Тек өткен тәулікте Тараз қаласы тұрғындарынан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне жеке тұрғын үйлердің ауласын су басу туралы хабарламалар түскен. Нәтижесінде тәулік бойына 16 адам, 5 бірлік техника, 4 мотопомпа күшімен 30 үйдің ауласынан су сору жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар, 27 адам және 2 техниканың көмегімен су сору, дренаж каналдарын қазу және тазарту жұмыстары да нәтижелі аяқталған.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының меншігінде 102 су қоймасы бар. Оның 69-ы облыстық «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарайды. Аталған мекеменің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Мақсат Жұматов су тасқынын болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық ауданның әкімдіктерімен бірлесіп, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылғанын, сондықтан өңірде ешқандай қауіптің жоқтығын айтты.
Негізінен, облыстағы су қоймаларына Талас, Шу және Аса өзендерінің 20-30 пайызы келіп құяды. Бүгінде бұл өзендердегі жағдай да тұрақты. Сондай-ақ, Қорағаты, Тамды, Шабақты сияқты шағын өзендер мен тау суларынан, бұлақ суларынан да келер қауіп жоқ.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы