«Тұрғын үй саласына салынған инвестиция 2015 жылғы 740 миллиард теңгеден 2016 жылы 830 миллиард теңгеге артты. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 174 млрд теңге бағытталды. 2016 жылы республиканың тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге көбейді. Бұл – шамамен 90 мың баспана. Биылғы есепті кезеңде жалпы алаңы 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 25 мың баспана салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға артық. Айта кету керек, жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер, оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер салынады», деді комитет төрағасы.
Брифинг барысында жеке тұрғын үй құрылысын қолдау және оны дамыту мақсатында облыс орталықтарында ұсынылған жаңа қанатқақты жоба жайында және берілетін әлеуметтік баспанаға қатысты мәселелер де сөз болды. «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделуде», деді М.Жайымбетов.
Жүргізілген реформалар кәсіпкерлер үшін рұқсат алу ресімдерінің санын 25-тен 8-ге дейін және құрылысқа рұқсат алу мерзімін 3 айдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді екен. «Атқарылған шаралардың нәтижесінде «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның позициясы жақсарды. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан екі жылда 152-орыннан 22 орынға көтерілді. Құрылыс саласындағы сараптамалық қызметтің өзін-өзі реттеуіне көшуі аясында сараптаманың 60 пайызы нарықтық ортаға берілді, 2020 жылдан бастап жобаларға сараптама жасаудың 90 пайызы жеке нарықта болады», деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, технологиялық карталарды әзірлеу негізінде құрылыстағы жаңа технологияларға сметалық бағалау кеңеюде. Құрылыс саласын техникалық реттеудің еуропалық және әлемдік жүйелеріне кірігу шеңберінде 2017 жылдың соңына дейін жалпы құрылыс мәселелері бойынша ескірген құрылыс нормалары мен ережелерін алып тастау жоспарда бар. 2019 жылдың соңына дейін Еурокод жүйесіне толық ауысу көзделіп отыр.
Баспасөз мәслихатынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Мархабат Жайымбетов биыл әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арендалық баспана салуға 25 миллиард теңге бөлінгенін айтты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бөлінген сома 1,5 миллиард теңгеден әрбір өңірге таратылып берілді. Бұл – әрбір облыста 180 пәтер салынады деген сөз.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»