Орталық музей таяу уақытта ғана Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары федерациясымен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы мен Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының 25 жылдығына орай «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» атты халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі жеңімпаздарының көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің табысты өтуі үшін музей директорының мәдени-білім жұмысы және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Бейбітқали Қақабаев зор еңбек сіңірді. Аталған бірлескен іс-шараға Қазақстандық федерациялар клубының сенімді серіктестері – Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Андрей Сергеевич Шевелев пен Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ақмарал Оразиманның қатысқанын да атап өткіміз келеді. Көрме ашылған алғашқы күні жәдігерлермен танысуға келген алғашқы қадірменді қонақтар балаларға шығармашылық шыңдалу мен жетістіктер тілеп, еліміздің жарқын болашағына деген ізгі үміттерін білдіргенінің өзі мәртебе саналып отыр. Жыл сайын балалар байқауын ұйымдастырушы Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Серікхан Аязбаевтың да есімін осы арада ерекше атап өткенді жөн санадық. Бұл бірлестік балалар шығармашылығын дамыту жолында ұдайы түрлі де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Қазақстан 2008 жылдан бастап «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасына қатысушы мемлекет саналатынын айта кеткен жөн. Фестиваль өткен жылдарда Азия-Тынық мұхиты аймағының 24 елінен қатысқан 700 мыңға жуық бала өз өмірлерінің ең бақытты 5 күні туралы қызықты эсселерін байқауға ұсынған. Бұл эсселерде бақытты балалық шақты аңсаған балдырғандардың арман-үміті ерекше көрініс тапқанын еске салғанымыз абзал.
Көрменің ашылу салтанатында Халықаралық жобаның Алматыдағы үш жеңімпазына ұйымдастырушылардан естелік сыйлықтар тапсырылды. ЮНЕСКО Клубының жаңа мүшелеріне ресми түрде мүшелік төлқұжаттар мен төсбелгілер берілді. Байқаудың бас жүлдесін иеленген 11 жасар Қабдырғали Берденге арнайы медаль мен диплом табысталса, 10 жасар Әмина Әзиева «Mitsubishi» корпорациясының арнайы жүлдесіне ие болды. Бұдан бөлек, 12 жасар Дмитрий Лоташ Азия-Тынық мұхиты аймағының ЮНЕСКО Клубтары және Ассоциациясының арнайы жүлдесімен марапатталды.
Алматыдағы бұл көрмені қысқа мерзім ішінде 2000-ге жуық көрермен тамашалаған екен. Өмірдің ізгі қуаныштарын, бейбітшілікті, жасампаздықты, жаңғыруды бейнелеген балалар шығармашылығы туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,
ҚР МОМ кіші ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ