• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2011

Жас мамандар көтерме ақыларын ала алмай жүр

630 рет
көрсетілді

Президент шақыруымен Балқаш ауда­нына жұмыс істеуге келген жас маман­дардың өздеріне берілуге тиесілі көтерме жәрдемақы – 105 мың теңгелерін ала алмай жүргеніне биыл екінші жыл. Ағ­ым­дағы жыл басында аудандық мәслихат жа­нынан құрылған тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында осы мәселе қарал­ған болатын. Онда аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімі мемлекеттік мекемесінің бастығы Н.Рақышевтың есебі тыңдалған еді. Осы отырыста аудандық мәслихат депутаттары ауданға келген жас мамандарға тиесілі көтермеақыларын созбай, қысқа мерзімде беріп жіберу туралы ұсыныс жасаған-ды. Олай етулеріне, ең бірінші, халық қалау­лыларының өз сайлаушыларымен кездескенде жас мамандардың айтқан өтініштері түрткі болды. Екіншіден, аудандық мәсли­хат 2010 жылдың 27 желтоқсанында № 41- 192 санды шешімімен «Балқаш ауданының 2011- 2013 жылдарға арналған бюджетін бекіткен-ді. Осы бекітілген бюджеттің ішінде ауданға келген жас мамандарға берілуге тиісті көтермеақы – 4436 мың теңге де бар болатын. Міне, осы ақша жергілікті бюджетте қаралған болса да әлі күнге дейін жас мамандарға берілмей отыр. Жақында аудандық мәслихаттың тағы бір кезектен тыс сессиясы өтті. Онда «Бал­қаш ауданының 2011-2013 жылдарға ар­нал­ған бюджетіне тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы сессияда «ауданға келген жас мамандардың не себепті көтерме ақшаларын ала алмай жүр­гендігі туралы» халық қалаулылары хабарлама жасаған аудандық экономика, бюд­жеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімі мемлекеттік мекемесінің бастығы Н.Рақы­шевтан тағы сұрады. Ол: «Облыстық эко­номика, бюджеттік жоспарлау басқармасы бізге осы мақсатқа бөлінген қаражатты жұм­сау жөнінде кесте жасап берген бола­тын. Осы кестені қатаң ұстанып отыр­мыз» – деп жауап берді. Сол кесте, міне, алдымда жатыр. Арна­йы алдырдым. Аталған мекеменің жауапты қызметкері Елдос Татубаев әкеліп берді. Осы кесте бойынша айына екі жас маман­ға ғана көтерме жәрдемақы берілуі керек екен. Жасалынған тізімнің өзінен маған бюрократтықтың типтік салқыны есіп тұрғандай сезілді. Біз неге әлі күнге дейін икемді жұмыс істей алмай келеміз? «Ұлт дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып жүгірмейтін» себебіміз не? Ауданға келген жас маман­дар­ға бюджеттегі қаралған көтерме ақша­ла­рын бірден бере салмай, облыс берген кестені қатаң ұстанып отырған аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және кә­сіпкерлік бөлімінің бастығы Н. Рақы­шев. Ол аудан әкімдігінің бөлім басшысы. Оны қызметке қабылдайтын да, қызметінен босататын да аудан әкімі. Ал, аудан әкімі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі бойынша аудандық мәслихат бекіткен бюджетті атқарады. Яғни, аудандық мәслихаттың шешімін іс жүзіне асырады. Осындай басымдықтарға қарамастан ау­дан­дық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі облыс берген кестені ұста­нып, аудандық мәслихаттың ұсынысына елең етіп отырған жоқ. Бұл қалай?.. Аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімі жасаған тізімде өткен жылдан бері көтермеақы ала алмай жүрген отыз бес жас маман кезекте тұр. Жоғарыда айтқандай, аудандық мәс­ли­хат бекіткен жергілікті бюджетте қарал­ған 4436 мың теңге 27 жас маманға ғана жетеді. Сонда тізімге өткен жылы алынған 8 жас маман көтерме жәрдемақыларын ала алмайды. Себебі, 2011 жылға қаралған қаражат жетпейді. Оның сыртында ауданға биыл және он бір жас маман келіпті. Ал халық қалаулылары ауданға келген жас мамандардың жүйкесін жұқартпай, жергілікті бюджетте тұрған, өздері бекіткен 4436 мың теңгені игеріп, жетпей қал­ғандарына жоғары жақтан және қосымша қаражат сұралса деп ойлайды. Жас мамандардың барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевқа сенеді. Сенгеннен кейін де олар алдағы он жылда Қазақстанды Ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарса деген үмітпен, жақында өткен сайлауда ықыласпен, қуана қолдау көр­сетті, Үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді жүргізді. Осындай жас мамандардың бел­сен­ділігінің арқасында Президент сайлау­ын­да аудан халқының 98,8 пайызы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді. Олардың бойларында жастық жалын, Ұлт Көшбасшысына деген зор сенім атойлап тұр. Кейбіреулері студент кездерінде киіп жүрген киімдерін толық айырбастап та үлгермеген. Соған қарамастан ішкі жан дүниелері ғажап! Рухтары күшті. Туған жерлерін түлетуге деген құлшыныстары да сүй­сіндіреді. Ауылға аса қажет осындай жа­­лын­ды жастарға, Президентіміз айтқан­дай, қолымыздан келген көмегімізді аямай, қолтықтарынан демеп, бағыт-бағдар беріп отырсақ болашағымыз да соғұрлым жар­қын, тәуелсіздігіміз баянды болар еді... Марат ҚАШҚЫНБАЕВ, Балқаш ауданы мәслихаты аппаратының жетекшісі. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас селосы.