Кеше Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысы болып өтті. Күн тәртібі бойынша Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин аймақтық қауіпсіздікке кері әсер ететін трансшекаралық сипаттағы лаңкестік, діни экстремизм, заңсыз көші-қон, есірткі айналымы сияқты қауіптер мен қатерлерді атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азияда Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін жүзеге асырудың маңызды аспектілері аймақ қауіпсіздігінің қауіп-қатерлеріне қарсы әрекет ету бойынша тиімді шаралар құру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту, сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы су мәселесін шешуге назарды күшейту болып отыр.
Талқылау барысында қарастырылып жатқан мәселелер бойынша Сараптамалық кеңес Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және осы ведомствоның Мекемеаралық комиссиясының жұмыстарында пайдалануға болатын нақты ұсыныстар берді.
«Егемен-ақпарат».