«Адам бойында бір жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген екен ғұлама ойшыл Жүсіп Баласағұн. Нұрекеңнің бойындағы осындай айтулы қасиет – адалдық. Ол – қоғамға, қызметтес әріптестеріне, отбасына, дос-жаранға, ағайын-туысқа деген адалдық. Адалдыққа серік болған байсалдылық, білімпаздық, бір сәт толастамаған еңбек. Оның шынайы азаматтық жарқын болмысы қиындықпен өткен балалық шақ, білім алу, елінің даму жолындағы қажырлы еңбек, бала тәрбиелеу аясында қалыптасты.
Нұрекең деп отырған азаматымыз елге танымал, құрметті Нұртаза Ыбыраев. Сексеннің табалдырығына аяқ басқан Нұрекең жақсылықтың, ел бірлігінің шынайы тілекшісі. Өмір құбылыстарына бейжай қарай алмайды. Ел жетістіктеріне балаша қуанады, қоғамдағы олқылықтарға, келеңсіз жағдайларға қынжылыс танытады.
Нұрекеңнің біздер үлгі етер, мақтаныш етер қасиеттері оның еңбекқорлығы, ақ ниеті, анық ойы мен әділеттілігі. Ауыл шаруашылығы, қазіргі қоғам барысы жөнінде әңгімелескенде ағаның терең ойлары мен дәлелді болжамдарына талай қанықтық.
Ағаның балалық шағы өткен жер Сыр топырағы, нақтырақ айтсақ, ертедегі Оғыз қағанатының орталығы саналған Жанкент орын тепкен Қазалы өңірі. Бұл кісіде қызықты балалық шақ болмады. Әкеден ерте айырылып, ағалары майданға аттанып, өмір ауыртпалығын анасымен бірге көтерді. Ана еңбегі, ана пейілі ерте есейтті, ширақтыққа, ұқыптылыққа баулыды. Күн көрудің қамымен, білім алуды да ойлап жүрді. Жетінші сыныпты бітірісімен Қазалыдағы зоотехникалық – мал дәрігерлік техникумға оқуға қабылданып, оны үздік бітіріп шықты. Содан нағашысы Шәріп Қоспамбетовті арқа тұта барып, оңтүстік өлкедегі Арыс аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне зоотехник болып орналасты. Бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Нұрекең жөн-жоба сілтеп, ақыл-кеңес берген Шәріп ағасына әрдайым шексіз ризашылығын білдіріп отырады. Білімге деген құштарлық кейін Алматы зоотехникалық – мал дәрігерлік институтына алып келді. Студент бола жүріп, курсаралық демалыстарында шаруашылықта еңбек етті. Негізі, қой шаруашылығына деген қызығушылық, ғылыми жұмыстарға талпынысы Қазалы ауданындағы «Қазалы» қой совхозынан бастау алды. Осы шаруашылықтың басшысы, Социалистік Еңбек Ері Дүйсенбай Маханов жас жігітке үлкен сенім артып, биязы жүнді қой өсірудің қыр-сырын жете меңгеруге баулыды. Бұл ғылымға деген алғашқы ұмтылыс еді, ғылымнан қол үзіп қалмау алға қойған мақсаттың бірі болды.
Институт бітірісімен еңбек жолы Жамбыл облысында жалғасты. Алғашқыда Бурный МТС-інің зоотехнигі болған, одан соң Мерке аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясына басшылық етті.
Өз міндетін жауапкершілікпен атқару, бойдағы білім мен біліктілік азаматты қызметтің биік сатыларына көтеріп отырды. Совхоз директорлығынан кейін облыстық совхоздар басқармасының бастығы және Шу колхоз-совхоздар өндірістік басқармасының бастығы, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры, Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Одан арғы қызметі – Республикалық кәсіподақ кеңесінің хатшысы. Жезқазған облысының ұйымдастырылуына байланысты облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы, кейіннен екінші хатшысы болды.
Ауыл еңбеккерлерінің жағдайын жасау, қызметкерлерге талап қоя білу, өз ойын өндіріске енгізуде жігерлілік таныту зор біліктілікті қажет ететіні заңдылық. Әсіресе, жаңадан ұйымдасқан Жезқазған облысының ауыл шаруашылығы саласына басшылық ету өміріндегі ең жауапты кезең болды. Жұмысты ұтымды ұйымдастыра білудің арқасында бұл өңірде егін шаруашылығы, металлургтер мен кеншілер үшін көкөніс, сүт өндіру мәселелері өз шешімін тапты. Егіншілік саласында мол табыс өздігінен келе бермейді. Сол себепті де ылғал жабу, тұқым себу, минералды тыңайтқыштарды пайдалану сияқты жұмыстардың басы-қасында өзі жүрді. Оның бер жағында жерге егілетін тұқым сорттарына да айрықша мән беріп, олардың талаптағыдай орналастырылуына көңіл бөлді. Мал шаруашылығына баса назар аударылды. Бұл жұмыста ең қиындық туғызғаны мал азығын дайындау еді, келе-келе бұл мәселе де ойдағыдай шешілді. Жезқазған өңірінде негізінен «Еділбай» қойларының тұқымы жерсіндірілген. Міне, осы малдың салмағын арттырып, мол ет өндіру ісі жолға қойылды. Нұрекең басшылық еткен жылдары осы малдың басы бір миллион төрт жүз мыңға жетіп, мал басы 30 пайызға артты.
Жезқазғанның табиғаты, ауа-райы көпшілікке белгілі. Қысы аязды, жазы ыстық. Өзен, көлдер кездеседі, бірақ өңір суға тапшы. Міне, сондықтан да қуаңшылық жерлерді игеруге, жайылымдарды өңдеуге, жалпы, суландыру ісіне мән берілді. Сол уақыттары тамақ өнімдерін өндірудің мүмкіндіктері кеңінен іздестірілетін еді ғой. Жергілікті ресустарға назар аударылды.
Арқа жеріндегі қызмет Сыр өңірінде жалғасты. Қызылорда облыстың атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды, облыстық аграрлық-өнеркәсіптік комитетке төрағалық етті. Сол кезде жаңадан құрылған агроөнеркәсіп кешенін басқару біраз күш-жігерді қажет етті. Сыр маржаны – күріш өңдірумен қатар, картоп, көкөніс, бидай, сүт, ет өндіруде ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Пайдасы мол дақылдарды өсіруге мамандандырылған шаруашылықтарға Қарағанды облысынан картоптың, Жамбыл, Алматы облыстарынан бидайдың, көпжылдық шөптердің жоғары сапалы тұқымдары әкелініп, егістік жерге себілді. Облыс бойынша жылма-жыл 150-170 мың басқа дейін қой бордақыланып, етке өткізілген малдың салмағы артты. Өндірілген еттің сапасы күрт жақсарды.Сүт өндіруді молайту мақсатында фермаларда сауын малдың күтіміне, дұрыс азықтануына көңіл бөлінді.
Нұрекеңнің тәжірибесі зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қажет болды. Алғаш Қызылорда күріш ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, кейін Қазақтың егіншілік және өсімдік шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізу және насихаттау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қызылорда институтының сонау бір тоқырау жылдарында іс-тәжірибесінің молдығы әрі абырой-беделінің арқасында сол мекемені сақтап қалуға өз үлесін қосты. Қазір бұл институт алдыңғы қатардан көрініп жүр. Институттың өткен тарихы мен жеткен жетістіктерінен сыр шертетін, ғалымдардың күрделі зерттеулерінің қорытындылары, дақылдардың шығарылған сорттарының бай жәдігерлері орналасқан көрме-мұражайдың дүниеге келуінде де Нұрекеңнің еңбегі зор.
Нұртаза Ыбырайұлы шаруашылық, ел басқару ісінде, партия кеңес жұмысын ұйымдастыруда ересен тәжірибе жинақтаған айтулы азамат қана емес, ол – нағыз ғалым. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей институтта оқып жүргенде-ақ ғылыммен шұғылдануды басты міндеттердің бірі санады. Мүмкін ол есейе келе ел басқарамын, кәнігі партия қызметкеріне айналамын деп тон пішпеген шығар. Алайда, оның көкейінде ғылым айдынына құлаш сермеу, ауыл шаруашылығы ғылымында өзіндік із қалдыру мақсатының болғандығы шүбәсіз. Шаруашылық, партиялық қызметте жүріп елу шақты ғылыми материалдарды жарыққа шығарды. «Қазақстанның оңтүстік шығысы жағдайында қой өсірудің әр түрлі жүйесінің тиімділігі» деген тақырыпта диссертациялық еңбегін қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты атанды. Қойдың «Оңтүстікқазақстандық меринос» тұқымын өмірге әкелуге белсене қатысқандардың бірі. Сол үшін «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі» атағын иемденді.
Нұрекең қызмет таңдаған адам емес, қандай қызметке барса да бұл жоғарыдағы басшылардың ұйғарымымен болып жатты. Оған тоқмейілсу, жеткен жетістікті қанағат тұту жат. Қандай шаруаны да ақылға салып, ойланып, жүз толғанып барып қолға алады.
Көңілге медет болатын жәйт, төккен тер, еткен еңбек текке кетпеді. Нұртаза Ыбыраевтың елге сіңірген еңбегі уақытында мемлекет тарапынан орынды бағасын алды. Грамоталарды, медальдарды айтпағанда омырауына Еңбек Қызыл Ту орденінің үшеуін, Құрмет белгісі орденінің екеуін тақты. Кезіндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылуына депутат болып, қайраткер азамат ретінде ел-жұртына танылды. 1961 жылдан бері өткен Қазақстан Компартиясының съездеріне делегат болып қатысты. 1970 жылдан Республика Орталық партия комитетінің құрамында болды.
Ол кісінің зайыбы Ғарифа Құрманқызы аса қадірлі, парасатты, мейірімі мол жан. Көкше жерінің қызы. Ғалым, педагогика мамандығы бойынша ғылым кандидаты. Көп жылдар жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, декан, проректор бола жүріп, жастарды адамгершілікке, білімді болуға тәрбиелей білді. Бұл кісілердің отбасына келгенде өнеге-өсиеттің зертханасына енгендей боласың. Шаңырақтағы жарасымды татулыққа іштей сүйсінесің. Олардың әдебиет пен мәдениеттен, тіпті саясаттың да қыр-сырынан хабарлары мол.
Нұрекең мен Ғарифаның балалары ержетіп, өздерінің теңдерін тапқан. Бүгінде олар да үбірлі-шүбірлі отбасы. Өздерінің жеке шаңырақтары бар, үлгілі, өнегелі азаматтар. Бұл жерде «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақал дәл осы балалар үшін айтылған ба деп қаласың.
Нұртаза аға жайлы әсерлі әңгімеге нүкте қою мүмкін емес. Өмір жолы күрделі әрі қызық. Оның өмірі аз күнгі адами тіршілікті қалай құруға болатыны жайлы тәжірибеге ұқсас. Ол жастайынан ұлттық дәстүрлердің көңілге қонымды жақтарын екшеп, бойға сіңірді. Оның сөзінен де, атқарған ісінен де елді, жерді құрметтеу сезімдерін, ұлттық намыс пен абыройды биік қоятыны бірден аңғарылады. Осы қасиеттерімен де төңірегіндегілерге ардақты, аяулы.
Жүсіп Баласағұн бабамыз тағы бірде былай деген екен: «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі» . Бабамыздың осы сөзі Нұртаза Ыбырайұлының азаматтық болмысына байланысты айтылғандай. Ағамыз расында да қайырымды, сөзі мейірімді, жаны жомарт жайсаң жан. Оны қартайтпайтын, шаршатпайтын көп құпияның бірі, бәлкім бірегейі осы болса керек.
Ғалиолла МЕЙІРМАН, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.