Әлемге әйгілі сәулет ескерткіші
Не боп барамыз өзі? Кейде өз ойыңнан өзің шошисың. Осыдан екі күн бұрын үйге кіргенім сол еді, табалдырықтан аттай бере жолдасымның: «Саграда Фамилианы естідің бе?», дегені. «Қойшы?!», деппін бірден. «Өрт шығыпты, сөндіріпті, теледидардан көрсетті». «Өз ойыңнан өзің шошисың» дегенім, шынын айтқанда, әуелде лаңкестер соборды жарып жіберген бе деп қалып едім. Осындай заман болып тұр ғой. Саграда Фамилиа – Барселонадағы атақты собор. 20 сәуір күні сол жерде собор ішінде темекі тартқан біреудің кесірінен өрт тұтанып, бас-аяғы 45 минөттің ішінде бүкіл базилика отқа ораныпты, 1700 адам тез арада сыртқа шығарылыпты. Интернет сайттары жылына 2 миллионнан астам турист келетін бірегей ғимаратқа қатты нұқсан келген деп жазып жатыр. Айтқандай, жолдасымның Барселонадағы соборға алаңдап жүргенінің жайы былай. Осыдан бес жыл бұрын Астанадағы оқушылар сарайының «Боталар» хоры Испаниядағы конкурсқа қатысып, Гран-при жүлдесін жеңіп алып қайтқан. Балалармен бірге барған бірнеше ата-ананың арасында жолдасым да болып еді. Сапардан алған әсерін іле-шала шағын мақала етіп «Казахстанская правдаға» жазғаны да бар. Сәрсенбідегі сол жайсыз оқиғаның ойға қозғау салғаны. Алдымен осыдан үш жылдай бұрынғы журналистік сапарда көргендеріміз көз алдымызға көлбеңдеп келе берді. 2008 жылдың қарашасында Испанияның Валенсия қаласында НАТО-ның Парламенттік Ассамблеясының сессиясы өткен, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев қатысып, сөз сөйлеген. Сессия жайында біз газеттің 18-19 қараша күндердегі нөмірлерінде жазғанбыз. Мемлекеттік хатшы сапарының соңғы күнінде бағдарламалық іс-шаралар онша көп еместігін, Қанат Бекмырзаұлы негізінен бейресми сипатта кездесулер өткізетінін білгеннен кейін-ақ көңіліміз Барселонаға барып қайтуға ауа берді. Осыдан тұп-тура жиырма екі жыл бұрын, 1989 жылдың ерте көктемінде Испанияға алғаш рет жолымыз түскен – сол мемлекеттегі совет мәдениеті күндеріне қатысқан Қазақ ССР делегациясының құрамында елдің сегіз қаласын аралап қайтқанбыз. Күні кеше арамыздан кеткен Қадыр Мырзалиевпен бірге жүріп, бірге тұрып, әбден әңгімелескенбіз. Сол Валенсияға барғанымызда Қадекеңнің: «Ойпырмай, Испанияда жарты ай жүріп, түбіне келіп тұрып Барселонаны көрмей қайтатынымыз ұят болды-ау. Шіркін, Дон Кихоттың Санчо Панса екеуі Барселонаға баратын жолын бір көрсек қой», дегені есімде қалыпты. Қысқасы, түн ортасында тұрып алып, Валенсия вокзалына барып, Барселона қайдасың деп тарттық та кеттік. Таң жаңа атқанда жеткен қаланы түнге дейін аралап, пойызбен түнделетіп Валенсияға оралдық. Енді, міне, сол сапарда көргендерімізді, сезгендерімізді, ойға түйгендерімізді екшеп, Испания, Барселона, Саграда Фамилиа, Антонио Гауди жөнінде қолда бар кітаптарды, альбомдарды қайта ақтарып, Интернеттен табылған материалдарды қоса оқып, әлемге әйгілі ғимарат жайында жазуға бекініп отырмыз. Әуелде қаланы тұтас қамти әңгімелесек пе деген де ой болып еді. Салқын сабырға салып қарасақ, Барселонаның тарихы, бөлекше каталондық рухы, баскілік бітімі, атақты порты, Грасия ауданы, Каталония алаңы, Монжуик қырқасы, Гуэль паркі, Педральбес монастырі, Олимпиялық деревнясы (айтқандай, ХХ ғасырдағы ең тамаша Олимпиада Барселонада өткен деп саналады), «Барселона» футбол клубының стадионы, Пикассоның, Далидің музей-үйлері, сардана биі сияқты көзден де, көңілден де кетпейтін сұлу суреттерін бір мақалада қоса қамту қиын екенін көреміз. Оны айтасыз, біз бұл жолы ұлы сәулетші Антонио Гаудидің сол Барселонадағы бірегей ғимараттарын да түгел әңгіме етпек емеспіз. Оның үстіне тас тілімен жыр жазған ұлы шебердің Висенс үйі, «Наз» үйі, Гуэль сарайы, епископ сарайы, Кальвет үйі, Гуэль паркі, Батло үйі сияқты ғажайып ғимараттарының бірін көріп, бірін көріп үлгермей қайтқанымыз да бар. Ал мына мақалада сөз болатын соборда жарты күн бойы жүріп, аяқ талғанша аралағанбыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Қала боп аталғанының өзіне екі жарым мың жылға жуықтаған Барселонаның тарихына терең бойламағанмен, біз сөз ететін ғимарат, оның сәулетшісі жайында біршама түсінік қалыптастыру үшін қаланың кейінгі ғасырлардағы шежіресін шола кеткен артықтық етпес. Испанияның жүздеген жылдар бойы христиандық және мұсылмандық мәдениеттің айқасқан алаңына айналғаны, Гарраф тауы екі діннің өзіндік бір шекарасы болғаны, діндестеріміздің Андалузияда, Кордовада сәулет өнерінің ұлы ескерткіштерін тұрғызғаны (олардың бірі – Альгамбра жөнінде жақында, 19 қаңтарда біздің газетте Сейфолла Шайынғазы жазды), арабтардың 716 жылы осы Барселонаны да басып алып, бұл жерден 801 жылы кеткені белгілі. Зерттеушілер, әсіресе, Антонио Гауди шығармашылығына «Гауди – тореадор искусства» атты тамаша кітап (М., «Эксмо-пресс», 2002) арнаған Гиз Ван Хенсберген сәулетші өнеріне мавританиялық архитектураның өзіндік ықпалын терістемейді. Әйтсе де шын ұлыларға, нағыз данышпандарға сыртқы әсердің рөлі, тегінде, онша үлкен бола бермейтінін де ескерген жөн. Каталонияға басы бүтін беріліп, туған жерін есі кете сүйген Гауди 74 жыл жасаған өмірінде атымен сыртқа шықпаған деуге де келеді, тіпті 1910 жылы өзінің Париждегі көрмесіне де қатыспаған, оның сыртқа жасаған жалғыз сапары – Марокко мен Андалузияға баруы. Гауди өрнегіне готика, неоготика, мавританиялық стиль, модерн қатар әсер етті дегеннің өзінде, бұл арналардың бәрі оның қиял қазанында қорытылып барып, ешкімге ұқсамайтын, қайран қалдырарлық конструкциялар құрағанын айтпау тағы жөнсіз. Тегінде, Гаудидің ізашары да, ізбасары да жоқ деуге болады. Тіпті оны басқа бір сәулетшілермен салыстыра сөйлеген сөз саптауын да сирек кездестіресіз арнаулы әдебиеттен. Архитектурада Гауди мектебі қалыптаспағаны рас, оның басты себебі ұлы шеберге еліктеудің өзі оңай еместігінде, бірақ сәулет өнерінде шабыт көзін жанды табиғаттың өзінен көретін жол, нақты айтқанда – кеңістіктегі геометрия құралдары арқылы сәулетшілікте төл тілін табуға тырысатындар үшін Гауди үйренерлік үздік үлгі екендігі талас тудырмайды. 1852 жылы дүниеге келген Антонио Гауди-и-Корнет – Каталонияның төл тумасы. Біз сөз еткелі отырған Саграда Фамилиа (La Sagrada Familia – Киелі Отбасы) соборына кірісерден бұрын-ақ ол кең танылған, кәсіби ортада әбден мойындалған сәулетші еді. Барселонаға барған турист атаулы бір соқпай кетпейтін керемет үйлердің бірі – Каса Висенс үйі сол кезде тұрғызылған. Киелі Отбасы құрметіне собор тұрғызу идеясы әуелде барселоналық кітап сатушы Жозеп Мария Бокабельидің ойына келеді. Киелі Отбасы храмын тұрғызу сол кездегі Каталонияның әлеуметтік, саяси, мәдени болмысынан туындаған рухани сұраныс еді. Каталон қауымы әлемдегі өзгерістерді зер сала қадағалай жүріп, өздерінің халықтық бірегейлігін қалпына келтіру қадамдарына кірісіп жатқан кез болатын. Осындай тұста халық үшін салынып, халықтың өзі салған собор құрылысы басталған. Киелі Отбасы соборы әуелден жұртшылықтың садақа ақшасына тұрғызылған, әлі күнге дейінгі жұмысының бәрі садақаның арқасында атқарылып келеді. Сонымен, собор идеясының иесі бір күні түс көреді. Түсінде болашақ храмды тұрғызу көкпеңбек көзді, бойы орташадан аласа жігітке тапсырылған екен. Ертеңінде қала құрылысы мәселелерімен айналысатын кеңсеге барса, алдынан дәл түнде түсінде көрген адам шыға келеді. Ол – 31 жастағы архитектор Антонио Гауди болатын. Саграда Фамилиа – Гауди өнерінің шыңы. Бұлай деп айту да аздық етеді. Саграда Фамилиа – Гауди өмірінің бар мәні. Гете «Фаусты» қалай жазса, Гауди де өз соборын солай тұрғызған дей аламыз. Осынау ұлы туындысына ол өмірінің қырық жылдан астам уақытын арнаған, соның ішінде кейінгі 12 жылда (1914-1926) басқа тапсырыс, ұсыныс атаулының бәрін жиып қойып жұмыс істеген, тіпті кейінгі кезде салынып жатқан ғимараттың ішіне көшіп кіріп алыпты. Гауди – отбасын құрмай, перзентсіз өткен, өзгелерге арнап қанша үй салса да өзіне жеке баспана бұйырмаған адам. Бұдан Гауди кедейлікпен өткен кісі деген ұғым тумайды. Ол өзінің жер бетіндегі мессиясын басқаша ұғынған. Саграда Фамилиа құрылысы бітпей қалғаны белгілі. Өзінің көзі тірісінде бітпейтінін Гаудидің өзі де білген екен. «Бұл ғимараттың Қожайыны асықпайды», деген сөзді айтқанда Гауди Жаратқанның тапсырмасын орындап, аманатын ақтап жүргенін аңғартқаны анық. Біз жоғарыда атап өткен «Гауди – тореадор искусства» кітабында Гауди жөнінде тіпті «работает в диалоге с Богом...» (387-бет) деген сөз де бар. Осы арада мына жайды да ескерте кетуге болар еді. Гауди – бүкіл Испанияны білмедік, Барселона үшін ең қасиетті тұлға. Барымыз да, нарымыз да Гауди, деп сөйлейді каталондықтар. 1998 жылдан бері ұлы испан архитекторын әулиелер қатарына (лик святых) қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Содан бері шешілмейтін ол не қылған мәселе деп қалмаңыз. Тәртіп солай. Адамды әулие кісі деп тану Батыс әлемінде ондаған жылдар бойы қарала береді. Асығатын ештеңе жоқ. Кетер адам кетті. Енді күмәнді шешім қабылдап қоюға болмайды. Әулие атануға қаралатын адамның өмірі сол ондаған жылдар бойы егжей-тегжейлі тексеріле береді, тексеріле береді, барлық деректер жиналады, барлық деректер тексеріледі. Бір жерде болмаса бір жерде пендеге тән кемшілікке жол берген болса ол адам әулие атана алмайды. Бұрынғысындай құрметтеле беруі мүмкін. Католик дінін ұстанатындар үшін биіктік – бөлекше категория. 69 метрлік Нотр-Дам, 110 метрлік Қасиетті Павел соборы, 137 метрлік Қасиетті Петр базиликасы, 157 метрлік Кельн соборы сияқты ғимараттар Жаратқанға жақындаудың жолын іздеуден тұрғызылған. Гауди жобасы бойынша Киелі Отбасы соборы алып ауқымымен де (ұзындығы – 94 метр, ені – 60 метр), асқақ тұрқымен де (биіктігі – 170 метр) бір көрген жанға Құдай құдіретін сезіндіріп тұруға тиіс еді. Ғимараттың қаланың кез келген жерінен көрінуін былай қойғанда, теңіз айдынында жүзіп келе жатқан кемелерге бейне бір шамшырақ сияқты әсер етуі де ойластырылған болатын. Дегенмен, Гауди тұрғызған храмды идеал, яғни мұрат тұтарлық, аңсарға айналдырарлық храм санатқызатын қымбат қасиет оның ауқымы да, биіктігі де емес. Антонио Гауди храм ансамблінің ең басты мақсатқа – литургия рәсімдерін өткізуге мінсіз қызмет етуін алдымен қамдаған. Бұл үшін ол өзі ойлап тапқан ең жаңа архитектуралық және көркемдік шешімдердің діни ғибадат тәжірибесімен үйлесімді шығуына қатты күш салған. Киелі Отбасы соборының сәулет өнерінің жауһар туындысы ретінде талассыз танылатынын айтудың өзі артық. Мәскеудің «Вече» баспасы шығарған «100 великих чудес света» кітабынан да Саграда Фамилиаға арналған бірнеше бетті табасыз. «Самые красивые и знаменитые храмы, монастыри» кітабы (М., «Аванта», 2005) бұл ғимаратты «самое значительное и невероятное сооружение ХХ века» деп бағалайды. Мұның сыры, біздіңше, Гауди ғимаратының өнер туындысы ауқымынан асып, өмірдің өзіне айналған өзгеше қасиетінде. Гауди соборды Жаңа Өсиеттің архитектуралық баяны, тастағы уағыз ретінде өріп шыққан. Көптеген кітаптарда Гауди туындысының мистикалық сипаты атап айтылады. Шынында да, Барселона соборы қолдан тұрғызылмағандай, осы күйінде жерді жарып, әлде бір жанартаулық сілкіністен атылған күйінде тас болып қатып қалғандай әсер етеді. Ондай ойға Саграда Фамилианың құмырсқаның илеуіндей немесе баланың теңіз жағасында ойнап жүріп, дымқыл құмды суын сорғалатып үйе салғанындай көрінетін сырт суреті де бейімдей береді. Саграда Фамилиа жаңа бой көтере бастағанда қала жұрты: «Ойбай, мынау не пәле?! Осындай шіркеу бола ма екен? Құмырсқаның илеуі ме, тас сүңгі ме, немене?» деп шуласып кеткен екен. Бүкіл собор архитектор Антонио Гаудидің өзін кәдімгі кейінгі кездің Нұқ пайғамбарындай көзге елестетеді. Нұқ пайғамбар топан судан құтқаратын кемеге кеудесінде жаны бар жануар, аң-құс пен жәндіктердің бәрін жұп-жұбымен мінгізді делінсе, Гауди соборында жан-жануарға қоса өсімдіктің түрлері де орын тапқан. Саграда Фамилианың қасбетіндегі (фасад) тасқа өріліп жіберілген мақұлық пен өсімдіктің арасында не жоқ дейсіз. Жыланыңыз да, кесірткеңіз де, итіңіз де, қарлығашыңыз да, тасбақаңыз да, құрбақаңыз да, ұлуыңыз да, тауығыңыз да, қойыңыз да, бәрі тасқа жабысып алып, өріп жүр, тастан пыр етіп ұшқалы тұр, бақбақ, қамыс, қырыққұлақ, раушан, зәйтүн, анар, ошаған, жүгері, бидай, жүзім, алма дейсіз бе, бәрі өсіп, бәрі пісіп тұр. Собор мұнараларының бидай сабағы күйінде жасалғанының әсері сондай, жаңбыр жақсылап жауып берсе, Саграда Фамилиа көктеп, өсіп-өніп, биіктеп кететіндей әсер қалдырады. Гаудидің мен шеберханамның жанында өсіп тұрған ағаштан үйренемін деген сөзі бар екен. Сәулетші храм күмбездерін кәдімгі пальма жапырақтарына айналдырып жіберген. Рождество қасбетінің бірнеше діңмаңдайшасы (портик) бар. Біз Барселонадан ала қайтқан бейнедискіден қайталай көргенімізде Үміт, Сенім, Мейірім діңмаңдайшаларындағы мүсіндік композициялардың әсері ерекше екеніне тағы көзіміз жете түсті. Осының бәрі адам қолымен жасалған, бір оқыс қимыл жасасаңыз қайтадан қалпына келмейтін материалға – тасқа қашалған дегенге сену қиын. Гаудидің тапсырысымен жасалған скульптуралық бейнелердің психологиялық нанымдылығы қайран қалдырады. Олардың бәрі де натурадан көшірілген. Ирод патшаның әмірімен өлтірілген нәрестелердің азабын дәл бейнелеу үшін Гауди ауруханада жаңа ғана жан тапсырған сәбилердің бет жүзінен гипс маскалар жасауға дейін барған екен. Әрине, Гауди жауһарының ең кереметі – Рождество қасбеті. Ондағы Үміт, Сенім, Мейірім бетше босағаларының (порталдар) әрқайсысында Христос өмірінің аса маңызды сәттері бейнеленген. Мұндағы кез келген деталь Христос ұлылығын дәріптеуге қызмет етіп тұр. Мына криптограммаға бір сәт көз салыңызшы. 1 14 14 4 11 7 6 9 8 10 10 5 13 2 3 15 Не байқайсыз? Төрт қатарда 16 сан бар. Осы 16 сан әртүрлі қиыстырудың бәрінде де тек бір санды – 33 санын шығарады екен. Ал 33 Христостың өмір сүрген жасы екенін білесіз. Орыстар сол жасты «возраст Христа» деп сөйлейді. Собордың қай тұсына қарасаңыз да құжынаған тіршілік, қайнаған өмір. Солардың бәрінің ортасы, ордасы – Адам. Мария қыздың Иисусты дүниеге әкелуінен бастап, Иисустың Ирод жаугерлерінің қолынан өлмеуі үшін Киелі Отбасының Египетке қашуы сияқты дін тарихынан аздап та болса хабардар әрбір адамға әсерлі сәттердің талайы тасқа көшіп тұр. Төменгі деңгейде орналасқан әр сцена өнердің өзгеше үлгісі. Құпиялы кешкі кеңес (Христос «Сендердің араларыңдағы біреу мені сатып кетеді» деген сөзді сол жерде айтқан), апостол Петрдің Христосты ұстап алуға кедергі келтіруге тырысуы, Иуданың Христосты сүюі (ол осы әрекетімен кімді тұтқындау керектігін көрсеткен), Пилат соты сияқты мүсіндік композициялар бөлек-бөлек тұрса да дара туынды бола алар еді. Осының бәрі тұлға мен тобыр туралы талай-талай ойға қалдырады. Саграда Фамилианың жарықтандырылуы, соған байланысты шешімдер – Гауди ұлылығының даусыз айғағы. Сәулетші собордың жарығын көркемдік әсерді күшейту және храмның мистикалық рухын бадырайтып көрсету үшін керемет пайдаланған. Төбедегі астаукеңістіктерден (неф), бұрыш-бұрыштағы қуыстардан түскен жарықтан қашып бара жатқан, ұшып бара жатқан жәндіктер мен құстарды көргенде төбе құйқамыз шымырлап кетті! Кей тұста қабырғаға жабысып, өріліп тұрған жылан опырылып түсіп, мойныңызға оратылатындай күй кешесіз. Кей тұста тасқа өрілген жүзімді жұлып алып, ауызға салғыңыз келгендей. Ғажап әсер. Тасқа тіл бітіру деген осындай болмағанда қандай болсын енді. Әрине, біз Саграда Фамилиа соборының сұлулығын дәл сол діннің адамдарындай сезіне алмаспыз. Храм мұнараларындағы Матвей, Марк, Лука, Иоанн деген інжілшілердің, Кіші Иаков, Варфоломей, Фома, Филипп, Андрей, Петр, Павел, Үлкен Иаков, Матфий, Иуда, Симон, Варнава деген апостолдардың орналасу ретін білмеуіміз, содан танымай жүруіміз де заңды. Әйтсе де, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай өсиетіне ден қойсақ, христиан дініндегі архитектураның, скульптураның алар орны бөлекше екенін, адамның дінге келуі, дінге сенуі, дінге енуі бәрінен бұрын сұлулық жолымен болғаны жөндігін айқын ұғынамыз. Қадыр ағамен әңгіме басында айтқан сапар кезінде Испанияның бұрынғы астанасы Толедоға барғанымыз еске түсіп отыр. Бір храмнан шыққан бетте Қадекең: «Адамдар Құдайға табынған дейміз, шын мәнінде Сұлулыққа табынған ғой», деп қалды. Бұл 1989 жыл болатын. Ол сөзді сол кездегі КПСС мүшесі Қадыр Мырзалиевтің айтқаны ғой дей салу жеңіл. Мәселе шынында да діннің өзі сұлулықтың тілімен түсіндірілсе санаға сіңімдірек бола түсетінінде. Қарап отырсаңыз, дін ғимараттарының озық үлгілерінің бәрі де өнер мен ғылымға негізделген. Ғимараты – архитектура, мүсіндері – скульптура, суреттері – бейнелеу өнері, хоры – вокал, литургиясы – акустика, киім киісі – дизайн, осылай кете береді. Араб әлеміне, түрік жұртына барғанда да мешіттерден өнердің небір ғажап үлгілерін көріп сүйсінеміз. Тіпті модерндік үлгіде тұрғызылған мешіттерді де кездестіріп жүрміз. Осы тұрғыдан қарағанда біздегі жұрт жарысып салып жатқан мешіттердің де архитектурасы белгілі бір көркемдік екшеуден өтетін шығар, олардағы акустика ғылыми тұрғыдан негізделетін шығар, тіпті төселетін кілемдердің түстік үйлесіміне дейін ойластырылатын шығар деп сенгің келеді. Саграда Фамилиа соборының бітпей қалғанын әңгіменің басында айттық. 1926 жылы Антонио Гаудиді кездейсоқ трамвай қағып кетеді де, үш күннен кейін 74 жасында ауруханада көз жұмады. Гаудидің собор құрылысының жұмысына беріліп кеткені сондай, есін білмеген күйде ауруханаға түскенде оны ешкім де тани алмапты. Бар өмірін Құдай құдіретін көрсетуге арнаған ұлы сәулетші жұрттың арасына көп шығып, көзге де түсе бермеген екен. Бүгінде Лондонды Биг Бен мұнарасынсыз, Флоренцияны Санта Мария дель Фьюре соборынсыз, Парижді Эйфель мұнарасынсыз көзге елестете алмайтыныңыз сияқты, Барселонаны да Саграда Фамилиа соборынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бүкіл христиан әлемінен Құдайдың құдіретін дәл мұндайлық сезіндіретін сәулет ескерткішін табу қиын. Сіз Барселонадағы бұл кереметті көргенде таспен жазылған Тәуратты оқып шыққандай әсерде боласыз.
•
22 Сәуір, 2011
Саграда Фамилиа
580 рет
көрсетілді