Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Эстонияға мемлекеттік сапары екі жаққа да тиімділік әкелетін болады
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина астанасы Киев қаласынан Эстонияға екі күндік мемлекеттік сапармен келді. Бұл Қазақстан басшысының кезектен тыс президенттік сайлауда қайта сайланғаннан кейін Мемлекет басшысы ретінде шетелге тұңғыш сапары еді.
Қазақстан Президентін Кадриорг сарайында Эстония Президенті Тоомас Ильвес жұбайымен қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімі сарайдың алдындағы шағын алаңда атқарылды. Одан кейін Н.Назарбаев Эстония Президентінің бастауымен сарайға еніп, тарихи ғимараттың Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырған соң, келіссөз болатын залға өтті. Осы жерде мемлекет басшылары мемлекеттік наградалармен және сыйкәделермен алмасты. Қазақстан Президентіне Эстония Республикасының шетелдік мемлекет басшыларына берілетін «Мария жерінің кресі» ордені табыс етілді. Содан кейін президенттер шағын құрамдағы келіссөзге отырды.
Эстония астанасы көктем шуағына бөленіп, жайнап тұрған жоқ, керісінше, күн бұлыңғыр, ауа райы біршама салқын болды. Осының өзі, тіпті, Еуропа ауқымымен алғанда да шағын мемлекет саналатын, бірақ ештеңеге елігіп-желігіп кетпейтін, барынша салқынқанды, өз ісіне мығым кішкентай халықтың үлкен сырын паш етіп тұрғандай. Эстония Еуропа құрлығының солтүстік-шығысында, Балтық теңізіндегі Фин шығанағының жағасында орналасқан. Халқының саны 1,3 млн. адам, жер көлемі 47,5 мың шаршы шақырым. Халқының этностық құрамын айтар болсақ, 69 пайызы эстондар, 21,6 пайызы орыстар, 2,1 пайызы украиндар және басқалар. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Эстонияда ақша бірлігі ретінде еуро енгізілді. 2004 жылдан бастап Таллинн Еуроодақтың және НАТО-ның толыққанды мүшесі қатарына өтті. Ал 2010 жылдың аяғында Эстония Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) толыққұқылы мүшесі болды. Бұл ұйымға ену үшін Эстония 14 жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізген еді. Сөйтіп, халық арасында «бай елдердің клубы» делінетін ұйымға өткені Эстонияның экономикалық саясатының дұрыс жолмен жүргізіліп келе жатқанын көрсетті және оның халықаралық аренада беделін өсірді. Бұл Эстонияның инвестициялық тартымдылығын да арттырып, оған деген сенімді еселей түсті. Швейцарияның халықаралық бизнес мектебінің бәсекелестікке қабілеттілік рейтингі бойынша Эстония былтыр бұрынғы 35-ші орыннан 33-ші орынға көтерілді. Ал «Heritage» қорының экономикалық еркіндік индексі бойынша 179 мемлекеттің арасынан 16-шы орын алды. Бұл – кеше ғана әкімшіл-әміршіл жүйемен жүргізілген экономикамен отырған ел үшін өте үлкен жетістік.
Елдің жан басына шаққандағы ІЖӨ-і 2010 жылы 14 000 АҚШ долларын құрады. Дағдарысқа қарсы жасалған шаралар да нәтижелі болып, экономиканың былтырғы жылғы өсімі 3,1 пайыз құрады, ал 2011 жылғы өсім 4,4 пайыз болады деп болжануда. Еуроодақ сарапшыларының болжамы бойынша, Таллиннің дағдарысты табысты еңсеруінің сыры «эстонның өндіріске негізделген икемді әрі өміршең экономикасында» болып отыр. Енді дағдарысты еңсеру жолындағы кейбір шараларын айта кетер болсақ, үкіметтің бюджетті оңтайландыру бойынша жасаған істері өзінің игілікті нәтижесін берді. Әрине, таяқтың екі ұшы болғаны сияқты, бюджетті оңтайландырудың нәтижесінде Эстония 27 Еуроодақ елдерінің арасында әлеуметтік салаға ең аз қаражат бөлетін ел болып отыр. Соның кесірінен жұмыссыздық та өсе түсуде.
Сонымен бірге, үкімет тұрып қалған тауарлар мен қызметтерді сыртқа өткізу үшін экспортерлерді қолдайтын арнайы бағдарлама қабылдады. Осы бағдарламаны толық орындау үшін бюджеттен үстіміздегі жылы да 86 млн. еуро бөлінгелі отыр. Осы аймақтағы кейбір елдердің экономикалары ішкі рыноктағы өз сұраныстарын толығымен қанағаттандыра алмайды. Әсіресе, посткеңестік республикалар экономикасында осындай үрдіс орын алуда. Ал Эстонияда, керісінше, экономиканың ұсыныстарына әлсіздігі себепті ішкі сұраныс сәйкес келе алмай, экономиканың дами түсуіне қолбайлау болуда. Осыны ескере келе, Эстония үкіметі былтыр сыртқы рынокқа акциялар сатуды арттыру арқылы сыртқы сұраныс көлемін өсіруге қол жеткізді. Бұл да экономиканы жандандырудағы тиімді шараларының бірі болды. Еуроодақ сарапшыларының пайымынша, Эстонияда дағдарысқа қарсы жүргізілген реформалар мен шаралар Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі ең үздігі. Эстония ІТ-технология саласында да үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
Сыртқы саясатында Эстония АҚШ-пен тығыз ынтымақтасуға басымдық береді. Әсіресе, энергетика, кибернетикалық қауіпсіздік және дағдарысты еңсеру бағыттарында ол Ақ үймен тығыз ынтымақтасқан. Таллинн өзінің Вашингтонмен жақындығын қауіпсіздігінің кепілі деп бағалайтынын талай жерде жариялаған. Ал аймақтағы елдер арасында Эстония Финляндиямен саяси да, экономикалық та ынтымақтастық белсенділігін арттыра түсуде. Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасынан дәстүрлі түрде жақыны болып табылатын Латвия мен Литвадан басқа Польшамен арадағы қарым-қатынасты тереңдетуге ынталы. Сондай-ақ Чехия, Словакия, Венгрия, Хорватия және Болгариямен арадағы ынтымақтастығын дамытуда. Ресей Федерациясымен арадағы қарым-қатынас прагматизм мен экономикалық мүдделілікке негізделген. Дегенмен, 2010 жылы екі ел арасы жақындай түсті деп айту қиын.
Соңғы кездері Эстония ынтымақтастықтың азиялық векторын жандандыруда. Соның дәлелі ретінде алдымен Қытаймен байланысын айтуға болады. Аспанасты елі де өзінің Нинбо және Эстонияның Таллинн порттарының арасындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді және Эстонияда логистика орталығын ашсақ дейді.
Эстонияның Азиядағы экономикалық ынтымақтастығын тереңдетіп, саяси үнқатысуын арттырғысы келетін елі Қазақстан болып отыр. Осы мақсаттармен Астанаға 2008 жылы Сыртқы істер министрі У.Паэт, 2010 жылы Премьер-министр А.Ансип ресми сапармен келген еді. Енді Эстония Президентінің шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен барып отыр. Бұл сапарға эстон жағы үлкен мән беруде. Президент келмес бұрын Эстонияның жетекші БАҚ-тарында Қазақстан туралы, оның экономикасы мен саяси ұстанымы жайлы кеңінен сараптамалық мақалалар берілген. Олардың әділетті көзқараспен жазылғаны да көрініп тұр. Таллинн көшелеріне жиі қатармен ілінген Қазақстан мен Эстонияның ұлттық жалаулары мен басқа жарнамалар да елдің Қазақстан басшысының сапарына зор маңыз бергенін айғақтайды.
2010 жылдың қорытындысы бойынша екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 74,5 млн. доллар ғана болды. Эстон капиталының қатысуымен Қазақстанда 26 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейді. Ұлттық Банктің мәліметіне қарағанда, 2001-2010 жылдары Эстониядан Қазақстанға келген тікелей инвестиция көлемі 16,6 млн. доллар болыпты. 2011 жылғы ақпан айында «Халықаралық Ақтау теңіз порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Эстонияның «Таллинн порты» мемлекеттік мекемелерінің арасында теңіз тасымалын дамытуды мақсат еткен өзара ынтымақтастықты арттыру туралы келісімге қол қойылған.
Шағын құрамдағы кездесу аяқталған соң келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Оның қорытындысы бойынша үш құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Эстония Республикасының Президенті Т.Ильвес Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда тараптар халықаралық ұйымдар мен қабылданған құжаттар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдете түсуді, халықаралық терроризм мен экстремизм және басқа да адам құқықтары мен бостандықтарына, денсаулығына, өміріне зиян келтіретін қылмыс түрлеріне, жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы күресте халықаралық күш-жігерді біріктіруді, өзара ынтымақтастық арқылы барлық деңгейдегі үнқатысуларды көтермелеп, сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайтуды және тағы басқа қадамдарды жақтайды делінген. Одан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов пен Эстония Экономика және коммуникация министрі Ю.Партс Қазақстан мен Эстония арасындағы инвестицияны қорғау және қолдау, ал Қазақстан Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев пен Эстония Ұлттық мұрағатының мемлекеттік архивариусы П.Пирско мұрағат істері саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Бұлардан басқа Қазақстанның «Атамекен одағы» ҰЭП басқармасының төрағасы А.Перуашев пен Эстония Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Т.Луман екі мекеме арасындағы, ал ШҚО әкімінің орынбасары Е.Көшербаев пен Эстонияның «Eesti Energia AS» компаниясы әкімдік пен компания арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Соңғы екі коммерциялық құжаттың қол қойылуына президенттер қатысқан жоқ.
Қол қою рәсімі аяқталған соң мемлекет басшылары БАҚ өкілдерімен шағын брифинг өткізді. Оны ашқан Эстония Президенті Т.Ильвес алдымен Ливанда кепілдікте ұсталынып отырған жеті эстон азаматының тағдырына тоқталып өтті. Екіжақты келіссөздердің қорытындысы туралы айтқанда, өз елінің Қазақстанның әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында көтеріп жүрген бастамаларының бәрін қолдайтынын және жоғары бағалайтынын жеткізді. Ал экономикалық ынтымақтастық мәселесінде Эстония Қазақстанның Еуроодақпен байланыстарына қолдау көрсететінін білдірді. Қазақстан Эстонияның порттарын пайдалануға мүдделі, біз екі жаққа да тиімді шартпен бұл ұмтылысты жақтаймыз. Сонымен бірге, біз электронды үкімет саласында да ынтымақтастықты тереңдету қажеттігіне тоқталдық, деді ол. Сондай-ақ көлік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтар туралы да айтып өтті.
Өзінің сөзінде Қазақстан Президенті Эстония тарапының шақыруын қабыл алып, екіжақты ынтымақтасты тереңдету қажеттілігін ескере отырып, үлкен делегациямен келіп отырғанын мәлімдеді. Келіссөздер қорытындысына өзінің риза екендігін жеткізе келіп, Н.Назарбаев Эстонияға Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде, Еуроодақпен байланыс орнатуда қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Әрине, деді ол, бізге қуат көздерін, ауыл шаруашылығы, металл, т.б. өнімдерді тасымалдау үшін Эстонияның порттары қажет. Бұл өнімдер жаңа рыноктарға шығу арқылы бәсекелестік тудырып, бағаның төмендеуіне әсер етер еді. Одан әрі Елбасы Қазақстандағы индустриялық-инновациялық бағдарламаға қатысуға эстондық іскер топтарды шақыратынын атап өтті. Ал Эстонияның Астанада елшілік ашу туралы шешімін құптаймыз. Бізге бір-бірімізді жақсы білу үшін жиі кездесіп отыруымыз керек. Сондықтан да мен Президент Т.Ильвесті біздің елге ресми сапармен келуге шақырдым, деді Н.Назарбаев сөзінің соңында.
Қазақстан басшысы түстен кейін бірнеше кездесулерге қатысты. Алдымен 1792 жылы граф Стенбокқа салынған ғимаратта орналасқан Эстония Үкіметінде болып, Премьер-министр А.Ансиппен кездесіп, келіссөз жүргізді. Кездесу кезінде Премьер-министр Н.Назарбаевты президенттік сайлаудағы тамаша жеңісімен құттықтады. Одан әрі ІТ-технология, электронды үкімет саласындағы Эстонияның қол жеткізген табыстары туралы айтты. Біз осы сала бойынша сіздердің мамандарыңызды шақырып, тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелері талқыланды.
Үкімет үйінен шыққан соң Президенттің кортежі Эстония Республикасының Парламентіне келді. Мұнда Н.Назарбаев Парламент спикері Э.Эргма ханыммен кездесіп, екіжақты байланыстарды, соның ішінде парламенттік ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Осыдан кейін Н.Назарбаев Азаттық алаңындағы Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұл ескерткіш 2009 жылы Эстонияның ұлттық мерекесі күні ашылған екен.
Осы күні кешке Эстония Республикасының Президенті Т.Ильвес пен оның жұбайының атынан Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құрметіне мемлекеттік қабылдау болды.
* * *
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Эстония Республикасына мемлекеттік сапары одан әрі жалғасты. Қазақстан басшысы алдымен Эстонияның экс-президенті Арнольд Рюйтельмен кездесті.
А.Рюйтель – Эстонияның тәуелсіздік алуына көп еңбек сіңірген қайраткер. КСРО тарардың алдында Эстон КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған ол орталық биліктен өз республикасының мүддесін жан аямай қорғағандардың бірі болды. Халық арасындағы зор беделінің арқасында төрағалықтан кеткен соң сегіз жылдан кейін билікке қайта оралып, 2001 жылы 73 жасында республика Президенті болып сайланды. Бұл қызметті 2006 жылы мерзімі аяқталғанша абыроймен атқарып шыққан соң саяси аренадан кетсе де елдегі барынша ықпалды қайраткерлердің бірі болып қалып отыр. Президент Н.Назарбаев онымен Қазақстан мен Эстония қарым-қатынастарының көптеген перспективалары туралы пікір алмасты.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің кортежі Таллинн ратушасына бет алды. Бұл – кәрі тарихқа 1322 жылдан бері куә болып келе жатқан көне ғимарат, оның қазіргі келбеті 1402-1404 жылдары жөнделгеннен бері сақталған. Бүгінгі күндері оның алдындағы шағын алаңда ежелгі дәстүрлер бойынша рыцарьлар сайысы, «тотықұс ату жарысы» сияқты мерекелік шаралар өткізіліп тұрады. Осы уақыттарда ратушаның маңына халық көп жиналып, ән салып, би билеп, қаланы бастарына көтеретін көрінеді.
Елбасын мұнда Таллинн қаласының мэрі Эдгар Сависаар қарсы алып, ратуша мен ескі қаланы аралатып, оның тарихын айтып берді. Жалпы, Таллинн – Еуропадағы тарихи, өте ежелгі қалалардың бірі. Оның орнына финн-угор тайпасының адамдары алғаш осыдан 3,5 мың жыл бұрын қоныстанғаны белгілі болып отыр. Таллинн Финляндияның астанасы Хельсинки қаласынан 80 шақырым жерде ғана орналасқан. Қаладағы Пирита өзені орталықтан әжептәуір алыс жерде, оның жағалауының ұзындығы 46 шақырым. Қала халқының саны 407 мың адам, соның 55,3 пайызы – эстондар, 36,3 пайызы – орыстар, 3,5 пайызы – украиндар, қалғаны басқа ұлттардың өкілдері.
Қазір қала туризм орталығы, өте көрікті, көне шаһар. 2007 жылы Таллинн Еурокомиссияның шешімімен «Еуропаның 2011 жылғы мәдени астанасы» деген құрметті атаққа ие болған. Қаланың айнадай жарқырып, барынша таза болып тұрғаны да сол атаққа лайықты болудың көрінісі секілді. Осы атақ шеңберінде биыл қалада 7 мыңға жуық мәдени шаралар өткізу көзделген екен.
Елбасы ескі қала мен ратушаны аралап көрген соң, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, одан кейін қалабасы Э.Сависаармен ресми кездесу өткізді. Онда басқа мәселелермен қатар, Астана мен Таллинн қалалары арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары сөз болды.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың кортежі Таллинн портына қарай бет алды. Президент мұнда эстондық аса ірі компания басшыларымен кездесті. Кездесудің өзі «Victoria-1» атты алып паромның ішінде өтті. Бүгінгі күні Таллиннен Швецияның астанасы Стокгольм қаласына жолаушы тасымалдайтын осынау палубалық паромға 2,5 мың адам сыяды екен. Оның биіктігі тоғыз қабатты үйдей, ал ұзындығы 193 метр, қызмет көрсететін персоналының саны – 200 адам. Паромда барлығы 740 каюта бар. Кеме 2004 жылы Финляндияның Раум атты портты қаласында жасалған. Оны «Таллинк» атты кемемен тасымал жасайтын компания сатып алған. Кеменің бүгінгі күнгі құны 100 млн. еуро екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осында келіп, кемені басқару орнында болып, капитанмен әңгімелесті. Содан кейін өзімен кездесуге жиналған бизнес өкілдеріне бет алды. Мұнда Эстонияның аса ірі компанияларының басшылары жиналған екен. Олардың қатарында «Таллиннк» компаниясы, «Таллинн порты» АҚ, «Таллинн әуежайы», «Эстония темір жолы», «Эстон әуе жолдары», «Балтық кеме жөндеу зауыты», «Еест энергия» компаниясы және т.б. өкілдері болды.
Кездесуді Эстонияның Премьер-министрі Андрус Ансип ашып, жүргізіп отырды. Өздеріне сөз кезегі тигенде компания басшылары қазақстандық фирмалармен ынтымақтасуға құлықты екендіктерін жеткізіп, нақты бағыттарға тоқталды. Соның ішінде «Таллинн портының» басшысы Қазақстаннан жүк қабылдау көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді. Қазірдің өзінде компания құрамына кіретін Мога порты қазақстандық жүктерді қабылдап жатқан көрінеді. Ол өз компаниясының зор мүмкіншіліктерін де атап өтті, соның ішінде қабылданған жүктер мұнда тез қотарылып, тасымал көліктері тез босатылады екен.
«Эстония әуе жолдарының» басшысы Эстония мен Қазақстан арасына тікелей әуе жолын ашу мүмкіндігі туралы айтты. Елбасы әрбір айтылған сөзге назар аударып, оларға өз бағасын беріп отырды. Қорыта айтқан сөзінде Н.Назарбаев Кедендік одаққа кіргені себепті қазір Қазақстан Эстониямен шартты түрде шекаралас ел екенін атап өтті. Сондықтан да біз өз жүктерімізді, сондай-ақ тауарларымыз бен қызметтерімізді Эстонияға тура әкеле аламыз, деді Қазақстан басшысы.
Кездесу жүріп жатқан кезде «Victoria-1» кемесі ашық теңізге шығып, өзінің мәртебелі қонағына Балтық теңізінде бір сағатқа жуық серуен жасатты. Портқа қайтып келген соң, Н.Назарбаев бастаған қазақстандық делегация Эстония Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын сәтті аяқтап, әуежайға бет алды.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Таллиннен.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.