Біріншіден, мұндай дипломатиялық қадам тарихи тамыры, мәдениеті, тілі мен діні бір, бауырлас, көршілес елдерді жақындастыра түсері анық. Екіншіден, аталған сапар барысында Қазақстан мен Түрікменстан арасында стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылуы екіжақты серіктестікке бағытталған қарым-қатынастардың жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Үшіншіден, Ауғанстан сияқты күрделі ішкі мәселелері бар мемлекетпен шекаралас Түрікменстанмен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа аймақ елдерінің ішінде алғашқы болып қол қойылуы Астана мен Ашғабад арасында өзара сенімнің артқанын айғақтайды. Сондай-ақ, бұл аймақтық және мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды шешім еді. Төртіншіден, түркімен халқының қорғаушысы – «Аркадағ» (арқа сүйер тау) мәртебесіне ие Бердымұхамедовтің президент болып жаңадан сайланғаннан кейінгі алғашқы сапарларының бірін Астанаға жасауы түркі әлемінде жетекші рөлге ұмтылған Қазақстанның аймақтағы саяси салмағын көрсетсе керек. Бесіншіден, Түрікменстан басшылығы елімізге энергетика, көлік-транзит, инвестиция, Каспий теңізінің мәртебесі, Ауғанстан түйткілі, аймақтық ықпалдастық сияқты нақты мәселелер бойынша пікір алмасып, ортақ әрекет етудің мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында да келді. Алтыншыдан, Астанада Бердымұхамедовтің қазақ тілінде жарық көрген үш кітабының тұсаукесерін жасауы түрікмен тарапының осы жолғы сапарға жақсылап дайындалып келгенін білдіреді.
Қысқасы, Астанадағы екіжақты кездесу барысында Бердымұхамедовтің өз сөзімен айтқанда, «тек экономикалық мәселелер ғана емес», сонымен қатар, екі ел және аймақ үшін өте өзекті саяси және күрделі халықаралық тақырыптар талқыланғаны рас. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Түрікменстанның саяси қарым-қатынастарын да жаңа стратегиялық белеске шығарып, аймақаралық және шек-
аралық байланыстардың дамуы сияқты кейбір түйткілдердің оң шешілуіне серпін береді. Бұдан бөлек, екі ел арасында осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған статистикалық ақпараттармен алмасу туралы келісімге қоса, аталған сапар барысында құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісімге қол қойылуы ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды қадам болды.
Орталық Азия тұрғысынан алсақ, осы сапардан шамамен бір ай бұрын алдымен Ашғабадқа, кейін Астанаға Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеевтің келіп кеткені де ескерілуі тиіс. Шетелдің E-daily сараптамалық порталында Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан үштігінің құрылуы мүмкіндігі туралы жазылыпты. Қалай болғанда да, бұған дейін ұстамды саясат жүргізіп келген қос іргелес елмен байланыс-
тарды нығайту Астананың стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Үш мемлекет аймақтың экономикалық және энергетикалық көшбасшылары екені рас. Сондықтан, бұл үштік түрлі бағыттарда ортақ көлік-логистикалық, энергетикалық жобаларды дамытуға мүдделілік танытып қана қоймай, жүзеге де асыра алар еді.
Қазақстан мен Түрікменстанның халықаралық транзит-көлік саласында ортақ мүдде мен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндігі зор. Қос мемлекет жылдар бойы жетілдіріп келген энергетикалық, көліктік және транзиттік стратегияларының синергиясын пайдалана алады. Орталық Азияның бірлескен көліктік картасын қалыптастыру және экономикалық тиімділік тұрғысынан екі елдің осы бағыттағы саясаты бір-бірін толықтыра алады.
Түрікменстан – еліміз және аймағымыз үшін Таяу Шығыс нарықтарына шығатын транзит дәлізі қызметін атқарады. Астана мен Ашғабад аймақтық ықпалдастық саласында Қазақстан – Түрікменстан − Иран темір жолын бірге салып, Орталық Азия елдерінің Таяу Шығыс нарықтарына шығуының негізін қаласа, Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан − Қытай табиғи газ құбыры арқылы да Қытаймен байланыстардың дамуына қомақты үлес қосып отыр. Сонымен қатар, Түрікменстан Ресей нарықтарына Қазақстан жері арқылы шыға алады.
Осы орайда, Г.Бердымұхамедов Түрікменстан мен Қазақстанның көлік саласындағы ынтымақтастығы Орталық Азия елдерін қоса алғанда, Солтүстік − Оңтүстік, Шығыс − Батыс бағыттарындағы экономикалық интеграция мен серіктестіктің маңызды факторы екенін мәлімдеді.
Г.Бердымұхамедовтің ойынша, Еуразиялық жолдардың түйісу нүктесінде орналасқан Түрікменстан мен Қазақстан көлік саласында ынтымақтасып, жаңа көлік-транзиттік дәліздерді дамытуға қатысуы қажет. Түрікмен тарапы елде көптеген ірі жобалардың салынып жатқанын, әсіресе, бизнес саласындағы сол жобаларға қазақстандық компаниялардың белсене қатысқанын қалайтынын жеткізді.
Түрікменстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында энергетика және көлік салаларында тиісті қарарлар қабылданғанын ескеру керек. Жуырда Түрікменстан президентінің Қатарға мемлекеттік сапармен баруы Ашғабадтың халықаралық энергетикалық саясаттағы ірі ойыншылармен байланысын жетілдіру мақсатын білдіреді.
Г.Бердымұхамедов осы жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланған Каспий елдері саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылатынына сенім білдірді. Қазақстан мен Түрікменстан Каспий теңізінің бейбітшілік пен серіктестік аймағы болуы қажеттігін айтып келеді. Келіссөздерде екі тараптың ұстанымдары бір-біріне жақындай түсіп, әсіресе, Каспийдің экология, биосфера мен флора мәселелеріне көңіл бөлінетін болды. Каспий теңізі бойынша екі ел арасында жаңа теңіз бағыттарын ашу жөнінде жұмыстар жүргізіледі.
Түрікменстанның Арал және трансшекаралық өзендер мәселесіне мән беруі бұл елдің аймақтық үдерістерге белсене атсалысатынынан хабар береді. Тараптар Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын одан әрі жандандыра түсуге де уағдаласты. Арал мәселесінің түпкілікті шешілуіне Түрікменстан мен Өзбекстанның атсалысқаны өте маңызды бетбұрыс болар еді.
Түрікмен тарапы Ауғанстан мәселесінің реттелуі үшін БҰҰ институттары және халықаралық ұйымдардың қатысуымен тиімді саяси-дипломатиялық тетіктерді іске қосу керектігін айтып отыр. Ашғабадтың ойынша, соңғы кездерде Ауғанстандағы ахуал біршама жақсарғанға ұқсайды. Осы мәселеде Түрікменстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекет – Қазақстанның қолдауына сенім білдіреді. Екіжақты кездесуде Ауғанстан мәселесінің күн тәртібіне шығарылып, ашық талқылана бастауы Ашғабадтың ұстанымында кейбір өзгерістердің болғанын көрсететіндей. Оның үстіне, Ашғабад TAPI газ құбыры жобасын және Түрікменстан – Ауғанстан −Тәжікстан темір жолы сияқты жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Қысқасы, Түрікменстан тарапы осы жолы Қазақстанмен халықаралық алаңда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Бұл, біріншіден, еліміздің дипломатиялық саладағы жетістіктерінің көрші мемлекеттер тарапынан мойындалғанының белгісі болса, екінші жағынан, Түрікменстанның аймақтық саясатындағы соңғы өзгерістерден хабар береді.
Түрікменстан президенті 2016 жылдың соңында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына көңілі толмайтынын, халықаралық аренада елді таныстыру шараларының баяу жүріп жатқанын айтқан еді. Одан кейін елдің ақпарат агенттіктерінің халықаралық байланыстары біршама дами түсті. Соның бір көрінісі болар, өткен сапар аясында Түрікменстанның «TDH» мемлекеттік ақпарат агенттігі мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі арасында меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты − аймақтық интеграция негізінде екі елді ақпаратпен алмасу арқылы жақындастыру. Түрікменстан тарапы мұны елдің ақпарат саласындағы халықаралық байланыстарын кеңейту және имидждік стратегия тұрғысынан жылы қабылдады. Бұл түркі әлемінің ақпарат кеңістігін қалыптастыру бағытындағы маңызды жетістік болды.
Жалпы, Астанадағы қазақ-түрікмен келіссөздері саяси үнқатысудың әрі қарай дамуына серпін беріп, мемлекетаралық қатынастардың нығая түсуіне жол ашатыны күмәнсіз. Ал, екіжақты қатынастарды дамытудың ең тиімді жолдарының бірі аймақта жаңадан қалыптасып келе жатқан ынтымақтастық жөніндегі бастамаларды қолдау болып табылады. Бұл жаңа қатынастардың негізін мемлекеттердің және аймақтың стратегиялық мүдделері, жаһандық мәселелерге ұқсас көзқарастың болуы, өзара құрмет, ашықтық пен сенім, ортақ рухани құндылықтар құрамақ.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
саясаттанушы