Облыс әкімі Анзар Мұсаханов қызметіне кіріскен аз күнде өңірдегі ауыс-түйісті бастады. Талдықорған қаласын 12 жыл басқарып, шаһардың көрікті қалаға айналуы мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында, басқару ісінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қала әкімі Сәкен Жылқайдаров Алматы облысы әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалды.
Бұдан соң қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, депутаттар назарына Талдықорған қаласының әкімі лауазымына бұған дейін Жамбыл ауданын басқарған Махаббат Бигелдиевтің кандидатурасы ұсынылды. Депутаттар оны бірауыздан қолдап, келісім берді.
Бейсенбі күні облыс әкімі Жамбыл ауданы активінің жиынына қатысты. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар аудан әкімі қызметіне ұсынылып, бұған дейін облыстық «Қазпошта» АҚ басшысы болған Бинәлі Ысқақтың кандидатурасын қолдады. Жиналғандарға жаңа әкімді таныстырған өңір басшысы бүгінгі таңдағы мемлекеттік органдардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.