Мемлекет тарихы институтының кіреберісінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ұлттық тарихты жиырма бірінші ғасырдың өлшемдері шеңберінде ұғыну ұлттық идеяны тұжырымдаудың алғашқы қадамы болып табылады» деген сөзін оқуға болады. Оған көз тоқтатқан адам ұлттық тарихтың негізінде құрылған ұлттық идеологияның жаңа ғасыр дамуына нендей үлес қоса алатындығын бірден түйсінеді.
Өміршеңдігін жоғалтпайтын, елдік тұрғыда тарихпен сабақтасатын мұндай тақырыптар елордадағы Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен болып өткен «Қазақстандық қоғамды топтастыру: қамтамасыз ету жолдары және механизмдері» атты теориялық-методологиялық семинарда талқыланған болатын. Семинар барысында ұлт тарихы, ұлттық идеология, дін мен діл, қоғам дамуы үдерісіндегі саясат пен үрдістің өзара сабақтастықтары мен ерекшеліктері жайында әңгіме қозғалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауына, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында қойған міндеттеріне сәйкес тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне және гүлденуіне жету, қазақстандық қоғамның бірлігі мен топтасуын қамтамасыз ету жолдары мен тетіктерін ғылыми тұрғыда талқылау мәселесі семинардың басты мақсаты болды.
Еліміздің ішкі саясат саласындағы қазіргі даму үдерістеріне, ұлттық менталитеттің дара сипатына, іргелі идеологияның құрылымдық әсеріне Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Камал Бұрханов кеңінен тоқталды. «Халық тыныш әрі бейбіт өмір сүру үшін оның барлық жағдайын жасап қойса болды, қалғанының бәрі өздігінен реттеле береді деген қате түсінік. Қоғамның барлық саласына, мемлекетке идеология керек. Идеология – көпшілік бірдей түсіне бермейтін күрделі және бір мезгілде керекті құбылыс. Ол халыққа жақсы өмір сүруге жағдай жасалған, бірақ идеологиядан жұрдай мемлекеттер де бар емес пе», дей келе, бірнеше елдердің дамуына идеологияның ықпалы жөнінде азды-көпті ой тарқатты. «Ливия, Бахрейн, Сауд Арабиясы елдерінде ІЖӨ адам басына шаққанда 19 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда ол 9 мың долларға тең. Ливияда адам басына шаққандағы ІЖӨ Қазақстанға қарағанда екі есеге көп, мемлекет жергілікті халыққа көптеген артықшылықтар мен жеңілдіктер беріп келеді. Атап айтқанда, ең арзан не болмаса тегін газ бен жарық соларда. Автомобиль сатып алса, мемлекет оның жартысын өз мойнына алады, ал қалған бөлігіне бірнеше жылға жеңілдетілген несие береді. Ливияның әрбір жас отбасына аяққа тұрып кету үшін мемлекет 60 мың АҚШ долларын бөледі. Басқа не керек деп ойлайсыз? Бірақ бір жерде олқылық бар деген сөз. Ендеше халықтың жағдайын жасап қойсаң, олар бейбітшілікте өмір сүре береді деген ұғым қате. Оны Ливия мен Бахрейн көрсетті. Мемлекетке керек идеология деген осы», – деді ол.
Қоғамның даму ерекшеліктеріне Мемлекет тарихы институтының директоры Аяған Бүркітбай да тоқтала кетті. «Бүгінгі күні Солтүстік Африкада, Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде орын алып жатқан жағдайлар, Қазақстан қоғамына одан сайын біріге түсу, топтаса түсу қажеттігін көрсетті. Осы жолғы кезектен тыс президенттік сайлау біздің елде мығым ауызбірлік пен жоғары ынтымақ бар екендігін тағы бір дәлелдеді», – деді ол өз сөзінде.
Қоғамның тұрақты дамуын, бірлігін және топтасуын қамтамасыз ету, ұлттық идеяларды қалыптастыру, тәуелсіз Қазақстандағы бірегейлік, этноұлттық және тіл саясатындағы теориялық-практикалық мәселелер де осы семинарда қызу талқыға түсті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.