Бұл ретте, Елбасы өзі атап өткендей, идеологиялық бағытты экономикалық өркендеумен қатар дамытып отыру қай кезеңде де біздің өркениетке ұмтылуымыздың басты принциптерінің бірі болып келген.
Бұған дейін де жарияланған Елбасының мазмұнды мақалалары қазақстандықтардың көкейінен орын алып, онда айтылған мақсат-мүдделер ел өркендеуін қамтамасыз ететін ауқымды стратегиялық бағдарламаларға негіз болғанын білеміз. Өткен жылы ел газеті «Егемен Қазақстанның» бірнеше нөмірінде жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын философиялық құнды туындысы барша қазақстандықтарға рухани азық болғаны анық. Ел басқарып, өрелі сөз, өнегелі ісімен ұлтты ұйыстырған кемеңгер тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев бұл еңбегінде де қазақ елінің тарихы, жер тағдыры, қоғам дамуы мен Тәуелсіз ұрпақтың келешегі, ұлттық құндылықтар мен адамзаттық мәселелер төңірегінде терең толғаған болатын.
Елбасының бұл жолғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын да барша қазақстандықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Туған жеріміздің тұтастығы мен ел болашағының негізін анықтайтын саяси-идеологиялық құжат деңгейінде жазылған бұл еңбекте егемен еліміздің рухани жаңғыруына айрықша мән берілуі тегін емес.
Жаһанданған әлемде өз келбет-кескіні мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалатын, бәсекеге қабілетті, белсенді халық қана болашағына зор сеніммен қарай алатынын өмірдің өзі көрсетуде. Елбасы рухани жаңғырусыз экономикалық жетістікке жетіп, өркениет төрінен орын алу мүмкін еместігін дәлелдеп, болашаққа деген бағдарымызды айқындап отыр.
Мақаланың «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Елбасы: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Біз жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз» – деп, озық білім мен ғылымды игерген елдің келешегі зор болатынына баса назар аудартты. Осы орайда, Елбасымыз ел жастарына үлкен үміт артып отыр.
Біздің университеттегі студенттердің 90 пайыздан астамы ауыл жастары. Сондықтан, мемлекет жүктеген міндеттер бойынша біз еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыларға заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасап отырмыз. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл ретте Елбасы мақаласында айтылған ерекше ойлар, біздің жастарымызға жігер бере түсетіні сөзсіз. Мақаладан түйгеніміз: болашақта егемен еліміздің тұғыры берік болып, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар, рухы биік, отансүйгіш жастар мен инновациялық технологияларды игерген білікті мамандар ғана биік белесті бағындыра алмақ.
Тарихи шешімдерге негізделген мақаласында Елбасы ауылды көркейту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Ауылды өркендетіп, кәсіпкерлікті дамыту, жер байлығын халық игілігіне пайдалану мәселелерін әр кезде қадағалап отыратын Елбасы аталған бағдарлама арқылы ауылды көркейтуге, отандық агроөндірістік кешенді дамытуға байланысты жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Елбасының ауылды көтеруге байланысты көтерген бастамаларын қоғамның барлық деңгейінде жаңғыртып, халықтың санасына жеткізу парыз. Бүкіл қазақстандықтарды ауыл проблемасына көңіл аударту арқылы мемлекеттік беріктігімізді де күшейте түсеміз. Өйткені, «Ауылдың өркендеуі – мемлекеттің өркендеуі». Ғалым ретінде айтар болсам, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігінің төркіні ауылда екенін ұғынуға тиіспіз. Бұл ретте ауылдың жаһандық экономикалық үдеріске енгенін ескеруді бүгінгі әлемдік экономикалық жағдай анық байқатты.
Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім, ғылыммен қаруланған жас мамандар. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. Отандық аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағы, еліміздегі аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, қалтқысыз қызмет етуде. Қазақ халқының алтын тамыры – атамекен ауыл екенін әрбір қазақстандық жас жете түсінетін уақыт келді. Елбасы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы ауылдың әл-ауқатын көтеру арқылы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналмақ.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді халық нақылы. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жастар. Осы орайда, мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуіміз қажет.
Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы мәселесіне кезекті рет тоқталып өткен Елбасы эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретінін айта келе, «эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс» – деп тұжырымдайды. Осындай дұрыс, және ғылыми негізделген басшылық шешімдер мен эволюциялық дамудың нәтижесінде ғана Қазақстан қарыштап дамып, бүгінгі күні әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің арасына қосылып үлгерді. Ең бастысы, адам өміріне қолайлы, оның еңбек етуіне, білім алуына, рухани дамуына ыңғайлы қоғам құрылды. Ендігі кезекте Елбасы өз мақаласында атап өткендей, біз қазақ қоғамының рухани іргетасы болып табылатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық гуманитарлық игіліктерді әспеттеп, рухани жаңғырудың жаңа сатысына көтерілуге тиіспіз.
ХХI ғасырдағы ұлттық сана туралы толғаған Елбасы мақаласында еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды және қоғамдық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарын ортаға салған Елбасы әрбір қазақстандықты рухани жаңғыру үрдісін қалыптастырып, дамытуға өзіндік үлес қосып, бірлік пен ынтымақта ұйысуға шақырды.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик
АЛМАТЫ