Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерінен, ғылым, білім, мәдениет және өнер қайраткерлерінен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, компаниялар басшыларынан, шетел азаматтарынан президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтау хаттар көптеп түсуде.
Мемлекет басшысын сайлаудағы ірі жеңісімен БҰҰ Балалар қоры атынан ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілі Ханаа Сингер шын жүректен құттықтайды. «ЮНИСЕФ Сіздің балалар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған саясатыңыздың басымдықтарын жоғары бағалайды, – деп атап өтеді Х.Сингер хатында. – Бұл балалардың мүдделері мен құқықтарын сақтаудағы әлеуметтік және экономикалық саясатты негіздеуге мүмкіндік береді. Сізді ЮНИСЕФ Қазақстанның балалар мен аналардың денсаулығын және сапалы өмір сүруін жақсартудағы, Қазақстанда балалардың құқығын қорғаудағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты нығайтуда ерекше рөл атқаратындығына сендіргім келеді».
Мемлекет басшысын сайлаудағы тамаша жеңісімен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері мен ұжымы атынан осы университеттің ректоры, РҒА-ның вице-президенті, академик Виктор Садовничий құттықтады. «Әлемде беделді орын алатын жаңа Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің қалыптасуы Сіздің атыңызбен байланысты, – деп жазады В.Садовничий хатында. – ХХ және ХХІ ғасырдың тоғысында жаңа мемлекетті құруда елдің басында Сіз тұрдыңыз. Алдағы уақытта қазақстандық және ресейлік бірлескен жобалардың дамуына, академиялық ынтымақтастықты нығайтып, ғылыми байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын есепке ала отырып, екі елдің ғалымдары осы салаларда тиімді іс-қимыл жасайтынына сенімдімін. Мәскеу университеті біздің ортақ мақсатымыз – білім мен ғылыми жетістіктерге қол жеткізу ісіне өзінің үлесін қосуға әрқашан да дайын екендігіне сендіргім келеді».
Қазақстан Президентін сайлаудағы тамаша жеңісімен Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, Ресей Батыры, ғарышкер-ұшқыш Николай Бударин құттықтады. «Сізді және барлық Қазақстан халқын қол жеткізген табыстарымен, көрсеткен мақсаткерліктерімен құттықтаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы, жеке өзіңізге және Қазақстан үкіметіне ғарыш саласындағы атаулы жобаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын», – деді ғарышкер құттықтау хатында. Мемлекет басшысын сайлаудағы тамаша жеңісімен Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасындағы «Елім-ай» қазақ ұлттық-мәдени орталығының мүшелері құттықтады. «Сіздің біздің тарихи Отанымыз – Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануыңызға ерекше қуаныштымыз. Біз Сіздің Қазақстанды дамытып, өркендету жолындағы жемісті жұмысыңызды жалғастыра беретіндігіңізге сенімдіміз. Біз Сізбен жайлы өмір сүретін боламыз, біз Қазақстан үшін әрқашан да сенімдіміз», – делінген хатта.
Мемлекет басшысын сайлаудағы ерекше жеңісімен Қырғызстан халқы Ассамблеясының мүшелері де құттықтады. «Қазақстандағы президенттік сайлау қазақстандықтардың өзінің тағдыры мен елдің тағдырын Сізге сеніп тапсырғандығын көрсетті. Бұл – Қазақстан халқының мызғымас бірлігінің жарқын көрінісі. Біз Сізді Қазақстанның эволюциялық дамудағы табыстарымен, бұл – достық пен жасампаздықтың салтанатты жеңісі болып табылатындығымен құттықтаймыз», деп атап өтеді хатында олар.
Қазақстан Президентін сайлаудағы тамаша жеңісімен СІТІС директорлар тобы кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин құттықтады. «Сіз Қазақстанға басшылық жасаған жылдардан бері Қазақстан өзінің халықарлық аренадағы мәртебесін айтарлықтай бекемдеді, – деп жазады ол құттықтау хатында. – Елдің әлеуметтік тұрақтылығы нығайды, экономикасы қарқынды дамып келеді, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының деңгейі өсуде. Ұлт Көшбасшысы ретінде Сіз өзіңіздің аса көрнекті басшы және ерекше тұлға екендігіңізге, Қазақстан халқының қолдауы мен сүйіспеншілігіне бөленгендігіңізге Сіздің президенттік сайлауда абсолютті жеңіске жеткендігіңіз толық дәлел болады. СІТІС тобы Қазақстанның сенімді әріптесі және шынайы досы болып табылады. Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында біз Сіздің еліңізде бірқатар инвестициялық жобаларды табысты және жемісті жүзеге асырып келеміз. Біз Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту үшін екіжақты ынтымақтастықты алға қарай дамытуға дайынбыз».
«Трансаэро» авиакомпаниясының басшылығы мен ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған құттықтау хатында Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген толайым табыстарын Қазақстан Президентінің салиқалы саясатымен байланыстырады. «Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі қол жеткізген табыстары бізді таңқалдырады, – деп жазады авиакомпания ұжымы. – Елдің осы табыстарын болашақ әрдайым есте қалдыратынына біз сенімдіміз. Осынау жетістіктердің нақты мысалын ғажайып қала – Астананың қазіргі көркі, бет-бейнесі арқылы көруге болады. Бұл – Қазақстан халқының ұлылығын бейнелейді».