Кеңес басталмас бұрын Елбасы көрме қалашығын аралап, салынып жатқан нысандарды көріп шыққан болатын. Үкімет басшысы мен министрлер, Астана қаласының әкімі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, басқа да тиісті органдардың басшылары қатысқан жиынды ашқан Мемлекет басшысы халықаралық көрменің еліміз бен халқымыз үшін аса зор маңызға ие екендігін атап өтті. Шетелдік меймандар мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристерді лайықты күтіп алып, оларға дұрыс жағдай туғызу үшін жан-жақты дайындалу керектігін айтты.
– Біз бүгінгі жиынды елімізде өтетін аса маңызды шара − ЭКСПО-2017 көрмесіне 50 күн қалғанда өткізгелі отырмыз. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді айтып өтетін болсақ, соның ең үлкені халықаралық деңгейдегі көрмені өткізу мүмкіндігін жеңіп алғанымыз. ЭКСПО-2017 – халқымыздың, Қазақстанның дәрежесін әлем алдында тағы бір сатыға көтеруі керек. ТМД мен Шығыс елдерінің ішінде біздің еліміз бұл шараны бірінші болып өткізеді. Оны абыроймен атқару халыққа да, мемлекетке де, Үкіметке де үлкен сын. Көрмеге 115 мемлекет, 21 халықаралық ұйым қатысады, 2,5 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде. ЭКСПО-ның ашылуына 48 күн қалды. Қазір дайындық жұмыстарының соңғы кезіндеміз, көп жұмыс атқарылды. Қалған уақыттың тығыздығын ескерсек, істелетін жұмыс әлі де көп. Бұл − бірінші. Екіншіден, қала ЭКСПО-ның ашылуына дайын болуы керек. Миллиондаған адамды қабылдау, олардың барлығына қажетті жағдайды жасау, жататын, тамақтанатын, емделетін жері, жүретін көлік жолдарын қамтамасыз ету қаланың мойнында болады. Мен жаңа ғана салынып жатқан нысандарды көріп келдім. Дайындық жоғары деңгейде, құрылыс жақын арада аяқталғалы тұр. Нысандарды абаттандыру, толықтыру жұмыстары жүруде. Көрме өткізуді лайықты ұйымдастыру әлемдік қоғамдастыққа тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін көрсетеді, – деді Елбасы.
Осы жиында талқыланған екі мәселенің бірі халықаралық көрмеге дайындық барысы болса, екінші мәселе елорданың дамуының жай-күйі екенін жоғарыда айтып өткенбіз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ел экономикасындағы Астананың үлесі 12%-ға дейін көтеріліпті. Яғни, Қазақстан тағы бір қалаға – өзіне салынған қаражатты мемлекет қазынасына қайтара бастаған қалталы қалаға айналып, үлкен активпен байыды деуге негіз бар.
– Бүгінгі таңда шаһар экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 46%-ды құрайды. Бұл − елдің өзге аймақтары арасындағы ең жоғары деңгей. Астана миллионер қалаға айналды. Өткен жылы ел аумағында 10,8 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, соның 2,3 миллион шаршы метрі немесе 20%-дан астамы Астанаға тиесілі. Қала маңызды әрі жаһандық шаралар мен кездесулерді ұйымдастыратын дәстүрлі орынға айналды, – деді Президент.
Қаланың иығында қыруар жұмыс бар
Жиын барысында Астана әкімі Ә.Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйлеп, халықаралық көрмеге әзірлік барысын баяндады. Олардың баяндамасында құрылыс нысандары, көлік қатынасы, көрмеге келген шетелдік және отандық туристерді орналастыру, тамақтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер қамтылды. Халықаралық көрменің «Болашақтың энергиясы» деген тақырыбына сай, оның мазмұнын байыту жұмыстары да ортаға салынды.
Елордада жаңа әуежай терминалы мен темір жол вокзалы салынып жатқаны белгілі. Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл екі нысан халықаралық көрмеге дейін салынып бітіп, уақытында пайдалануға беріледі.
– Екі нысан уақтылы пайдалануға беріледі. Инвестициялар және даму министрлігі барлық қажетті қосымша пойыздарды, әуе рейстерін пысықтады. Үкіметтің қолдауымен автобустар сатып алынды. Халықаралық делегациялар үшін 110 автобус бөлдік. 167 автобусты шаттл-бастың 7 бағдарына жібереміз, яғни бұл арнайы экспрестер меймандарды ЭКСПО аумағына тасымалдайды. Сонымен қатар, «Астана такси» қызметі құрылды, – деді Әсет Исекешев.
Әкімнің айтуынша, ЭКСПО қалашығы аумағына келетін көліктер автотұрақтармен қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздік жағы да толық ойластырылған. Халыққа медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар жасалған. Көрме кезінде ЭКСПО аумағында 7 медициналық пункт, қала аумағында 13 медициналық мекеме үздіксіз жұмыс істейтін болады.
44 мемлекеттің адамдары билет алған
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрмеге дайындық барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір ЭКСПО қалашығындағы 20 нысанның 18-і толық аяқталған. Қалған екі нысан – Конгресс-орталық пен қонақүйдің құрылысы да көп ұзамай аяқталуы тиіс.
– Конгресс-орталық Сіздің тапсырмаңызбен қайта жобаланды, қонақүй де берген ескертулеріңіз бойынша өзгертілді. Сонымен қатар, құрылысқа инвесторлар тартылып, нәтижесінде оның құны 20 млрд теңгеге кеміді. Инвесторлардың салған қаражатын ескерсек, мемлекеттік бюджет қаржысының шығыны 30 млрд теңгеге дейін қысқарады. Бұл екі нысанның құрылысы мамыр айының соңында аяқталуы тиіс. Шет ел президенттерін осы жерде қарсы аламыз, ЭКСПО-ның ашылуы осында өтеді, − деді ол.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, көрмеге қатысатын 115 мемлекеттің 110-ы өздеріне тиесілі павильондарды алған, 90 ел павилонды безендіруді бастап кетіпті. Қатысушыларға қызмет көрсететін, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық ашылған.
– Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам аккредиттеуден өтті. 500 БАҚ өкіліне арналған баспасөз орталығы құрылды. Көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы да бар. Қазіргі таңда 930 мың билет сатылды. Билеттерді өз елімізден бөлек, 44 шет мемлекеттің адамдары сатып алды, – деді А.Есімов.
Цифрлы технологияларды енгізу қажет
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев баяндамаларды тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді. Көрмеге әзірлік барысына қатысты қала тарапынан жіберілген кемшіліктерді де тізбелеп өтті.
– Қаланы басқарудың барлық саласында қазіргі заманғы цифрлы технологияларды енгізу қажет. Үкімет Астананы цифрлы технологиялар енгізілетін негізгі алаңға айналдыруы керек. Менің тапсырмам бойынша, ЭКСПО аумағында IT-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылатын болады, – деген Елбасы шаһарды Дубай, Гонконг, Сингапур қалаларының үлгісімен дамытуды және онда Еуразия кеңістігі ауқымындағы қаржылық және іскерлік хаб құруды тапсырды.
– Бүгінде Астанада шетелдік 2700 компания жұмыс істейді. Олар қала экономикасына 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Дегенмен, бұл ретте қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Астана арнайы экономикалық аймағының әлеуеті жеткіліксіз пайдаланылуда. Елорданы одан әрі дамыту барысында урбанизация үрдісін ескеруге тиіспіз. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны тағы 1 миллион адамға өсуі мүмкін. Бұл қала алдына үнемі жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ел-жұртты еңбекпен қамтамасыз ету міндетін қояды, – деді Президент.
Елбасы тұрғын үй секторын дамыту жайына арнайы тоқталып, Үкіметке мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрғандардың мәселесімен айналысуды тапсырды. Жыл сайын жалпы көлемі кем дегенде 2 миллион шаршы метр болатын тұрғын үйлерді пайдалануға беріп отыру қажет екендігін айтты. Орталық аудандарды ескірген үйлерден тазарту қажеттігін жеткізген Н.Назарбаев Астана әкіміне елорда құрылысын ықшамдап салу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті тұрғын үйді жалға беру жөнінен «көлеңкелі» нарықтың белең алып отырғанына, үлескерлер проблемаларына тоқталды, заманауи көлік инфрақұрылымын ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды.
– Туристік орталыққа айналу үшін Астананың әлеуеті жеткілікті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елорда туризмін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысының кемшін тұстарын да тізбелеп өтті. Елбасы айтып өткендей, қалада салынған көкөніс қоймасы, коммуналдық базар, сауда павильондары желісі әлі де толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, сегіз көкөніс қоймасының екеуі жұмыс істемейді, ал қалғандарының төрттен бір бөлігі ғана толтырылған. Өткен екі жыл ішінде ғана Астанаға құны 42 млрд теңгеден асатын қаражатқа импорттық азық-түлік әкелінген. Олардың көбісі – өзіміз өндіре алатын өнім. Мұның бәрі, түптеп келгенде, Астана төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі жұмыстың сәтсіз болғанын білдіреді.
Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қаланың дайындық барысына қатысты Ұлттық компания мен Үкімет алдындағы міндеттерді айқындап берді.
– Нысандардың көпшілігінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сонымен бірге, Конгресс-орталық пен мейрамхананың құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Олардың уақтылы тапсырылуын қамтамасыз ету керек. Қонақтар алғаш әуежай мен вокзалға келген сәттен бастап-ақ көргенін көңілге түйе бастайды. Барлық инфрақұрылым толық дайын болуы керек. Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының да әуежайлары резерв ретінде қонақтарды күтіп алуға дайын болсын, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, кеңес барысында көрме өтетін күндері мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру, ақпараттық жұмыс, Астана қонақтары мен тұрғындарының қауіпсіздігі, қонақтарды қарсы алуға волонтерлерді дайындау сынды мәселелер де қамтылды.
– Енді көрмені мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне келейік. Қатысушы елдер экспозиция жобаларын әлі бекітіп болған жоқ. Барлық шетелдік қатысушылардың өз павильондарын мазмұндық жағынан толтыру үдерісін тездетуді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Қазақстанның павильонына да ерекше назар аударылады. Оған отандық 28 әзірлеме, соның ішінде жоғары оқу орындарының жобалары іріктелініп алынды. Біздің экспонаттар халықаралық экспонаттардан кем түспеуге тиіс, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, бас қаланың ғана емес, елдің мәртебесін арттыратын ауқымды шараның ашылуына 48 күн қалды. Президент Үкіметке, Астана әкімдігіне, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына осы уақыт аралығында атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»