Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық бизнес үшін даму мен өркендеудің жаңа парақтары жазылуда. Үш ел: Ресей, Беларусь және Қазақстанның арасындағы кедендік шекаралар ашылған соң, қазақстандық бизнеске жаңа рыноктар мен мүмкіндіктердің есігі айқара ашылды. 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап, Ресей мен Қазақстанның арасындағы кедендік шекара жойылды. Яғни, Қытай-Қазақстан шекарасынан шыққан тауар поляк-беларусь шекарасына дейін ешқандай да кедендік тексерусіз өтуде. Бұл дегеніміз – жаңадан пайда болған үлкен рынок. Біз бүгінде осы бәсекелесті рынок ішіндегі көптеген қызықты экономикалық үдерістерге куә болып отырмыз. Ал Кеден одағынан біз не ұтамыз? Ең алдымен, қарапайым қазақстандықтар әрі сапалы, әрі арзан ресейлік және беларустық тауарларға қол жеткізеді. Бәрінен бұрын, бұл халық бірінші кезекте тұтынатын және шетелдерден тасымалданатын тауарлар. Екіншіден, өзара бәсекелестік күресте отандық тауарлардың құны арзандай түседі. Ең бастысы, адал бәсекеге қабілетті болуы үшін біздің өнім өндірушілер күш жұмылдыруы тиіс. Яғни, Кеден одағы Қазақстанға Ресеймен және Беларусьпен тең дәрежеде әріптес болуға жол ашады. Ең бастысы, үш елдің кедендік шекарасын ашып тастау – қазақстандық тауарлардың тұтыну рыногын 16 млн.адамнан 170 млн. адамға дейін көбейтеді.
Ресей, Беларусь және Қазақстанның Кеден одағының посткеңестік кеңістіктегі өте тиімді экономикалық және технологиялық бірлестік екеніне көзіміз жетті. Қазақстандық компаниялар пайдаланып үлгерген Кеден одағының артықшылықтарын әзірше өзге мемлекеттер толық көлемде бағалаған жоқ. Соған қарамастан, қазірдің өзінде Қырғызстан сияқты елдер одаққа кіруге ниет білдіріп отыр. Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік мәселелерін зерттеу жөніндегі орталықтың жетекшісі Александр Корсуновтың пайымдауынша, КО-ның тиімділігіне қазақстандық кәсіпкерлер мен өндіріс жұмысшылары бірінші болып баға берді. «Бұған дейін Ресей мен Беларусқа экспортқа шығарылатын қазақстандық тауарлар көлемінің өсуіне ветеринарлық және санитарлық талаптардың, техникалық нормалардың сәйкессіздігі, өзара саудада лицензиялау әдісі кедергі келтіретін. Ал, Кеден одағы іске қосылғанына 1 жыл өтпей жатып-ақ Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың көлемі 30 пайызға ұлғайып, 5 млрд-тан астам рубльді құрады», – дейді А.Корсунов. Өз кезегінде, – дейді ресейлік сарапшы, КО ашылғаннан бері көптеген ресейлік кәсіпорындар Қазақстанда өз филиалдарын ашты, ал кейбіреулері салық тәртібіне жеңілдік берілгенін ұтымды пайдаланып, өндіріс орындарын ашуда. Александр Корсуновтың бағалауынша, капиталдың, тауарлардың қызмет түрлері мен жұмыс күшінің еркін қозғалуына жол ашатын БЭК жұмыс істей бастаған соң, Қазақстанның макроэкономикалық даму көрсеткіштері де өсетіні сөзсіз. «Бір ерекшелігі, елдегі тұрақты саяси жағдайдың әсерінен қазақстандық экономика өте жігерлі және сырттан келетін тікелей инвестициялар үшін тиімді», дейді А.Корсунов.
М.Ломоносов атындағы ММУ-дың посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының сарапшысы Юлия Якушеваның пікірінше, «Кеден одағына кіруден Қазақстанға келетін ең үлкен пайда – бұл рынокта еркін бәсекелесуге үйрену мүмкіндігі, БСҰ-ға мүше болғаннан кейін жаһандық бәсекелестікке үздік дайындалуға үлкен мүмкіндік. Кеден одағының Қазақстан үшін тағы бір артықшылығы – транзиттік әлеуетінің тиімділігін арттыру, – дейді ресейлік сарапшы. Өйткені, сыртқы шекараларда кедергілердің болмауы жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, негізгі тұтыну рыноктарынан алыс жатқан Қазақстан сияқты елдерге ортақ инфрақұрылымға шығатын жол ашылады». Жалпы алғанда, деп санайды Ю. Якушева, Кеден одағының құрылуы әріптес-елдердегі қуатты экономикалық әлеуетті толығымен пайдалануға мүмкіндік туғызады. «Бұл жерде Кеден одағына мүше мемлекеттердің ортақ мұнай резервтері 90 млрд. баррелді, табиғи газдың қоры 538 трлн. текше метрді құрайтынын мысалға айтсақ та жетіп жатыр», деп түйіндеді сөзін Якушева.
Ресейлік сарапшының транзиттік әлеуетіміз туралы айтқан пікірінің жаны бар. Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті зор. Мәселен, 190 млрд. текше метрге дейін өткізу мүмкіндігі бар газ-көлік жүйесі 10 мың шақырымнан асады. Мұнай жүретін құбырлардың ұзындығы 7,4 мың шақырымнан асады. «Қазтрансгаз», «Қазтрансойл» сияқты отандық компаниялар мұнай-газ ресурстарын тасымалдаушылардың әлемдік элитасына кіреді. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіштер өсе беретіні белгілі. Ал, «Қазақстан темір жолы» АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан және Украина компанияларымен бірге жүк тасымалдау көлемі жөнінен темір жол компанияларының әлемдік алтылығына кіретінін біреу білсе, біреу білмес.
– Тәуелсіздік жылдарында инвестициялардың, халықтың табысының өсуі жиынтық сұраныстың қарқыны мен көлемін арттырды. Соңғы бес жылда кедейлік деңгейі 4 есеге дейін, күнкөріс минимумынан төмен табыс табатын халықтың үлесі 2 есеге дейін төмендеді. Бұл құбылыс еліміздегі экономикалық ахуалдың жалпы жақсаруынан анық байқалды. Халықтың тұтыну шығындары құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі ерекше қарқынмен өсіп келеді. Егер 2000 жылы бұл өнімдердің тауар айналымы азық-түлік тауарларының айналымынан 1,27 есе артық болса, 2009 жылы бұл аралық 3 есеге дейін ұлғайды. Өйткені, халық ет, балық, шоколад, кондитер өнімдерін, сондай-ақ, киім, аяқ киім, тұрмыс заттарын, аудио және бейнеаппаратураны бұрынғыдан көбірек тұтынатын болды. Сонымен бірге, халықтың банктердегі депозиттері де өсті. Осылайша, отандық экономикада жағымды үдерістер көбейіп отыр. Халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуі, банктердегі салымдарының көбеюі, азық-түлік сапасының жоғарылауы сияқты құбылыстар нақты мысал болады, – дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов. «Ұзақ уақыт пайдалануға болатын тауарлар да көбірек сатыла бастады. Ал, көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығындар төрт жыл ішінде екі есеге ұлғайып, 800 млрд. теңгеге жетті. Бұл салада жинақталған қаржы тұтынылған қаржыдан асып түсті. Халықтың өз қажетіне көп қаражат жұмсауының өзі қоғамның жаңа даму кезеңіне өткенінің белгісі», – дейді Р. Алшанов мырза.
Сенат депутаты Әділ Ахметовтің айтуынша, кешегі қаржылық дағдарыстың өзінде көптеген елдер бізден үлгі алатындай жағдайға жеттік. «Біз қаржы дағдарысынан қалай шықтық? Мысалға, «Жол картасын» алсақ. Мемлекет ең әуелі ішкі жағдайға көңіл бөлді. Жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, білім мен денсаулық саласын күшейту, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашу арқылы тығырықтан тез шыға алдық. Егер ғаламдық деңгейде алып қарасақ, жақсы жол деген елдің экономикалық дамуының сипаты. Егер жол нашар болса, ол сол елдің экономикасы да дамымағаны деген сөз. Жақсы жол салу бүкіл елдің тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін әлеуметтік фактор. Яғни, барлығы бір-бірімен байланысты», дейді ол.
Қазақстанның жаңа онжылдықта үздіксіз дамуы үшін президенттік «2020 стратегиясының» барлық негізгі міндеттерін жүзеге асыруымыз қажет. Бір анық нәрсе, бұл стратегиялық бағдарламаны оның авторы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғана тиімді түрде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта негізгі, базалық үш әлеуметтік-экономикалық бағдарламаны – 2020 жылғы кезеңге дейінгі елімізді дамытудың стратегиялық жоспарын, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығын және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бизнестің жол картасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Онда да мақсаттарымыз айқын. Мәселен, жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу үшін 2014 жылға дейін 294 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаттары мыналар: еліміздегі ІЖӨ өсімін (ол 2010 жылы 128 млрд. АҚШ долларын құрады) 2015 жылы 210 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу; жан басына шаққандағы ІЖӨ өсімін (2010 жылғы көрсеткіш – 8 000 АҚШ доллары) 2015 жылы 12 400 АҚШ долларына дейін; орташа айлық жалақыны (2010 жылы 77 000 теңге болса) 2015 жылы 120 000 теңгеге көбейту; орташа зейнетақыны (2010 жылы 27 400 теңге болса) 2015 жылы 46 200 теңгеге көбейту; ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2015 жылы 2 есеге дейін ұлғайту; инновациялық жағынан белсенді кәсіпорындардың үлесін (2010 жылғы 4 пайыздан) 2015 жылы 10 пайызға дейін өсіру және т.б. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан кемел келешекке апаратын тура жолды таңдай алды.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.