Төменгі Талас бойын жағалай орын тепкен тарихи жәдігерлер бүгінде көзіқарақты көпшілікке таныс. Сол ортағасырлық ескерткіштердің өзі-ақ ұлттың ұлы тарихын жаһанға әйгілеп тұр. Талас ауданының Үшарал ауылынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде орналасқан Ақкесене қарауыл мұнара бекінісі де ғасырлар бойы ғаламат қалпын сақтаған көне жәдігер. Тарихқа сүйенсек, Ақкесене қарауыл мұнарасын 1896 жылы алғаш рет өлкетанушы Василий Каллаур зерттеген екен. Сондай-ақ, Ақкесененің ақиқатын ашу үшін 1945-1949 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі, 1980 жылы «Қазжобажаңғырту» мекемесі жұмыс жүргізген. Зерттеу нәтижелері бойынша бекіністің сары топыраққа іргетассыз қаланғаны анықталған. Сондай-ақ, Каллаурдың жазуынша, Ақкесененің мұнараға ұқсас екені де белгілі болған.
– Бекініс бұрыштарында мұнаралары бар, қабырғалармен қоршалған, тік бұрышты алаңқай. Бекініс шығысындағы Ақкесене деген атпен белгілі мұнара дөңгелектеу келген, диаметрі 11 метр, биіктігі 9 метр. Мұнараның құрылысы ХVІІ ғасырларда тұрғызылған деген болжам бар. Қазба жұмыстарынан табылған қыш материалдарда суармалы емес қыштардың сынықтары кездеседі. Ал қамал одан бұрын, яғни ХІІ-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған. Бірақ табылған материалдар өте аз болғандықтан, бұл уақытты анықтау қиын. Сонымен, мұнара-бекіністің мерзімі туралы әртүрлі болжамдар бар, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің бөлім басшысы Алмас Мұхтаров.
Ақкесене бекінісінің қандай мақсатта салынғаны белгісіз. Дегенмен, кешегі жаугершілік заманда жау аңысын аңдып, қазақ даласына қия бастырмау үшін салынған болуы мүмкін деген ой келеді. Өйткені, бекіністің қалыңдығы 3 метрлік қабырғалардан тұрғызылған. Талай ғасырларды артқа тастап, ақиқатын толық ашпаған күйі бүгінгі күнге жеткен Ақкесене бекінісі Ұлы даланың ғажап құндылығы екені даусыз.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы