• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2017

​Сөз магиясы

1395 рет
көрсетілді

Сөз магиясы – қазақ халқының тоқ­сан тоғыз тарау тұрмыс-тір­ші­лігінде, дүниетанымында, яғни түй­сік, қабылдау, елес, қиял, зейін, ой­лау, сөйлеу, мақсаткерлік іс-әре­кет­те­рімен, даналық, ізгілік, рухани сұ­лу­лық қасиеттерімен тұтастай жара­сым тапқан айрықша бір көркем кө­рінісі.

Абай «Білімдіден аяман сөздің майын» немесе «Жалын мен оттан жаралған, Сөзді ұғатын қайсың бар» дегенде сөздің керемет бір сырларын, магиялық әсерін меңзегендей. Те­­гінде, әлем, табиғат, жаратылыс – құбылып құлпырған бояулар мен мың­даған дыбыстардан, яғни гар­­мо­ниялық үйлесімділіктерден тұ­ра­ды. Ұлт­тық санада, атап айтқанда, ин­тел­лектуалдық-философиялық, пси­хо­ло­гиялық, этнографиялық, көр­кем­дік, әлеу­меттік құндылықтар жүйе­сін­де сөз­дің магиялық қасиеттері де қо­сарлана өмір сүреді. 

Қазақ тілінің палеонтологиялық се­мантикасын, тіл төркінін, ежелгі ке­ніш­терін, архаикалық элементтерін сөз еткенде ұлт көсемі Әлихан Бө­кей­ханның: «Дүниеде ешбір тіл өз-өзі­нен шықпайды. Дүниеде ешбір тіл­ді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қа­занында қайнап, пісіп дүниеге ке­ле­ді. Сонан соң ғана шешендер, «тіл көсемдері», бұл тілді безеп, жолға, жөн­ге салып, жүйесін айырып өсіреді» дей­тін қағидатында тіл төркінін тама­ша пайымдаған. Мысалы, сөздік қо­ры­мыз­да «бүргені тағалау» дейтін тіркес бар. Бұл қай заманда шықты десек, мұның 25 ғасырлық тарихы бар. Сақ дәуірі шеберінің қолынан шыққан, бар-жоғы тарының қауызындай, иненің кө­зіндей, алтыннан құйылған әмбе алтын ілгегі бар зер осыған нақты айғақ. «Ше­берлерде шебердің шұбарлап кесте сал­ған бізіндей, қалың орман ішінде қай­ыңның қайнап біткен безіндей, алтын жүзік қасының жауһардан жарып сал­ған көзіндей» деген теңеулер сол бір дәуірдің куәсі емес пе?! Сонымен қа­тар, 32 ғасыр бұрынғы боялған әрі қор­ғасын құйылған 140 шақты асықты ай­тайық. Бұлар Абай елі Шыңғыстау бау­райынан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің археологы Ұлан Үмітқалиев же­тек­шілік еткен экспедицияның ол­жа­сы еді.

Сөз магиясына жүгіну, көркемдік әсер­лілігін туындату, мың қырлы құ­пиясының сырына тереңдеу, «ел ау­зын­дағы тілді» негіз ету – ежелден бер­гі асыл дәстүріміз. Мысалы: бие құ­лындағанда:

Шым-шым шымырай,

Шұбар оттың құйрығы-ай!

Жануардың жүйрігі-ай!

Немесе бие сауғанда исініп кетпеу үшін:

Құр-у, құр-у, көк бием,

Ақ сүтіңді төк бием – дейді екен бұрынғылар.

Мәшһүр Жүсіптің «Біздің қазақ тілінің ішінде періштелердің бір сөй­ле­ген сөзі жүр: «Кеткенің келсін, кем­ті­гің толсын» – дегенінде үлкен мән бар. Халықтық ұғым-түсініктердің, се­нім-нанымдардың, ырымдар мен ғұ­рып­тардың біртұтас жүйесінде ба­та сөз­дердің де магиялық қуаты,  элек­тро­магниттік әсері ересен. Олар өмір­ге, өнер­ге, еңбекке деген жігеріңді, ің­кәр­лі­гің­ді оттай маздатады.

1. Бақ-ырысқа кенелейік,

Құмырсқадай көбейейік.

2. Босағаларыңа жамандық жет­пе­сін,

Төрлеріңнен жақсылық кетпесін.

3. Бата, бата баудай бол,

Басы биік таудай бол!

Көкала шапан көлдей бол,

Көшіп жүрген елдей бол!

4. Аса бір соққан желдей бол,

Алыстағы сары белдей бол!

Арқаның ақ төсіндегі

Ақ айналы көлдей бол,

Толықсып жатқан елдей бол!

Таза көңілмен, пейілмен түйсініп, жан-тәнімен қабылдап, нақышын ке­ліс­тіре, сүйсініспен айтса, көркемдік әле­міндегі дуа-дұғадай өлшеусіз, бай си­қырлы қырлары, халықтың да­ныш­пан­дық көзқарасы, рухы, мә­де­ние­ті, ұлт тілінің әуезділігі, фо­не­ти­калық гар­­мониясы, өзіне ғана тән көркемдік-фи­­лософиялық интуициясы жарқырап та­­нылар еді.

Сөйлеу мәдениетінде, тілді қол­да­ну­да бір ғана тапқыр ой мен ұшқыр сөз­де ғаламат ұлағат бар. Мұны тө­рт мың­дай философиялық афоризм­дер мен тә­мсілдер қалдырған У.Черчилль жә­­­не Расул Ғамзатов мықтап пай­да­лан­ған.

Сократ: «Сөйлеу – адамның өз ақыл-ой өресін қолдану өнері» десе, Нұр­­­жан Наушабайұлы «Шешендіктен пай­да жоқ, тілден ою оймаған, сөзді орнына қоймаған» деп дұрыс көрсеткен. Қазіргі заман зиялыларының сөзінде магия мен философия жеткілікті деу­ге болмайды, «ұшқыр жұртшылық» қа­былдамайды. Өйткені, іс-әрекетінде, бол­мысында тұлғалық қасиет жоқ, сө­зін­де берекелі тағылым, өсиет жоқ.

Сөз магиясын ұлы билерше бі­лім­­паз­дықпен, өнерпаздықпен, кие-қа­си­етімен қолданып, Мәңгілік Ел­дің ин­­телллектуалдық мәртебесін ас­қақ­та­тайық.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері