісін паш етті. Ассамблеяның кеңейтілген отырысында сайлау қорытындысы мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі жан-жақты айтылып, жас ерекшелігі мен шығу тегі әртүрлі қазақстандықтардың ерік-жігері мен Елбасы және Қазақстан халқы арасындағы бірлік жайы кеңінен сөз етілді.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде байқалған күрделі саяси дағдарыстар тұрғысынан қарағанда, еліміздің бірлігі мен ынтымағының бағасы арта түскен. Ел бақытына орай, Елбасы әрқашан халықпен бірге бола білді. Сонымен қатар, халық игілігі мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыра отырып, аянбай қызмет етті. Саналуан ұлт пен ұлыс өкілдері тіршілік ететін ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтты. Бұл бойына сирек кездесетін стратегиялық даналық пен бірнеше қадам ілгері әрекет ете білетін қасиеттерді жинақтаған шын мәніндегі жасампаз Көшбасшы екендігіне осы күнгі отырыста одан әрі көз жеткізе түстік.
Бүгінгі таңда, әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан дамыған мемлекеттердің өзінде байқалған жалақы деңгейін, әлеуметтік шығындар мен зейнетақы төлемдерін төмендету, және де жұмыс орындарын қысқарту үрдістері кезінде Елбасының даналығы айқындала түсті. Қазақстан жылдан жылға жалақы мен зейнетақы көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды белсенді түрде жалғастырып отыр. Бұл – мемлекет қуатының, Ұлт Көшбасшысының халық алдындағы жауапкершілігінің нақты нәтижесі.
Қанат Саудабаев Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары жобасына, Ассамблеяның Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шараларын жүзеге асыру мәселелеріне жеке тоқтала келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне жүктелген жаңа президенттік өкілеттілігін Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халық игілігін өркендетуге, елдің халықаралық беделін арттыруға бағытталған сенімді және үдемелі дамуды әрі қарай жалғастыратыны анық екендігін баяндады. Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы: «Тәуелсіз еліміздің тарихында болған тамаша оқиға – кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлының жеңіске жетуі еліміздің одан әрі жасампаздықпен дамуының жаңа бір бастауы болмақ. Көпұлтты Қазақстан өзінің өркендеу жолын біртұтас бірлікпен, мызғымас ынтымақпен айқындай түсті. «Ел ерді туғызады, ер елін ертеңге бастайды» деген қағидалы сөз, шын мәнінде, жақсы қырынан жарқырап көрінді. Ер елді бастады, ел соңынан ерді. Бұл ұлттық тұтастық пен елдік бірліктің айқын айғағы болды», – деп атап өтті.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары В.Г.Вишниченко, Қазақстан корейлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Г.В.Кан сөз сөйледі. Бұл ретте Парламент Мәжілісінің депутаты В.Г.Вишниченконың стратегиялық құжат туралы айтқан пікірі барынша ойға қонымды шықты. Ол өз баяндамасында: «Бұл құжат Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының, сондай-ақ 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының стандарттарына сай келеді. Стратегияда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамын саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер есебінен кеңейту, Ассамблея тарапынан сайланған депутаттардың заң шығару ісіндегі рөлін күшейту ісі қарастырылған. Сонымен бірге, толеранттылық пен этносаралық қарым-қатынас орталығы мен басқа да ғылыми-зерттеу бірлестіктерін құру жоспарланған. Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру үшін арнайы қор құру көзделсе, одан өзге бірыңғай ақпараттық жүйе құру ісі де жоспарға еніп отыр. Бұл аймақтағы бөлімшелермен жұмысты жандандыруды көздейді. Тағы бір тоқтала кететін жәйт, Ассамблея нәтижесі қазақстандық этножурналистиканы дамытуды да қолға алмақ», – дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясын қаржыландыру ісі республикалық бюджет есебінен жүргізілетініне де тоқталды.
Ассамблея Кеңесі кеңейтілген отырыс нәтижесінде Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары жобасын мақұлдап, ол жобаны Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясына бекітуге ұсыну туралы шешім қабылдады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.