• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Сәуір, 2017

Қаламгерге құрмет көрсетті

433 рет
көрсетілді

Жолтай Әлмашұлы − «Сүю серті», «Тірі жан», «Абақты-ғұмыр», «Ай астындағы алтын шаһар», «Мұңмен алысқан адам» деп басталып әрі қарай қос қолыңның саусақтарын екі қайтара санап шығатындай пьесалар жазған драматург. сондай-ақ, «Оянған ұрпақ» романы арқылы бүгінгі күннің кейіпкерлерімен жүздестірген жазушы. Қажырлылығымен, жанкешті еңбегімен, сөз өнеріне адалдығымен бүгінгі күннің ең бір танымал қаламгерлерінің қатарында аталатын Жолтай Жұмат Әлмашұлы жақында алпыс жасқа толды.

Әлмашұлының мерейтойын туған өңірі тойлап өткенін айту абзал. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм де түсірілді. «Қа­зақстан» телеарнасы­ ның «Да­­ра жол» бағдарламасына да шық­­ты. Бұл жолы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ұстаздарымен және студенттерімен жүздесті.

Әсерлі әдеби кеш журналис­тика кафедрасы студенттерінің жа­­зушы шығармасынан үзін­­ділер оқуымен басталды. Со­нан соң құзыретті ор­гандар та­­­рапынан қаламгерді құт­тық­таған хаттар шоғыры тың­дал­ды. Ең алдымен Үкімет бас­­шы­­­сы мен Премьер-Министр ке­­ң­­сесі басшысы орын­ба­са­ры­­ның құттықтауын Пре­мьер-Ми­нистр кеңсесінің бас инспекторы Гүлмира Бо­та­наева оқып берді. Мәдениет жә­не спорт министрінің құт­тық­тау­ы­мен Тілдерді дамыту және қо­ғамдық саяси жұмыс комитеті тө­рағасының орынбасары Ға­лым­жан Мелдешов, ал Білім жә­не ғылым министрі мен ЕҰУ рек­торының құттықтауымен атал­мыш оқу орнының про­рек­то­ры Дихан Қамзабекұлы таныстырды. 

Оның «Оянған ұрпақ» романы бүгінгі күн тақырыбына арналған. Өтіріктен алыс қо­ну­ға талпынған жастардың ой-сезімдеріндегі, іс-әрекет­те­рін­­дегі арпалыс­ты бейнелейтін шы­ғарма. Заманның тамырын тап басып жазу үшін талант қа­жет. Ал өткенді зерделеуге, тү­сі­нікті етіп жазуға білім керек. Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Алдан Смайылдың әріптесінің шығармашылығы туралы пікірі осы тұрғыдан өр­біді. Ол әрбір журналистің сая­саттан, әрбір жазушы мен ақын­ның тарихтан хабары бол­мағы шарт екенін айтты. «Ақын не жазушы болған соң тарихшы болуың керек. Еліңнің рухани мұрасын білетін рухани зергер болуың қажет. Халқыңның жү­регінде қандай арман бар екенін білмесең, жазушы б­о­ла алмайсың. Қызылорда об­лы­сындағы Жаңақорған ау­данының ең ауыр тарихын жаз­ған Жолтай жерлестері ал­дын­дағы парызын өтеді деп ойлаймын. Аштық жылдарында, қуғын-сүргін кезеңінде ел Қара­тауды тастап, Ауғанстанға, басқа жақтарға да өтіп кеткен. Бұл тек отызыншы жылдар ойранынан қиналған елдің емес, рухы жасыған, дәстүрінен қол үзіп, са­насынан жаңылған хал­қы­мыз­дың трагедиясы еді. Осы­ны жазушы тереңнен тол­ғап жаз­ды. Ал оның бүгіннің кел­бе­тін сомдайтын туындылары бір төбе. Шын мәнінде бүгінгі күн туралы жазу, оны жүректен өткізіп жазу өте қиын», деді Алдан Смайыл.

Ғылымда да ізі бар, драма­тургиясы мен прозасы қос қа­на­тындай қаламгердің мерейтойына астаналық зиялы қауым көп жиналды. Олар қаламгер­дің шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін әрқайсысы өзін­ше өрнектеді. Кеш барысын­­­­да студенттер тарапынан қалам­гер шығармаларынан үзінді­лер оқыл­ды, ән-күйлері тарту етілді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар