Ақтөбе облысы – құрылыс индустриясы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда жыл өткен сайын қабырғалық құрылыс материалдарына сұраныс жоғары бола түсуде. Соңғы жылдары облыста құрылыс өнеркәсібін дамытудың республикалық салалық бағдарламасы аясында бірнеше ірі индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі де бірегейі «Экотон-Батыс» ЖШС-ның жылу ұстағыш газды бетон бұйымдарын шығаратын зауыты болып табылады. Алғашқыда құрылыс саласының жаңа өніміне тосырқай қараушылық болғанымен бұл өнімнің тиімділігі тұтынушыларын тез арада-ақ тәнті етті.
Газды бетон бұйымдарының жылу ұстағыш, отқа төзімді, жеңіл де өнімділігіне байланысты силикат кірпіштен тоғыздан астам артықшылығы бар. Еуропада мұндай газды бетоннан құрылыс салуды ертерек қолға алған көрінеді. «Кәрі құрлықтың» құрылыстарының 90 пайызы осы газды бетон материалынан тұрғызылады екен. Газды бетон блоктары жеңіл де үлкен, сондықтан қабырғаларды тез арада қалауға болады. Бұл бір жағынан, еңбек өнімділігін арттырса, екінші жағынан, тас қалаушының артық-ауыс қимылдауының алдын алып, көп жеңілдік туғызады. Ал кірпішке қарағанда ерітінді 5-7 есе аз жұмсалса, қалау шапшаңдығы 3-4 есе артады. Тас пен ағаштың қасиеттерін бойына қатар сіңірген газды бетон бірегей жоғары технологиялық құрылыс материалы болып табылады. Газды бетоннан салынған ғимарат қыста жылы, жазда қоңыр салқындықты қалыпты ұстап тұрады.
Міне, осындай экономикалық тиімділігі мен экологиялық тазалығына көздері жеткен жергілікті құрылыс компаниялары алыстан әкелінген ұлутас пен бағасы жалына қол тигізбейтін силикат кірпіштерге қарағанда газды бетон блоктарын қолайлы көреді. Әсіресе, жеке құрылыс салушылардан тапсырыстар көп түседі.
«Экотон-Батыс» ЖШС директоры Ерболат Рахымбаевтың айтуынша, республика бойынша осындай газды бетон шығаратын, Германия технологиясымен жұмыс істейтін екі-ақ зауыт бар екен. Оның бірі – Астанада, екіншісі Ақтөбедегі осы зауыт.
Серіктестік мұндай кәсіпорынды іске қосуға технологиялық материалдар мен жергілікті шикізатты зерттеп, талдап барып ден қойыпты. Ақтөбе өңірінде газды бетон шығаруға қажетті кварц құмы, әк және басқа материалдар жеткілікті. Бастапқыда серіктестік басшылары Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылыс материалдарын сырттан тасымалдамауды мақсат етіп қойды, оларды өз елімізде шығаруға бағыт ұстады. Зауыт пайдалануға берілгенннен кейін бұл проблемалардың бәрі де өз-өзінен шешімін таба бастады. Қазір кәсіпорында шығарылатын өнімдер ішкі рынокты бірте-бірте толтырып келеді. Енді елімізден тысқары жерлерден зауыт өнімдеріне сұраныс арта түсті. Бұл да түсінікті, кәсіпорында шығарылатын газды бетон блоктары бәсекеге қабілетті, халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Оның үстіне зауытта орнатылған немістің «YTOWG International GmbH» компаниясының технологиялық желісінің әлемдік сауда маркасы бар. Бұл қондырғылар Еуроодақ елдері кәсіпорындарында құрастырылады және үлкен сұранысқа ие.
– Біз осы жобаны жүзеге асыра отырып, сәтті қадам жасадық деп айта аламын. Алдын-ала есептеулеріміз зая кеткен жоқ. Газды бетон бұйымдарының болашағы зор. Мұндай материалдар шығару елімізде енді-енді қолға алынуда. Жобаны жүзеге асыруға 25 миллион долларға жуық қаржы салынды. Зауыт әлі толық қуатында жұмысқа көшкен жоқ. Дегенмен жақын күндері өнім өндіруді анағұрлым арттыруға мүмкіндік мол. Біздің құрылыстық газды бетон блоктарымызға Қызылордадан, Ақтаудан, Оралдан және Атыраудан тапсырыстар түсуде, – дейді Ерболат Рахымбаев.
Қыстыгүндері мұнда ауысымына 300 текше метр өнім өндірілсе, жазғы маусымда ауысымына 400 текше метр қабырғалық блоктар шығарылады. Ал, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде айына өнім өндіру көлемін 10 мың текше метрге дейін жеткізуге болады.
Қазір зауытта 143 маман жұмыс істейді. Өндірісте қолданылатын озық технология маман жұмысшылардан кәсіби біліктілікті талап етеді. Мұнда бәрі электроникамен байланысты, қондырғылар автоматтандырылған, оларда жұмыс істеу үшін арнаулы білім керек. Сондықтан кәсіпорында мамандар мен жұмысшыларды даярлауға, олардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге ерекше мән беріледі.
Осындай игі істердің нәтижесінде зауыт өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсында «Халық үшін үздік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаз болды.
– Кәсіпорында шығарылатын газды бетон – құрылыста жаңа материал. Біз сондықтан өз клиенттерімізге газды бетон блоктарынан құрылыс салуға қолдау-көмек жасаудан қашпаймыз. Біздің өнімдерді сатып алушылар әлі де оны қалай пайдалануды біле бермейді. Кейде құрылыс салушыларға бұл материалды қалай қолдану керектігі жайында кеңес беруге де тура келеді – дейді серіктестік басшысы.
Қазір кәсіпорын ұжымы өндіріс көлемін кеңейтуге бағыт ұстауда. Сондай-ақ, газды бетон белдік тастамаларын өндіруді көздеуде. Серіктестік өз өнімдерін көршілес Ресей рыногына шығаруды жоспарлап отыр. Дағдарысты еңсерген өңірде жеке тұрғын үй салу қарқыны арта түсті. Тұтынушының сұранысын қанағаттандыруды мақсат еткен зауыт ұжымы тың табыстарға жұмылуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.