Құны 300 миллион АҚШ доллары болатын кәсіпорын құрылысы кезінде 500-ге жуық қазақстандық жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Барлық қаржылық салымдарды қытайлық тарап инвестициялайды. Ал компанияның Қазақстанға қойып отырған талабы – жылына 500 мың тонна шикізатпен, яғни сабанмен қамтамасыз ету.
Аталған кәсіпорын жобасының қуаттылығы жылына 10 миллион тонна сұйық және қатты органикалық тыңайтқыштарды өндіреді. Сонымен қоса, зауытта көлемі 5 мың куб/метр болатын метан газын өндірсе, сол арқылы 120 млн кВт электр қуатын, 70 мың тонна биологиялық лигнинді Қытай, Еуропа елдеріне экспорттау мүмкіндігі пайда болады. Зауыт күнделікті 20 мың тонна сапалы қағаз өңдеуге қажетті целлюлоза шикізатын шығара алады.
А.Мырзахметов жақында Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бірнеше келісімдерге қол жеткізіп, бизнес қауымдастық өкілдерімен кездескен болатын. Сол кездесуде Macau Legend Development Ltd компания басшыларымен алдын-ала келіссөздер жүргізілген. Енді араға уақыт ұзатпай, Қытай тарапынан ірі компанияның келіп, инвестиция салуға ниет білдіруі екіжақты келісімнің нақты нәтижесін көрсетіп отыр.