Іс жүзінде барлық облыстар мен аудандар мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы табиғи-климаттық жағдайларға ие. Қолдау жетерлік. Сонда да соңғы 25 жыл ішінде елдегі ірі қара мал саны 1,65 есе, қой саны 2 есе азайып, әлі бұрынғы қалпына жетпей тұр. 1990 жылғы өнімділік көрсеткіштерінде ет – 1,4 есе, сүт 12 есе төмен. Ал егіншілікте бұрынғымен салыстырғанда 2015 жылдың басына қант қызылшасы 16 есе, жемшөп дақылдары – 3,9 есе, картоп 10 пайыз аз өндірілуде. Сондықтан да, мемлекеттік органдардың міндеті – жайылымдарды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, өндірушіні адрестік және нақты қолдау.
Агрокешенді дамытудағы түпкі мақсат жаңа өңдеуші кәсіпорындардың желісін дамыту болуы тиіс. Ал мұның өзі шағын және орта бизнесті дамыту негізінде жүзеге асуы керек. Осы орайда бір ауыз пікір қосқымыз келеді. «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл болды. «Шағын», «орта» деп бірге айтатын кезден шығуымыз қажет, яғни екеуінің қолдау шараларын екі айырып қарастыру керек. Неге? Өйткені, шағын бизнес көп жағдайда орта бизнестің тасасында қалып қоюда. Шағын бизнес пен орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша 2015 жылы кәсіпорындарды қаржылай сауықтыруға бөлінген ақша 20 ірі агрофирмаға бөлініп берілгені бұрыннан бері айтылып жүр. Үкіметтің де, банктердің де қолдау десе орта бизнеске бүйрегі бұра береді. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу көлемі де жыл санап төмендеп жатыр, 2015 жылы 603,5 млрд теңге болды. Мұнда да шағын бизнес өз үлестерін ала алмауда.
Басында идея неде еді? Затын сөреге қойып сатып отырған жеке кәсіпкерді шағын бизнес өкілі деңгейіне жеткізу, шағын бизнесті орта бизнеске жеткізу, орта бизнесті ірі бизнеске өсіру емес пе?! Мақсат солай болғанымен, өмірде бұл тізбек басқаша өрбіп тұр.
Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру мәселесінің де жолы болмай-ақ қойды. Біздің елімізде қазір 85 пайыз кәсіпкерлер алыпсатарлықпен айналысады. Ауыл шаруашылығында өндіріспен айналысуға ешкімнің құлқы жоқ, себебі, онда тауар айналымы жылына бір рет қана келеді. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына сатып алып қайта сатушылармен салыстырғанда ерекше қолдау қажет. Мәселен, несие пайызын әрі кеткенде 4 пайыздан асырмау, салық алуды ай сайын емес, жылына екі рет – 15 қазанда және келесі жылдың 15 сәуірінде ғана алуды енгізу қажет. Бұдан да жақсы мысалдар Еуропаны былай қойғанда, Қытай мен Беларусьте бар.
Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі деген бар екені белгілі. Ол облыстарда да жасалады. Соның негізгі көрсеткіші – ішкі өңірлік өнім деңгейі. Бұл көрсеткіште алдыңғы 10 орынның сегізін жер асты байлықтары бар облыстар иеленген. Екеуін Алматы қаласы – 2-орын (жан басына шаққанда 16500 доллар), Қостанай облысы 10-орын (4700 доллар) иеленген. Алматы қаласы осы жетістікке сауда арқылы, Қостанай бидайдан мол өнім алу арқылы жетіп отыр.
Осының екеуін де дамытуға өзіміз жақсы білетін Оңтүстік Қазақстан облысын мысалға алсақ, облыс тұрғындарының сауда жасауға бейімдігі Алматы қаласынан қалыспайды, табыс әкеліп отырған өндіріс ошақтары да жетерлік, Қостанайда бидай мол болса, Оңтүстікте мақта мен көкөніс бар. Ал облыс рейтингте соңғы 16-орында (2700 доллар), Қостанай облысынан 1,75 есе, Алматы қаласынан 16 есе аз. Бұл бізді ойландыруға, жігерленуге, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға жетелеуі тиіс.
Тағы бір ойландырарлық мәселе. Ауыл шаруашылығына жұмсалған негізгі капиталдағы инновация көлемі бойынша соңғы орындарда Солтүстік Қазақстан облысы – 16-шы орында, Қостанай – 15-ші, Жамбыл – 14-ші, Ақмола облысы 13-ші орында, яғни облысқа енгізілген инновация көлемі төмен. Ал Алматы қаласы – 3-орын, Оңтүстік Қазақстан облысы 7-орында. Бұл соңғы көрсеткіштерді иеленіп отырған төрт облысқа сабақ болуы тиіс. Неге жалпы өңірлік өнім салыстырмалы түрде жоғары болған Солтүстік Қазақстан – 155431 млн теңге, Қостанай – 162976 млн теңге, Ақмола облысы 199021 млн теңге болып, инновация енгізуден артта қалуы тиіс?!
Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы