ЖАЗУШЫНЫҢ ТАҢДАМАЛЫ ЕРТЕГІ-ХИКАЯТТАРЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Жуырда елде тұратын ертегіші-жазушы Таупық Рымжановтың «Ертегі – хикаяттар» деген атпен екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді. Оның әрқайсысына екі хикаяттан төрт шығармасы жарияланған. Бұлардың алғашқысы осыдан ширек ғасырдан астам бұрын «Жалын» баспасынан жарық көрген болатын. Солардың ішінен «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» атты ертегі-хикаясы бұған дейін үш рет жарық көрген болатын. Соның үшіншісінде 2003 жылы республика Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жазушы» баспасынан шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің қазынасы» атты сериялық жиырма томдыққа енген-ді.
Ертегіші-жазушының шығармашылығы туралы кезінде белгілі сыншы-ғалымдар Мырзабек Дүйсенов, Тұрсын Сыдықов, Бекен Ыбырайым арнайы сөз қозғаса, бұл жолғы қос томдықтың алғысөзін филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ерденбеков жазған екен. Ол елде тұратын ертегіші жазушының көп жылдық еңбегі туралы кеңінен талдап жазыпты. Балалар әдебиеті саласындағы халықаралық «Дарабоз» конкурсының екі рет қатарынан жеңімпазы атанған жазушы еңбегі оған әбден лайық деп білеміз.
Шындығында мамандығы жөнінен физик-математик мұғалімнің, оның үстіне соңғы ондаған жылдардан бері негізінен орыс тілді Бородулиха өңірінде тұратын Тәукеңнің туған әдебиетіміздің ертегі сынды жанрымен шұғылданып келе жатқаны үлкен ерлік. Соны ескерген Бородулиха аудандық әкімдігі аталған қос томдыққа демеушілік жасапты. «Міне, соңғы екі жылдан бері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерге тағзым» және «Туған жер – алтын бесігім» деген атпен екі бірдей акция тұрақты түрде өтіп келеді. Соған орай жыл басынан бері жерлес жазушымыздың төрт томдық шығармалар жинағының екі томын шығарып үлгердік. Бұйыртса қалған екі томы да жарық көретін болады» дейді аудан әкімі Талап Қасымов. Бұл енді құптауға тұрарлық қамқорлық деп білеміз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.