Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ал ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз.
Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ел Президентінің ерекше назар аударып отырғаны бекер емес. Өйткені, әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз.
Рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, бала бақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сондықтан, ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мысалы, біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2009 жылдан бері «Ұлттық тәрбие», «Абайтану» пәндері оқытылып келе жатқаны осы ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру мақсатынан туындағаны сөзсіз.
Жалпы, ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол, сөзсіз, ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан, мұнда алдымен мемлекет құруға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сон-
дай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.
Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан индустриалық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге, «Мәңгі ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық.
Біздің ойымызша, ұлттық тәрбие өзара тығыз байланысты екі бастаудан нәр алуы тиіс. Оның біріншісі – қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, бақыт туралы арман-аңсар. Таратып айтсақ, осындай арман-аңсардың мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде, тіл мен ділде, діни сенім-нанымда түрліше көріністері болуы керек. Екіншісі – бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық ахуал. Бірінші жағдайға қатысты ойымызды одан әрі өрбітер болсақ, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-нанымы мен діні дегенде тарихтың сүзгісінен сараланып өткен рухани құндылықтарға басымдық сипат берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де оң шешім табатын жолымен ілгері басуына кепіл бола алар еді.
Әрине, бүгінгі қоғамдық-психологиялық ахуал дегенде осы бағыттағы әлемдік тәжірибелердің озық үлгілері мен жетістіктері де назардан тыс қалмауы тиіс. Түсінген кісіге қазіргі заман көзімен қарасақ, қоғам түбегейлі өзгерген. Жастардың психологиясы, таным-түйсігі мүлдем басқаша. Бүгінгі қоғамдық қатынастар кейінгі ұрпақты бәрібір өз дегеніне көндіруде. Тіпті, ұлттық құрамы да ала-құла. Ұлт (отбасы) ала-құла болған соң, тілі де біркелкі емес. Осыған байланысты бүгінгі қазақ отбасының ұлттық тәрбиесі күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Мұндай өзгерістерге біз әрқашан дайын болуымыз керек. Ол үшін білім арқылы тәрбиелеудің әлемдік озық үлгілеріне арқа сүйегеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда ғана біз бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз.
Халықаралық деңгейдегі білімнің басты ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау болса, оның алғы шарты білім арқылы тәрбие берудің ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген сөз. Сондықтан, дүниежүзілік тәлім-тәрбие берудің озық тәжірибелерін игермей ұлттық тәрбие идеясын толыққанды жүзеге асыра алмаймыз. Бүгінгі тарихи-психологиялық ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Онсыз білім де, тәрбие де өз деңгейінде болмайды. Шын мәнінде, тәуелсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мәдениеттің сақталуы және халыққа рухани қызмет ету әлеуеті емес пе?! Ол-ол ма, ұлттық бостандық ұғымының түпкі мазмұн-мағынасы да осыған саяды. Жастарды ойдағыдай тәрбиелеуге біздің мүмкіндігіміз бар. Өйткені, ол үшін батыс мәдениетімен, білімімен бәсекеге түсе алатындай ХХІ ғасырда рухы биік мәдениетіміз бен біліми әлеуетімізді қалыптастыруды қолға алу өте-мөте маңызды. Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең деңгейдегі ұлт жаһандану деген алып мұхиттың үстінде өзінің келбетін жоғалтпайды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын. Президенттің «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық бағдарламасындағы идеямен қаруланған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын жасады. Бүгінде біз университетте тәрбие мәселесін, оның ішінде ұлттық тәрбие проб-
лемасына бірінші кезекте ден қойып отырмыз. Өйткені, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айналдырып, жан-жақты ізденетіні, ғылыммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым, шындығында, аса зор өндіргіш күш, зор байлық. Сондықтан, да әлемдік жаңа идеология білім күшіне сүйенеді. Сондай-ақ, қазіргі замандағы білім беру жүйесінің міндеті – қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, зияткер болуын қамтамасыз ету.
Біздің университетіміздің білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін қамтамасыз ете алатын ежелден қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар. Сондай-ақ, ол кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Университеттің педагогикалық әлеуеті болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік, мемлекетшілдік сана мен ұлттық ар-ождан сияқты қасиеттерін тәрбиелеуде жинақтаған іс-тәжірибелері аса мол. Біздің университеттің еліміздің басқа жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі де осында.
«Ұлттық тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы ең басты қажеттілік – жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру дейтін болсақ, бұл бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі саналады. Сондықтан, оқу үдерісіне «Ұлттық тәрбие» сабағы енгізіліп, ол жеке пән ретінде барлық мамандықтар бойынша оқытылуда. Бағдарламаның тиісті жұмыс істеуі үшін оған 4 кредит бөлініп, тиісінше оқу жос-
парына енгізілді. Сонымен бірге, арнайы «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, оған өз ісінің білгірлері саналатын білікті де тәжірибелі мамандар тартылып отыр. Осы бағыт бойынша мемлекеттік тілде оқулықтар мен оқу құралдары дайындалды. Келешекте «Ұлттық тәрбие» пәні ұлттық рухтың, тіл мен ділдің алтын қазығы саналатын балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейдегі оқу орындарында кәсіби-базалық деңгейде оқытылатынына сеніміміз кәміл.
Қазір біздің бұл бастамамыз елімізде кеңінен қолдау тауып, жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбиені оқытуға ерекше ден қойылуда. Ұлы Абай мұралары да ұлттық құндылықтарға толы. Сондай-ақ, халықтың шешен-билерінің, ақындарының, күйшілерінің мұралары да рухани байлығымыздың қайнар көзі. Біз оларды мектепте де, жоғары оқу орындарында да мына өзгермелі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыруымыз керек. Ал білім беру саласы да үнемі ұлттық сипатпен байытылып отырса нұр үстіне – нұр.
Міне, бұл да болса Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінен туындайтын ұлттық сананы қалыптастыру туралы міндетті жүзеге асыруға бастайтын сара жолдардың бірі.
Елбасы ұсынып отырған екінші жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Осы жоба бойынша тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты гуманитарлық бағыттар бойынша әлемдегі жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Тіпті, 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқулықтармен оқытыла бастайтыны бізді қуантуда.
«100 оқулық» бағдарламасы бойынша жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беретін болсақ, мұның өзі білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауға қол жеткізіледі. Жіктеп айтар болсақ, әлем елдерінің ең таңдаулы оқулығын оқыту арқылы студенттеріміздің дүниетанымы кеңейіп, жаһандық өркениеттен хабары арта түсетіні сөзсіз.
Елбасы ұсынған үшінші міндет: «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Біз отбасында, бала бақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жастарымыздың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып тәрбиелесек күні ертең олар туған елін де, отанын да қадірлеп, қастерлейтін жанашыр ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған өміршең құжат болып табылады. Сондықтан, мектеп те, жоғары оқу орындары да алдағы уақытта осы құжатты жүзеге асыруға жұмылуы тиіс.
Қысқасы, Елбасының ұсыныстары мен кеңестері Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңінде халқымыздың ұлттық сана-сезімін биік деңгейге көтеру арқылы Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтарын тәрбиелеп қалыптастыру ниетінен туындаған жанашырлықтың айғағы деуге болады.
Бүгінде біздің университетімізде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында талқылау, түсіндіру және насихаттау бағытында ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күннің өзінде «Рухани жаңғыру – Қазақстан дамуының негізі» тақырыбында жалпы университеттік дөңгелек үстел өткізіліп, белгілі саясаттанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салса, онан бері университет құрамындағы барлық институттар Елбасының бұл еңбегі бойынша ашық дәрістер өткізуде. Айталық, «Филология және көптілді білім беру» институты өткізген «Рухани жаңғыру: қоғам, білім және ғылым» тақырыбындағы симпозиумға өз еліміздің белгілі ғалымдары мен шетелдік ғалымдар да біздің Елбасымыздың жаңа еңбегін жан-жақты талқылап, оған жоғары баға берді. Мұндай игілікті іс-шаралар үнемі жалғасын табатын болады.
Серік ПІРӘЛИЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі, профессор