• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

Бахрейнмен байланыс бекиді

382 рет
көрсетілді

Жақында Манама қаласында Қазақстан елшісі Қай­рат Лама Шариф Бахрейн басшылығымен бір­қатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа қа­был­дауы барысында екіжақты мәселелер талқыға салынды. Бахрейннің жоғары басшы­лы­ғы Президент Н.­Ә.На­зар­баевтың Қазақстанның үде­мелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін өз елі инвесторларының, сондай-ақ Манамада орналасқан араб және шетелдік банк­тер­дің осы шараға бірлесе қа­тысуларын жан-жақты құп­тайтындығын білдірді. Қазақстандық дипломат сондай-ақ Бахрейн Премьер-министрі Халифа бен Салман Әл Халифаға алдағы 7-9 маусымда Астанада өтетін 7-ші Дүниежүзілік ислам эко­номикалық форумына қа­ты­суға ресми шақыруды тап­сырды. Қазақстандағы «Ис­лам Давосын» өткізу мақсатында аталған шараға шақырылған лауазым иелері жөнінде мәлімет берді. Бахрейн Үкіметінің бас­шы­сы шақыруды ризашы­лық­пен қабыл алды және өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты да­мы­туды қалайтындығын жет­­кізді. Атап айтқанда, оған біз­дің елімізде Ислам банкингі жүйесін дамыту бағы­тында техникалық көмек көрсету және осы салада қа­зақстандық мамандарды дай­­­ындау жатады. Қазақстандық дипломат қаржы саласын­да­ғы ынтымақтастықтың бар­лық алғышарттарға ие екендігін және оның қазақ-бах­рейн қарым-қатынастары­ның негізі бола алатын­ды­ғын атап өтті. Бахрейн Сыртқы істер министрлігінде Қайрат Лама Шариф Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазы­ха­нов­тың алдағы 28-30 маусымда Астанада өтетін Ислам Кон­ференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу үшін Корольдік сыртқы саясат ме­кемесінің басшысы шейх Ха­лед бен Ахмед бен Мұ­хаммед Әл Халифаға жол­даған шақыруын табыс етті. Тараптар ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің күн тәртібіне енгізілген аймақ­тағы өзекті мәселелер бой­ынша пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың шарттық-құқықтық негізін нығайту жолдарын талқылады. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Бахрейн тәуелсіздігінің 40 жылдығын атап өту жылында сауда-эко­номикалық, инвестициялар­ды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ Қа­зақстан мен Бахрейн сырт­қы істер министрліктері ара­сын­дағы консультациялар бой­­ынша өзара түсіністік ме­­морандумына қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.