Екі күнге жоспарланған айтулы шара көрнекті ғалымның елеулі еңбегін, ғылым саласындағы жаңа бағыттар мен шығармашыл жас ғалымдардың ізденістерін паш етуге бағытталды. 39 жасында іргелі оқу ошағына жетекшілік етіп, ел тарихындағы ең жас ректор ретінде танылған қайраткердің том-том кітапқа арқау болатын ғылыми ізденістері, зерттеп-зерделеген ұшан-теңіз еңбектері мен зерттеу жұмыстары өз саласындағы таптырмас құнды әдебиетке айналды. Әбдіқаппар Әшімов – республикаға еңбегі сіңген көрнекті ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының толық мүшесі, профессор, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ақпараттық және басқару мәселелері институтының жүйелі анализ және басқару зертханасының меңгерушісі. Еліміздің ғылым саласының көшбасында жүрген талай-талай азаматтарды қанаттандырған ұстаз. Ғылым жолындағы жетістіктері, шәкірт тәрбиелеудегі ерекше ыждақаттылығы әріптестері тарапынан кең көлемде айтылды.
«Әбдіқаппар аға осы уақытқа дейін ғылым жолында шәкірт тәрбиелеуден қол үзбей келеді. Ғылымға көзқарасы өте жоғарғы деңгейде. Университетімізді басқарған жылдары да қарқынды еңбек етті. Елуден аса ғылым кандидаттарын, жиырма шақты ғылым докторларын дайындап шығарды. Шәкірттері елімізге ғана емес, сырт мемлекеттерге де танымал ғалымдар. Ол кісінің оқу ордамызға ғана емес, еліміздің ғылым саласына еткен еңбегін ескере келе осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Шараның негізгі мақсаты − айтулы ғалымға құрмет көрсету, жас ғалымдарымызды қанаттандыру. Бүгінгі конференция үш секциядан тұрады. Алғашқы бағыт − параметрлі реттеу, екінші секция − ағамыздың макроэкономикаға қатысты ғылыми жұмысына негізделді. Ал, үшінші бағыт − институтымыздың негізін қалаушы ақпараттық технологиялармен математикалық модельдеу секциясы. Осы үш секция бойынша көптеген жұмыстар қабылданды. Польша, Украина, Канада, Жапония, Ресей, Өзбекстаннан келген ғалымдар қатысып ғылыми жаңалықтарымен бөлісуде – дейді Әбдіқаппар Әшімов негізін қалаған «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Сапарходжаев.
«Кішкентайынан тағдырдың тауқыметін тартып, ата-анасынан ерте айырылып, буыны бекімеген балаң шағынан ауыр еңбекке араласқан Әбдіқаппар, бір үлкен романға арқау болатын азамат. Өз білім-білігімен, адал еңбегімен осы абыройға жетті. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бір істі бастаса оған жан-тәнімен беріліп, соңына дейін жеткізбей тынбайды. Адалдық пен жауапкершілікті ұстанып келеді. Отбасына да уақыт таба біледі», – дейді ғалымның жары Бақытжан Айсақова. Сондай-ақ, конференция барысында қазақстандық және шетелдік жетекші университеттердің академиктері мен профессорлары жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Шараның қорытынды күні көрнекті-геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күніне тұспа-тұс келуіне орай жиынға қатысушы барлық қонақтар ғалымның ескерткішіне дәстүрлі түрде гүл шоқтарын қойды.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ