• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2017

Жәрдем жан-жақтан жасалуда

191 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, жер­гі­лікті атқарушы органдар мен жер­гілікті полиция қызметі бірлесіп, судан зардап шеккен елді мекендерде қызу жұмыстар жүргізуде.

Төтенше жағдай, әсіресе, Атбасар ауданында айрықша сезілді. Оның алдын алу үшін Төтенше жағдайлар комитетінің 9 дана техникасы, 4 жүзу құралы және 46 адамы іске қызу кірісіп кетті. Бұдан басқа, жергілікті полицияның 26 техникасы мен 70 қызметкері және жергілікті атқарушы органның 39 техникасы мен 154 адамы жұмылдырылған. Жалпы, табиғи апат орын алғаннан бергі уақытта Атбасар қаласында 454 тұрғын үй судың астында қалды. Су басқан аумақтардан 1379 адам өзге жерге көшірілді. Сонымен қатар, 359 бас үй жануары да қауіпсіз жерлерге әкетілгендігін айта кету керек. 

Атбасар ауданының әкімі А.Никишов плотина бөгеті күшейтілмесе зардап салдары бұдан да көлемді болар еді дегенді баса айтты. Оның сендіруінше, бұған дейін төселген топырақ үйіндісі суға айтарлықтай тосқауыл бола алған. Бүгінгі таңда атбасарлықтарға жан-жақтан көмек келуде. Арнайы штаб құрылып, су апатынан зардап шеккендер­ге көмек көр­сету үшін ақша, азық-тү­лік және киі­м-кешек жиналуда. Со­ны­мен бірге, ме­дициналық көмек пен пси­хологиялық қолдау көрсету жұмыс­тары да кеңінен жүргізіліп жатыр.

Ал Целиноград ауданында су ағызу жұмыстары күшейе түскен. Яғни, су арналарын кеңейту, бөгеттерді нығайту және мұздардан тазарту қолға алынған. Және де 1700 дана қап төселіп, 1200 тонна инертті материалдар жеткізілген. Тағы ерекше атап кетерлігі, қатерлі аумақтардан 17 мың текше метр қарғын су сорып алынған. Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында су деңгейіне мониторинг жүргізілуде.

Жалпы қазіргі таңда Сандықтау, Балкашино және Максимовка елді мекендерінде  судан тазарту жұмыстары жүргізілді. 10 740 текше метр  су сорып алынды. Табиғи апатпен күресу кезеңінде тонаушылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметі тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы  

Соңғы жаңалықтар