Аталған форумда курорт ісінің менеджменті, Қазақстан шипажайларын аккредитациялау, шипажай-курорттық ұйымдарды дамыту және көбейту, курорт ісі мамандарының кәсіби білімін арттыру сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген ірі ғылыми-зерттеу институттарының, медициналық оңалту орталықтарының, шипажай-курорттық мекемелерінің өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ, оған медициналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы Германиядан, Чехиядан, Италиядан, Ресейден келген жетекші мамандар қатысты. Шараны Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы Ұлттық шипажайлар қауымдастығымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Президенттің Іс басқармасының Медициналық орталығы – еліміздегі курорттық саланы дамытуды қолға алған алғашқылардың бірі әрі осы саладағы көптеген істерге бастамашы болып келе жатқан мекеме. Осы орталықтың басшысы, «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Валерий Бенбериннің айтуынша, азаматтардың денсаулығын нығайтып, созылмалы сырқатпен ауырған жандардың жаны мен тәнін қалпын келтіруде курорттық кешендердің көмегі көп. Бүгінде бұл сала сауықтырудың ең тиімді әдісі ретінде әлемдік практикада кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан медицинасы да оңалту шараларына айрықша маңыз беріп отыр. Осы саланы өркендету ісіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан аталмыш медициналық орталықта қазіргі таңда 4 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Медициналық орталықтың шипажай-курорттық ұйымдарында жыл сайын 25 мыңнан астам адам демалып, тиісті ем-домын алып шығады екен.
Президенттің Іс басқармасының Медициналық орталығы денсаулықты нығайтуға бағытталған шараларды одан әрі дамытып, жұртшылыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуді көздейді. Осы мақсатта былтырдан бері «Шипажай-2017» ғылыми-практикалық конференциясын өткізуді қолға алған. Өткен жылы медициналық орталықтың «Алматы» шипажайында өткен алғашқы жиында еліміздегі оңалту ұйымдары мен шипажайлық-курорттық қызметті бір орталыққа біріктіру жөнінде бастама көтеріліп, соның нәтижесінде Қазақстанның Ұлттық курорттық ассоциациясы құрылған болатын. Енді алдағы уақытта курорттық істерді зерттеумен айналысатын ғылыми институт ашу жоспарлануда.
Мәліметке сүйенсек, бүгінде Қазақстан аумағында 200-ден астам шипажай мен курорт бар. Ал олардың жұмысын бірыңғай басқару жүйесіне көшіру, шипажайлық кешендерді дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу, осы салаға инвестиция тарту қазіргі медицина саласының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Қазақстанның Ұлттық шипажайлар қауымдастығының президенті Саягүл Қайыргелдинаның айтуынша, Қазақстан Республикасының шипажайлар қорының ұлттық тізілімін жасауды аяқтап, оны қазақстандық шипажайлар базасында сауығу мүмкіншілігі туралы қолжетімді ақпараттармен қамтамасыз ету үшін шынайы жұмыс тетігіне айналдыру қажет. Сонымен қатар, шипажай нысандарының міндетті жіктемесін бекітіп, медициналық қызмет деңгейі мен орналасу жайлылығы бойынша санаттарға бөлу керек.
Жиынға қатысып, сөз сөйлегендер денсаулықты қорғау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін, соңғы жылдары денсаулықты қалпына келтіру саласына елімізде басымдық беріліп отырғанын айтты. Қазақтың ұлан-ғайыр жері пайдалы табиғи ресурстарға бай екендігін алға тартып, осындай ен байлығымызды емдеу-сауықтыру ісіне тиімді пайдаланып, бұл саланы тиісті деңгейге жеткізуге ұмтылуымыз керектігін тілге тиек етті.
Конференция қатысушылары соңғы жылдары Қазақстанның медицинасы қарқынды дамығанын айтады. Әсіресе, елімізде буын, жүрек, бауыр, бүйрек алмастыру секілді операциялар табысты жасалып жатыр. Мұндай ауыр оталарды басынан өткерген азаматтардың көбеюіне байланысты оңалту, қалпына келтіру шараларына жаңаша көзқарас пен тың серпін қажет. Осындай мәселелерді алға тартқан мамандар ғылыми практикалық-конференцияның қарарын қабылдады.
Басқосу аясында сондай-ақ, шипажай-курорттық ұйымдардың және фармацевтикалық өнім өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасындағы курортология мәселелері» атты ғылыми-практикалық және ақпараттық журналдың алғашқы нөмірі таратылды.
Жалпы, екінші рет өткізіліп отырған халықаралық ғылыми-практикалық форум биыл Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының демалыс орындарының бірі – «Оқжетпес» шипажайының 50 жылдығына орай өткізілді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы