• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

Қолдау көрсетуді сұрады

339 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы оты­ры­сында депутат Қабиболла Жақыпов әріптестері Вик­тор Киянский, Елена Тарасенко, Аманжан Жамалов, Шавхат Өтемісов, Ирак Елекеев атынан Үкімет пен Пар­ламент депутаттарына үн­деу жолдады. Ол су тас­қынынан зардап шеккен Ба­тыс Қазақстан облысының бүгінгі жай-күйін баяндады. Жуырда парламентшілер Ақ­жайық өңіріне арнайы барып қайтқан болатын. Сол сапарда түсірілген бейнетаспа көрсетілді. Депутат Қ.Жақыпов Орал қаласы мен облыстың Ақжайық, Зеленов, Тасқала, Теректі аудан­да­ры­ның су астында қалғанын айтты. Қазір арнайы комиссия табиғат апатынан келген материалдық шы­ғынды есептеу үстінде. Суға кеткен үйлердің саны – 1 мың 478. Сонымен қатар, 7 мың 146 саяжай үйі, 26 білім беру ны­саны, 8 емдеу мекемесі, 5 мәде­ниет кешені су астында қалған. Мұның сыртында су жайыл­ған елді мекендердің инфрақұ­рылымдары, автокөлік жолдары, электр желілері, стансалар, телефон байланысы, газбен қамту салалары істен шықты. Ауыл шаруашылығы айтарлықтай зардап шекті. Диқандар көктемгі егіске қажетті тұқымнан айырыл­ды. Мал шаруашылығы да шы­ғынға ұшырады. Бүгінгі таңда апат аумағынан 9 мыңдай адам көшірілген. Осы жағдайға байланысты ал­ғашқы күннен бастап қолдау білдіргені үшін депутаттар Елба­сы­на, Қазақстанның барша тұрғын­дарына алғыстарын жеткізді. Дегенмен, алдымызда апат­тың зардабын қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр. Қанша қаржы қажет екені анықталуда. Осы орайда республикалық бюджеттен қаржы бөлуге ықпал ету сұралды. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұ­хамеджанов бұл мәселеге бай­ла­нысты жуырда «Нұр Отан» ХДП фракциясының төралқасы «Нұр Отан» ХДП фракциясы атынан су тасқынынан зардап шеккен Ба­тыс Қазақстан облысының тұр­ғындарына бір күндік еңбекақы көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.