– Жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Үздік маман» конкурсы былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған болатын. Ал, биыл Қазақстанды газбен жабдықтайтын ең ірі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азияның» 20 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылды. Осы 20 жылдың ішінде еліміздегі магистральды газ құбырлары жүйелерінің ұзындығы 18 мың шақырымға жетті. Жаңа газ құбырларының құрылыстары жүргізіліп, газ тасымалдау жүйелерінің өзге де нысандары салынды. Әлеуметтік инфрақұрылым дамыды. Компания қалыптасу және даму кезеңдерінен өтті. 20 жылда «Интергаз Орталық Азия» тасымалдаған газдың жалпы көлемі 2 трлн текше метрден асады. Осы жетістіктер – білікті мамандардан құралған үлкен ұжымның еңбегінің нәтижесі. Бұл байқауға өз кәсібін жақсы меңгергендер жиналған. Осында келген әрқайсыларыңыз компанияның мақтанышысыздар, ұжымның табысты дамуының негізі де сіздерсіздер. Сіздер өз шеберліктеріңізді танытуға, үздіктердің үздігі атануға лайықсыздар. Мұндай атақты еліміздің ең ірі газ тасымалдау компаниясынан алу үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік, – деді жарыстың ашылу салтанатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шаңбатыров.
Шаңбатыров мырзаның айтуынша, елімізде ірі газ құбырлары салынып жатыр. Батыстан оңтүстікке бағытталған Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры іске қосылды. Халықаралық транзит шеңберінде 4 мың шақырымнан астам магистральды газ құбыры, өте жоғары қысымды 13 компрессор салынды. Соңғы технологиямен Англия, Францияда жасалған қондырғыларды игеру үшін көп оқып ізденумен қатар өндірістік тәжірибе де жинау керек. Оның бойына көптеген жоғары технологиялық агрегаттар орнатылған. Соларды игеру үшін мамандарымыз сол дәрежеде болуы керек. Мұндайда жоғары технологияларды қолдана отырып мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдайтын «Үздік маман» байқауының берері мол. Еңбек және өндіріс қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттайтын жарыс 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқауға бүгінге дейін 3 мыңдай маман қатысып, бақтарын сынаған. Қаншамасы үздіктер атанды десеңізші...
Екі кезеңнен тұратын жарыста негізгі төрт бағыттағы – газ сығымдау стансалары, магистральды газ құбырлары, газ тарату құбырлары және жер асты газ сақтау қоймаларының қызметкерлері 15 аталым бойынша кәсиби біліктіліктерін ортаға салды.
Байқауға қатысуға ниет білдірушілер өз бетінше теориялық білімдерін жетілдіруі тиіс екен. Өйткені, олар тапсыратын теориялық тест екі блоктан тұрды. Алғашқысында жалпыға ортақ еңбек және өндіріс қауіпсіздігі ережелерін сақтау сұралса, екіншісінде өздерінің мамандықтары бойынша теориялық білімдері сыналды.
Екінші кезеңде қатысушылар еңбек қауіпсіздіктерін білетіндерін практикалық тұрғыда дәлелдеуге ұмтылды. Мұнда газдан улану, токқа түсіп қалу, есін жоғалту, жоғарыдан құлау, жарақат алу жағдайларында алғашқы медициналық көмек көрсету секілді тапсырмаларды орындау міндеттелді.
Үшінші кезеңде жұмысшыларды өз мамандығы бойынша өндірістік сынақтар күтіп тұрды. Олар қазылар алқасының ұйғарымына қарай кешенді жұмыстарды жүзеге асырумен айналысты.
Қазылар алқасы аталған үш кезеңнің нәтижелерін үш күн отырып шығарды. Бағалаудың жиынтық көрсекіштері бойынша үздіктерді анықтады. Қазылар алқасының құрамында бас директордың орынбасары – комиссия төрағасы, кәсіподақ төрағасы, өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау департаментінің директоры – комиссия төрағасының орынбасары, магистральды құбырларда газ сығымдау стансаларын эксплуатациялау департаментінің директоры және барлық мамандықтар бойынша кәсіби мамандар болды.
Байқау қорытындысында 15 аталым бойынша жеңімпаздардың алғашқы үштіктері арнайы димломдармен марапатталды. Жалпы саны 45 адамға бағалы сыйлықтар мен жыл бойы берілетін қаржылай үстемақылар тапсырылды. Ал бірінші орынды иеленген үздіктердің омырауларында «Үздік маман-2017» төсбелгілері жарқырады.
– Менің Шымкентке келуімнің өзі үлкен қуанышпен басталды. Алғашқы күні Ақтаудан отбасым хабарласып, сүйінші сұрады. Келінім екінші перзентін өмірге әкелді, – дейді қос қуанышын жасыра алмаған, «Технологиялық компрессорлар машинисі» аталымы бойынша үздік маман атанған Нұрберген Жақашев толқып тұрып. – Бұған дейін де грамоталармен марапатталғанмын. Бірақ мен үшін бұл жеңістің жөні бір бөлек. Үздік маман атану зор мәртебе болғанымен, мұндай атақтың жауапкершілігі де үлкен.
27 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан үздік маман рас айтады. Үздік маман атану үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»