• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2017

Астана саммиті қарсаңындағы кездесу

172 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Кездесуге Қазақстан Респуб­ликасының Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И, Қырғыз Респуб­ликасының Сыртқы істер министрі Э.Абдылдаев, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров, Тәжікстан Республикасының Сырт­қы істер министрі С.Аслов, Өзбек­стан Республикасының Сыртқы істер министрі А.Камилов, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Р.Алимов, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының Өңірлік анти­террорлық құрылымының атқару комитетінің директоры Е.Сысоев, Қазақстан Республикасы Пре­­зи­денті­нің халықаралық мәсе­лелер жөніндегі көмекшісі Н.Онжанов қатысты.

Қазақстан Президенті құттықтау сөзінде ұйымның Астанадағы саммиті қарсаңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кездесуі өтуінің маңыздылығын атап өтті.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел ретінде біз биылғы маусым айында өтетін саммитке зор мән беріп отырмыз. Ұйымға біздің төрағалығымыз өңірдегі және әлемдегі қиын үдерістер кезеңімен тұспа-тұс келді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге тоқ­талып өтті. Бұл ретте Шанхай ынты­мақтастық ұйымының қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынты­мақтастығы тұжырымдамасын бекіту жұмыстарын жандандыру, ұйымның экстремизмге қарсы тұру жөніндегі конвенциясына қол қою және осы туралы мәлімдеме мен ұйымға мүше мемлекеттердің нашақорлыққа қарсы күрес стратегиясын қабылдау мәселелері қамтылды.

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тас­тықтың маңызы зор. Ал­дағы сам­миттің күн тәртібіндегі өзек­ті мәсе­лелердің бірі ретінде Үнді­стан мен Пәкістанды Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымының толық­қанды мүше­лігіне қабылдау үрдісін аяқтау туралы шешім жөнінде де айтып өткен жөн. Сондай-ақ, келешектегі жоспарларымызды айқындайтын Астана декларациясын қабылдауды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.