Сатирик, татар ұлтының өкілі Ғұмар Ахметшиннің Қостанай өңіріне ғана емес, елімізге аты мәлім. Қазақ сатирасының қамшыгері Темірбек Қожакеевтің «тепкісінен» шыққан оның «Көзі сынық тебен», «Көзілдіріктің кесірі», «Қолды болған қораз» және «Ұмытшақтық зобалаңы» атты кітаптары оқырман қолында жүр. Үндемей жүріп күлдіріп, бүлінгенді сөз сойылымен түртіп түзетіп жүретін жазушы жетпістің желкесіне мінсе де әлі шығармашылық тұғырдан тайған жоқ. Соңғы жылдары сатирик ағамыздың лирикалық өлеңдері баспасөз бетінен жиі көрінетін болды.
Оқырмандармен болған кездесуде автор шығармаларымен қатар, жалпы сатираның бүгінгі қоғамдағы орны туралы да мәселе көтерілді.
– Сатира жанры қай уақытта да қоғамдағы жат қылықтарды, дамуға кесел болып отырған жайларды сынап-мінейді, оларды болдырмауға тырысады. Қасқырды даланың санитары десек, сатираны қоғамның санитары деу керек. Кеңес Одағы жылдарында бұл жанрдың белсенділігінің күшті болғанын да айта кеткім келеді. Ол кезде газет бетіндегі фельетонға іліккен басшылар тікелей жауап беруші еді. Ал қазір қоғам басқа, бірақ сатира үнсіз жатқан жоқ. Күлкі қару екенін әлі көрсетіп келеді, – деді жазушы Ғұмар Ахметшин. Жазушы шығармашылығы туралы сатирик Күләш Байдалы, ақын Ақылбек Шаяхмет, оқырман Төлеген Шоланов пікірлерін айтты.
Ғұмекең – татар мен қазаққа тел жазушы. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары әкесі Ғарифолла Әулиекөл өңіріндегі қазақ ауылына көшіп келіп, балаларын қазақ мектебінде оқытты. Қызыл саясаттың қырағы кезінің өзінде әкесі де, Қазанда діни медреседен білім алған анасы да ауылды имандылыққа ұйытты. Ал қазақ тілінің кәусарымен сусындаған Ғұмар бала жасынан сөз өнерімен «ауырды». Қазір қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының көрнекті өкіліне айналды. Жазушы бұл бақытының қазақ даласының киесінен екенін әрдайым айтып отырады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.