• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2011

Қазылық ханшайымы

454 рет
көрсетілді

Ол кісінің арамыздан кеткеніне де екі жыл болды. Оны Қазақстанда білетін адам көп еді. «Еліміздің сот жүйесінің ханшайымы», «Өте қатал судья», «Бірбеткей, принципшіл...» Тек қана сот, құқық саласындағы әріп­тестері емес, былайғы жұрттың көпшілігінің де ол кісі ту­ралы негізінен айтатын пікірлері осы шамалас. Осын­дай зор беделге ол жоғары лауазымды қызметімен жеткен жоқ, өзінің қоғамдағы берік позициясымен, ақ адал еңбегімен жетті. Ал, мұндай адамдар, өкінішке орай аз. Қания Хайруллина еліміздегі сондай жандардың бірі болғанын бүгін дәлелдеп жатудың қажеті де жоқ. Турашылдығы үшін кей жағдайларда көп адамдарға жақпай жүретінін Қания Үсенқызы өзі де білетін. Бірақ, оны қа­ра­пайым қалыптасқан жәйт ретінде қа­былдайтын. Өйткені, жастайынан-ақ өз қатар-құрбыларынан оқ бойы озық, сал­мақ­ты, айналасына зерек көзбен қа­рай­тын, ойлау жүйесі ерекше, батыл жан өзін болашақта нендей сындарлы жол тосып тұрғанын сезетін және бұл жолға біржола бел буып, тәуекел етіп келген. Қания Үсенқызының пайымдауынша тәуелсіздік деген шартты ұғым. Кез кел­ген қазының үкім шығарар тұста байлық пен барлықтың алдында бас имей, қара қылды қақ жарып төрелік жасауы оның биік болмысы мен арының тазалығына байланысты. Тәуелсіздік дегеніңіз осы. Ал дүниеге жақындау, қу нәпсінің шылауында кететін судьяның тәуелсіз болуы мүмкін емес. Ондай қазы тірнектеп жинаған беделінен бір сәтте айырылып қалғанын өзі де білмейді. Ақшаның алдында дәрменсіздік таны­тып, ар, ұятын сатып жіберетін судьяда бе­дел болмайды. Сондықтан да сот жүйе­сінің көлеңкелі жағын ғана көре­тін­дер бұл жердегі бар кілтипанның заң­мен белгіленген тәуелсіздіктің тетіктерін іске қосатын судьяның сол орынға лайықты немесе лайықсыз екендігімен өлшенетіндігін көп жағдайда ескере бермейді. Қанша жерден сот жүйесі тәуел­сіз деп ұрандатқанымызбен қоғамның ағзасы іспеттес бұл саланың да ойлан­дыратын осал тұстары аз емес. Рас, дау-дамайдың соңына соңғы нүктесін сот ғана қояды. Алайда сотқа дейінгі созы­лып жатқан процестердің тазалығына мән беріп, жүрегі сыздап жатқан пенде бар ма?! Қылмыстың ашылу көрсеткіші үшін кез келген арандату әрекетіне тай­ынбай баратын тергеу орындары мен шала-пұла зерттелген істің заңды­лы­ғы­на атүсті қарап, бүкіл жауапкершілікті сотқа қарай ысыра салатын прокуратура ор­гандарындағы кеселге айналған са­мар­қаулықтың адам тағдырына қанша­лық­ты залалын тигізетіндігін ақыл та­разысына салып салмақтайтындар өкі­нішке орай тым аз. Қания Үсенқызы өзі ғана тура би болумен қатар, өз өмірінде жалпы сот жүйесін реформалау, бұл сала­дағы тазалық үшін кү­ре­сіп өткен адам екенін құқық қорғау са­ла­сындағы жүрген­дердің бәрі біледі десек қателесе қой­маймыз. Өмір-өзен ағымында әділетсіздіктің әпербақан әмірін шым­байы­ңа батыратын, ет жақыныңнан әлде­кім­дердің кінәсінен қол үздіретін кездері аз емес-ау. Мұның соқтықпалы соқпалы тасқынмен дөңқабақ жартасқа ұрынғандай күй кештіріп, есеңгіретіп тастайтыны да рас. Осындайда әділдіктің ақ туын, мұң-мұқтажыңның тоқтамын соттан іздейсің. Ал, соттардың өзі өмір сүріп отырған ор­та­ның үдесінен шығуы елдегі заңнама­ларға тікелей байланысты. Зерделей қарасақ, заң мен сот қоғамның таразысы мен таразышысы тәрізді. Әділет салтанат құруы үшін заңда кінәрат болмауы керек те, оған арқа сүйейтін таразышының ары таза болуға тиіс. Осы екеуінің теңдігі мен сәйкестігі шын мағынасындағы әділ­билікті қалыптастыруға жеткізетін тура жол болатынын Қания Үсенқызы қай жерде де қапысыз айтып жүруші еді. Осы ұстанымның өмірге енуіне күш салды. Хайруллина Қания Үсен­қызы 1976 жылы ҚазМУ-­дің заң факультетінің (күн­дізгі бөлімінде) V курсында оқып жүрген кезінде-ақ Маңғыстау аудандық со­ты­на төраға болып сай­ланған. Мұндай мысалды Қазақстанда күндіз майшам алып іздесеңіз де тап­пайсыз! Бұл қызмет ол кезде үлкен көкең келіп отыр­ғы­за салатын лауа­зым емес еді, бү­кіл аудан халқы сайлайтын қасиетті орын болатын. Сол жас кезінен-ақ адамдарды сендіре білген, өзі адам­дарға сене білген қастерлі қасиетінен ол соңғы демі біткенше айырылған жоқ. Университетке дейін Алматы есеп-кредит тех­ни­кумын бітіріп, сол ма­мандық бойынша қызмет атқарған. Ол – 1986 жылы жел­тоқсан оқиғасын тексеру кезіндегі мемлекеттік комиссияның жұмысшы тобы құ­рамын­да болған, сол кездегі шындықтың бе­тін ашқан адам­дар­дың бірі. 1990 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысы бар судья­лар­дың тағ­дыр­ла­ры шешілгелі тұрғанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясын­да ащы шындықты тайсалмай ашып, олардан арашалап қалған судья да осы Қания Үсен­қызы болатын. Қазақстанның сот жүйе­­сіндегі күрделі әрі ірі құрылым – Алматы қалалық сотында жылына шамамен елу мыңдай іс қаралып, республи­кадағы әрбір бесінші істің осы соттың үлесіне тиюі көп нәрседен хабар берсе керек. Қара қылды қақ жарған ақиқаттың ақ жолымен жүруді ғұмырлық қағидасына айналдырған кәсіби мамандардың алғы шебінде Алматы қалалық соты қадағалау алқасының судья­сы Қания Хайруллина да ұзақ жылдар жүргенін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Республика судьялары арасында «Ең үздік судья» деп танылып, кеудесіне «Үш би» құрметті белгісін таққан Қания Үсен­қызының еңбек жолы – өнеге, тәлім-тәр­бие жолы. Тағдыры таразыға түскен жан­дар­ға өзі кескен үкімнің бірде-біреуінің заңнан ауытқымауына ол барынша күш салды. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрайымы болған Қания Хайруллина екі жүз судья қатысатын қалалық алқа мәжілістерінде де ешкімнің көңіліне қарап немесе әлдебіреу мені аяғымнан шалады-ау деп бұғып отырмайтын, өз көзқарасын ашық, бетке айтатын. Қанияның заң саласындағы қадамы Маң­ғыстау аудандық сотының төрайы­мы қызметінен басталып, Шевченко қалалық сотының судьясы, Торғай об­лыстық соты төрағасының орынбасары сияқты лауа­зым­ды жұмыстармен жал­ғасты. Қания Үсенқызы Алматы қа­лалық сотындағы тәжірибелі судья­лар­дың бірі болды. Тураған еттей болып қас қағым сәтте зуылдап өте шыққан, бірақ қайтып орал­майтын сол саналы ғұмыр қызықшы­лығы мен қиыншылығын ішке бүгіп, қазір қыр астында бүк түсіп жатыр. Алмасқан ұрпақ пен озған уақыт тір­шіліктің ағысын мүлдем басқа бағытқа бұрғанымен Қания Хайруллинаның бой­ындағы туа бітті қалыптасқан темірдей мі­незді сол күйінде өзгеріссіз қал­дырып қойды. Көптеген әріптестері отбасы, ошақ қасында жүрегі кең ана болғаны­мен сол дархан мінездің қызмет пен талапқа келгенде сесін шашып, өзгеріп шыға келетініне таң қалысатын. Қалай десеңіз де құдайын ұмытпай, кешкілік дастарқанына түсетін бір үзім нанын адалдап жеп, тыныш ұйықтау Қания Хай­руллинаның тіршіліктегі басты ұста­нымы болды. Кез келген осал сана қу дүние деген қызылкөз пәленің арбауына түсіп қалып отырған мынандай алмағай­ып заманда біреудің ала жібін аттамай, түзу жүріп-қайту екінің бірі батып бара беретін қасиет емес. Өкініштісі сол, қатал тағдыр қанша жерден қақпақыл ойна­тып, сақ-сақ күлсе де жарандары мен ет жақындарының арасында езуінен күлкі кетпейтін, ал қызмет барысында діні емен­дей қатты Қания осы берік ұстаны­мы­мен өмірден өтті. Бірақ, оның жар­қын бейнесі біздің есімізде ұзақ сақ­та­ла­ды. Бұл танымал тұлғаның болмыс-бітімін бұрынғыдан да биіктете түсетіні сөзсіз. Заңғар НҰРЛАНҰЛЫ.