Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салған әбігер барша қазақстандықтардың қабырғасына аядай батуда. Ағайындық, бауырмалдықтың көрінетін жері осындайда. Обал-сауаптың қадірін білетін оңтүстікқазақстандықтар Оралдағы ағайынға қал-қадірлерінше көмек көрсетуде. Жақында Әли Сабиров атты зейнеткер қайырымдылық қорына өз зейнетақысы есебінен 1 млн. теңге аударды. Әли көкемізді жақсы білеміз. Коммунистік Халық партиясының ОҚО филиалының бірінші хатшысы, туралықты жақсы көретін, көмейіндегісін басшы-қосшы демей ірікпей айтып тастайтын азамат. Хабарластық.
– Дүнием асып-тасып жатқандықтан аударып жатқан жоқпын, – дейді ол. – Мен 1963 жылы жолдамамен Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалдым. 1972 жылы Мәскеудегі партия мектебіндегі оқудан соң Орал облыстық Тасқала аудандық партия комитетіне бірінші хатшы етіп жіберді. Осы қызметте баламасыз 1988 жылға дейін жұмыс істедім. Өзім оңтүстіктің тумасы болсам да мұнда ешкім бөтен жақтансың деп көкірегімнен итерген емес. Туғанындай бауырына тартты. Көрші Ресей, қасымыздағы аудандардың хатшылары екі-үш жылда ауысып жатса да халық маған қатты сенім білдіріп, осы қызметімді атқаруымды қалайтын. Ондағы жұртпен ағайын-туысқан болып кеттік. Кейін мен зейнетке шыққанда 1993 жылы Тасқаладағы бір көшеге менің атымды берді. Кейінірек ауданның құрметті азаматы атағын берді. Орал өңірі – менің жалынды жастық шағым, азаматтық болмысым қалыптасқан жер.
Өзім запастағы полковникпін. Зейнетақым жоғары. Құдайға шүкір, балам да жақсы қызметте. Оралдағы ағайын-туыс ауыр халге түскенде үнсіз қала алмаған себебім осы. Оларға ауыр тиіп жатқанын білемін. Жүрегім-жаным солармен бірге. Тасқын судың беті қайтып, тезірек үй-жайларына орналасуын құдайдан тілеп отырмын.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.