• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

СӨЗ СОЙЫЛ

660 рет
көрсетілді

Фельетон орнына ЕСІК ТЕ, ТЕСІК ТЕ КӨП Соғыстың қайнап жатқан кезі екен. Авраам үйде терең ойға кетіп отырған көрінеді: «Менде қазір екі жол бар: біріншісі – мені соғысқа алмайды, екіншісі – пәуес­ке жіберіп, мені соғысқа алып кетеді. Егер соғысқа алып кетсе, тағы да екі жол бар: біріншісі – аман қала­мын, екіншісі – жау қолынан қаза табамын. Қаза тапсам, екі жол бар: біріншісі – тауып алып, мені жол­дастарым жерлейді, екіншісі – далада қалып, аң-құсқа жем болам. Егер аң-құс жеп кетсе, онда менде бір-ақ жол қалады» деген ойға кетіпті. Ал енді, бұрын да, қазір де қылмысқа бару – соғысқа барғанмен тең. Айырмашылығы сол – соғысқа кірген адам атой са­лып айғайлайтын болса, қыл­мысқа кіріскен адам сыбысын білдірмейді. Бірақ ой онда да болады. Нендей ой болады дейсіз ғой? Мұныкі де тура Авраам­ның ойы: «Егер қылмыс жасасам ұсталамын не ұсталм­ай­мын. Егер ұсталып қалсам, ұс­таған адамға «сен жақсысың» деп құтылып кетем, не ол мені «сен жамансың» деп қамап тас­тайды. Қамалған соң іс қоз­ғалып сотқа барамын. Ал соттан бір-ақ жол шығады, ол түрмеге апарады» деп ойлайды. Мұндай ой дұрыс емес. «Ауру өле ме, сау өле ме, құдай біледі» дегендей, кімді сот­тай­тынын сот өзі біледі. Қылмыс деген бетке жағылған қара дақ. Сол дағыңыз жағыл­ған күннен бастап сотқа жеткеніңізше көмескі тартып қалуы мүмкін. Ал кейбір судьялардың ондайды «байқамай да» қалуы әбден ықтимал. – Мүмкін емес! – Әбден мүм­кін. Мысалы, Жам­­был облы­сын­­да жемқорлы­ғы үшін үстінен іс қозғалған 83 шенеу­нік­тің 10-ы ғана сот үкі­мімен артқы есіктен шы­ғып түр­меге тарт­қан, қал­ғаны ал­­дың­ғы есік­тен шы­­ғып, жеңіс­пен үйге орал­ған. – Мұны кім айтты? – Мұны айтқан анау да емес, мынау да емес, облыстық про­куратураның баспасөз қызметі­нің бастығы. Ал біздің «авраамдықтарға» айтарымыз, «ұсталсам – қамалам, қамалсам – айдалам» деген ойды тастаңдар. Сот қасқыр емес, оның тесігі де көп, есігі де көп. Сағаділдә ӘЖІБАЕВ. Алматы. * * * «БОЛАДЫ» МЕН «БОЛМАЙДЫ» Қаламыздың «туғанына» – 190 жылдан асты, Екі ғасырға аяқ басты. Өткен жылғы тойда бір, Бастықтар айтқан уәде – Әлі күнге ойда жүр: – Танымастай қаламыз Түрленетін болады, Су жүгіріп көшелер Гүлденетін болады. Қаңғыбас ит көшеде Жүрмейтұғын болады, Шабаланып адамға Үрмейтұғын болады. Саялы ағаш көгеріп, Жайнайтұғын болады. Арасында бұлбұлдар, Сайрайтұғын болады. Сасық иіс қолқаны Атпайтұғын болады, Жолымызда күл-қоқыс Жатпайтұғын болады.. – Әкімдер осылай дегенде Қуанып еді халық бір. Тірлік бар-ау... бірақ та Кей уәде із-түзсіз Ұмытылып қалып тұр. ...Қаламыздың ортасынан өтетін, Батыс пен Шығысқа кететін, Шойын жолдың екі жағы Қыл-қыбыр үйіліп жататын, Қоқыс біткен құйылып жататын. Содан сөйтіп... жүре бересіз, Сойқан біткенді көре бересіз. Өлген есектің қаңқасы, Ағаштың жаңқасы, Ит пен мысық терісі, Күйген көрпенің мақтасы. Соғымның сүйек-саяғы, Жылқының серейген аяғы, Доңыздың қиы мен Сиырдың жаппасы, Сасық иіс қолқаны ататын, Қаңғыбас ит пен Шыбын-шіркей рахатқа бататын, Қысқасы, қан-жынның құсханасы. Тағы бар масқарасы – Жұрттың жуындысы да, Машинаның майы да Осы жерге төгіледі. Темір-терсектің «мәйіті» Осы жерде «көміледі». Әне, анау комбайнның шанағы, Бульдозердің қалағы, Трактордың табаны – Бәрі осында тасталған, Маңай содан ласталған. Тамашалап тұрғаныңда Әлгі күйкі масқараны Тағы бір сойқан басталады. Әп-сәтте Сырдың желі құтырады, Шаң борап, күн тұтылады. Көзіңді аша алмайсың, Аттап аяқ баса алмайсың. Дауыл ысқырып жынданады, Қолқаңды құм қабады. Ауа жетпей демің бітеді, Азаппен күнің өтеді. *     *     * Аузына май айтқаның, Бола берсін демекпіз. Құт-береке қалаға Қона берсін демекпіз. Бірақ осы енжарлық, Баса берсе еңседен, Жанашитын бастықтар Шықпай тұрса кеңседен, Араламай қаланы Сірә, тірлік оңбайды. Басына бармай жұмыстың Болатын іс болмайды. Өтеген ЖАППАРХАН. Қызылорда. * * * ШОЛАҚ МЫЛТЫҚ Күні бойы ішкен еркек түнде шөл қысып оянып, әйеліне: – Жаным, су әкеліп берші, аузым кеуіп барады. – У керек емес пе? Мен бе аузыңа арақ құйған? Біраз уақыттан кейін күйеуі тағы да су сұрайды. Бұған мүлде ашуланған әйел орнынан тұрып: – Ұйқы бермедің ғой. Қазір оқ­тау­ды әкеп, басыңды жарам. – Оқтауға бара жатсаң, қай­тарыңда су ала келші, жаным... * * * Құдасы көрші ауылда тұра­тын құдасын көрген сайын «үйге кел­ме­дің, бір қойдың басын жемедің» деп айта берген екен. Содан бір күні шақырыл­ған құда да қонаққа келеді. Арада бір апта өткенде, қонақ күтіп әбден шаршаған құдағи: – Құдеке, ауылыңыз өртеніп жатыр деген суық хабар алдық, қайтпайсыз ба? – Ондай жағдай болса, ол жақта жататын жер де жоқ шығар. Осында қала берейін. – Құдеке, жай қалжыңдағаным ғой, бәрі аман-есен, қайта берсеңіз болады. – Онда тіпті жақсы, енді алаң­сыз жата берейін... * * * ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР Ойлаудан қалған ғалым тұл. * * * Тұрлаусыздың тұғыры жоқ. * * * Сүлейге дүлей соқтық­қандай. * * * Озбырдың бәрі ұрынғыш. * * * Қораштың қимылы оғаш. * * * Жалғаншы – жанжалшының атқосшысы. * * * Мүләйімсу Іштей құдайымсу. * * * Өзінен өзгелердің бәрі – ақымақ. Осылай ой түйеді кәрі ақымақ. * * * Киелі деп көпірткені – күйелі. * * * Әйелді ызаландырғың келсе, Құрбысын мақтағайсың. * * * Мылжыңды тыңдағанның миы ашиды. * * * Топастың миы – қапас. * * * Әуесқой атансаң да, Әбесқой атанба. * * * Ерігу, Зерігу, Еріну, Жерігу – Еңбектенуден жеріну. * * * Айғайшылдың айналасы – беймаза. * * * Езден, ессізден – Үйренерің жоқ, Жиренерің көп. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. * * * БҮК-ШІК МОНША Анда-санда жолай үлкен үйге тұмсық сұғатын әдетіммен кірдім де, жеңгеме: – Ағам біржаққа кетіп пе еді? – деп едім: – Қайда болушы еді, дема­лыс болса бітті – моншасына түсіп «терлеп-тепшиді» емес пе! Ар­ғы беттегі көрші­нің мүк басқан мон­шасында. Тілі күрмеліп, көзі қы­лиланбай тұрға­нын­да барып алып кел! Көрші де кө­к­езу біреу. Сирағы шыққан сидиған неме, – деді ты­жырынып. Келесі келгенімде жеңгем «ағам қай­да?» дегізбеді. – Түскен соң моншаның да тәуір­­леуіне барған жөн бе деп қал­дым. Ағаң өткенде бажасымен басқа бір тәуірлеу мон­ша­ға барып келіп еді, өзі де, сөзі де түзу. Бажасы екеуі­нің тірлікті қозға­ған әңгіме­ле­рі­нің шетін естіп, «Әп бәре­кел­ді!» деп ши сын­дырдым. Барған моншалары да тәуірлеу, онда басталып, үйде жалғасын тауып жатқан әңгіме­лері де көңілге қонады, – деді жылы жүзбен. Тағы бір жексенбіде қара­ша­ңыраққа бара қалып едім, жеңгем: – Ағаң моншада емес, орта­лықтағы оңаша саунада. Өткен­де соған жетеқабыл біреуіне барыпты. Ондағылар осалдар емес, таныса келе, білісе келе көп нәрседен көзі ашылып, көсемсіп келді. Тіпті сұраса келе, білісе келе біреуі ағаңды ақшасы тәп-тәуір қызметке де кіргізіп жіберді, – деп желпінгені бар. Келесіде ағама есік алдында амандасып қалдым. Асығыс, қол­дорбасынан «терлеп-тепшуге» кетіп бара жатқанын түсіндім. Үйге кіріп едім, жеңгем: – Кім білген, монша жа­рықтықтың неше түрі бола­ты­нынан мақұрым екенбіз. Бүгін оның ең мықтысына бірақ тарт­ты. Өткендегі оңаша саунаға бар­ған сайын бағы жанып... Негізі, тәп-тәуір жұртпен таныс-біліс болып, өресі өрге озып, өрісі ке­ңіді десем болады. Әріден айт­қан әң­гіме­сіне, сон­дағы­лардың демеуімен бел буып кіріскен ісіне ризамын. Саулы­ғын тілеп, бұрындары айы­на бір баратын «базарына» жеті сайын желпіндіріп отыратын бол­дым, – деді көз жанары жайнап. Бірде жеңгеме дүкен ма­ңын­да жолыға қалып едім: – Ертең жексенбі емес пе, ағаңның анда апаратындарын алып жүрмін. Ағаң ерледі, құдай қаласа қалауы болып, дегенімізге жетерміз! – деп жөнеле берді. Бармағалы біраз болған, үлкен үйге келіп едім, жеңгем­нің қабағы қату, өңі өрт сөндір­ген­дей: – Келдің бе! – деп кіржиді де: – Бүк-шік монша түбі­не жетті! Бір крутойдың кру­гын­да бола­тын. Солармен шо­мы­лып жатып, олардың бір ке­ріс-ұрысына тап келіп, қарсы­ла­сы ұр да жық ит екен, бұлар­ды бу бөлмесінде бас көз демей, сабап өлімші етіп... Қан-жоса қал­пы ау­руханаға тү­сіп, әрең-пәрең айық­қан болып, қолтық­тап көте­ріп кеше үйге әкелгенбіз. Қайтейік, омыртқадан опыры­лып жүріп-тұрудан қалды. Жуы­нып-шайы­нсын деп қоларба­мен арғы беттегі көршінің мүк басқан монша­сы­на апарған­мын... Сирағы шыққан көкезу көршімен ішіп тілі күр­меліп, көзі қыли­ланбай тұрға­нында барып алып кел! – деді тыжырынып. Ерсұлтан МАҒЖАН. Алматы. * * * СҰРАҚ-ЖАУАП – Сіздің жақтың адам­да­ры қызық сөйлейді екен: «Нан» деудің орнына «нан-пан» дей салады, «алма» деу­дің орнына «алма-палма» дей­­­ді, «шырын» деудің орны­на «шырын-пырын» дейді. Неге? – Мәдениет-пәдениет­тің жетіспеушілігінен шығар... * * * Химик достарына  мақ­­танып жатыр: – Кеше баламның тілі шықты, ал­ғашқы сөзін айтты! – Қызық екен, әке деді ме, шеше деді ме? – Жоға! Изопропилофторметилфосфонат деді! * * * – Осы данышпандық – дерт деседі ғой. – Ол рас. Алаңдамаңыз, сіз ол «дерттен» сап-саусыз. * * * Әйелі күйеуіне: – Тотықұсқа боғауыз сөздерді үйреткен сенбісің? Е, жоқ-а! Тек оған айтуға болмайтын сөздерді ежіктеп ұқтырғанмын... * * * – Үремкені қолыма қайт­сем ұстамауға болады? – Арақты түтікшемен ішу­ді үйрен... * * * – Әйел мен шараптың қайсысын тәуір көресің? – Қай жылғы екеніне байланысты... * * * – Дүйсенбіде өзімді Робинзон Крузомын деп сендіремін. – Неғып? – Өйткені, жұма күнін са­ғы­намын, тезірек болса екен деп елегзимін. ______________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.