• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2017

Шағын мектептердің жабылуына қарсы

230 рет
көрсетілді

Павлодарда Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыс басшылығы мен аймақ активі қатысты, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Шараны ашқан комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білім жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойғанын атап өтті. Мақалада ұсынылған идеялар, оның ішінде  ерекше орын алатын «білімнің салтанат құруы» идеясы еліміздің мектептерінің келбетін өзгертуге тиіс. Б.Әйті­мова жиналғандардың назарын Мемлекет басшысының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деген сөзіне аударды.

Сенат депутаттары алдында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндама жасады. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері де аймақты аралаған екі күннен кейінгі  өздерінің көрген-түйгендерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, депутат Владимир Редкокашин көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан шағын мектептердің проблемаларын шешу қажеттігін атап өтті. «Мектептерді оңтайландыру  өте жағымсыз құбылыс, тіпті шалғайда жатқан елді мекендерде де мектептердің жабылуына жол бермей, сақтап қалу  қажет», − деді сенатор.

Депутаттар Әли Бектаев пен Нұрлан Қылышбаев мұндай мектептерді мамандармен және қаржылай қамтып, бірнеше пәндерді үйлестіре оқытып жүрген мұғалімдерге еңбекақы төлеудің қағидаларын қайта қарауға шақырды. Депутаттар Жабал Ерғалиев пен Төлеубек Мұқашев мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру мен интеллектуалдық және рухани дамыту мәселелеріне, оларды шығармашылыққа, музыка, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарды үйренуге тартудың келешегіне тоқталды. Баяндамашылар, бұл орайда, басқа аймақтар Павлодар облысының тәжірибесін пайдалана алатынын атап өтті.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төр­ағасы Бірғаным Әйтімова сенаторлардың ұсыныстарын қорытындылай келіп, Павлодар облысына сапар өзекті және жемісті болды деп мәлімдеді. Сапар барысында депутаттар 40-тан астам қала және ауыл мектептерінің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Парламентшілер Павлодар, Ақсу мен Екібастұз қалаларында, Ақтоғай, Қашыр, Лебяжі, Успен, Шарбақты аудандарында ұстаздар қауымымен, оқушы­лармен  кез­десті. Депутаттар аймақ білім бе­ру жүйесінің табысты жұмыс іс­теуінің үлгісі бола алады деген ортақ пікірге келді.

Облыста 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейін­гі біліммен (кейбір аудандарда, мысалы, Ақсу ауданында 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар) толық қамтылған. ҰБТ нәтижелері бойынша, тіпті ауыл мектептері жақсы нәтиже көрсетті. Депутаттар көптеген мек­тептер шахмат, роботты техника сыныптарының болғанына, жоғары жылдамдықты интернетпен, қазіргі заманғы спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілгеніне риза болды.

Б.Әйтімова өз сөзінде Білім және ғылым министрлігін ша­ғын мектептер мәселелерін тиім­ді шешуге және мұғалімдер еңбек­ақысының лайықты болуы шешуге шақырды.

Комитеттің көшпелі отыры­сының қорытындылары бойын­ша үстіміздегі жылғы ІІІ тоқ­санның соңында Сенатта «Орта білім беру жүйесін   заңна­малық реттеудің ахуалы, проблемалары мен келешегі» деген тақырыпта  парламенттік тыңдау өткізу жоспарланды.

Соңғы жаңалықтар