• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

«Шәкен жұлдыздары» фестивалінің өз кинематографиямызға қайыры бар ма?

588 рет
көрсетілді

Бұрнағы жылы Көктөбеге көтеріліп, келешекте Медеу мен Шымбұлақта өтеді деген «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі сәрсенбі күні тоғызыншы рет салтанатты түрде ашылды.  Халықаралық дәрежеге көтерілген мәдени шара бұл жолы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына ауысты. Биылғы кинодуманды да әдет­тегідей  «Шәкен жұлдыз­дары» ки­но­фестивалінің президенті Аса­н­әлі Әшімов пен атал­мыш фес­тивальдің бас дирек­торы Венера Нигматулина  аш­ты. Журналистермен өткен кездесу барысында кинофестиваль бай­қауына 19 елден келген 59 картина іріктелініп алынғаны ай­тылды. Оның ішінде «Дебют» секциясы бойынша 7 фильм, «Жас­­тар кино­сы» аталы­мы бо­йын­ша – 27 жұ­мыс, «Студенттік кинода» 19 лента бас жүлде үшін бағын сынап көр­мек. Ал қазақ­стан­дық жас режиссерлер 5 фильм қосып отыр. Оның 3-уі мультфильм болса, біреуі қысқа метражды студенттік фильм. То­лық метражды фильм­дер бай­қауында өз режиссеріміз Медет Ілгедаевтың «Мент» фильмі қатыспақ. Фестиваль ашылмай жатып-ақ,  «Шәкен жұлдыздарына» келген қонақтар Алматыдағы екі бірдей баспасөз мәслихатына қа­тысып үлгерді. Алғашқысы атал­мыш фестивальдің жай-жап­са­ры­на қатысты болса, БАҚ-пен өт­кен келесі басқосуды Ресей киногерлері өткізді. Биылғы кинофестивальдің қа­зылар алқасына  «Москва, любовь моя», «Экипаж», «Граница. Таеж­ный роман» сияқты бір­қатар тамаша фильмдердің режиссері Александр Митта жетекшілік етпек. Журналистермен өткен кездесуге Ресейдің танымал актері Дмитрий Марьянов, Сценарийстер мен режиссерлер жо­ғары курсының рек­торы Андрей Герасимов, Турин Олим­пиа­да­сы­ның қола жүлдегері Руслан Гончаровтар келді. Олар қым-қуыт тірліктен бір сәтке болса да босап,  «Шәкен жұлдыздары» сын­­ды фес­тивальдің қадірлі қонақ­тарына айналып шыға келгендеріне дән риза екендіктерін білдірді. Мәс­кеу сияқты мегаполистен кейін Алма­ты­ның шуақты күні мен ауасы оларға керемет болып көрінетінін де жасырмады. Ал Андрей Герасимов осыдан дәл жарты ғасыр бұрын, 1960 жылдары Алматыға жолы түскен екен. Бұл жолы Лондоннан кейін іле-шала Алматыға тартып отыр­ған Герасимовқа қазіргі оңтүстік аста­наның келбеті  мүлде ғажа­йып әсер қалдырған. Теледидарды тұрақты тамаша­лайтын халайық Ресейдің ең аты мәшһүр сатирик жазушысы Михаил Задорновтың қымсынбай айта беретін артық-ауыс  қалжың­дарын білсе керек. Ол да қадірлі қонақ ретінде сал­танатты оқиғаға қатысып отыр. Сөз орайы келіп тұрғанда, «Шә­кен жұлдыздары» кинофес­ти­валінің келешегіне қатысты мы­на сұрақты айналып өтуге болмайды. Яғн­и, осы мәдени шара қазақ­стан­дық кине­матографияға не берді? Ол ат төбе­ліндей топтың Шәкен Аймановтың кім екенін де білмейтін алыстағы киногер ағайын­дарды қолпаш­тауы­нан артылып көрді ме екен деген де әңгімелер болмай қалған жоқ. Биылғы өткізіліп отырған фес­тиваль бұл шараның соң­ғы­сы кө­рінеді деген жорамалдар да көп­тен бері айтылып жүр. Осы мәсе­леге орай Қазақстан Кинематографистер одағының төр­ағасы Игорь Вовнянко: «Шә­кен жұлдыз­дары­нан қол­дары­­ңызды тартыңыздар!» деп оқыс мәлім­деме жасады. Кинотану саласының тарих­шы­сы, публицист, Еуропа кино­ака­де­миясының мүшесі, «Шә­кен жұл­дыз­­дары» қазылар алқа­сының тұ­рақ­ты мүшесі Ханс-Иохим Шлегель: – Қалайша мұндай кинофестиваль керек болмай қалды? Сіздер бі­лесіздер, қазір бұл фестиваль шар­тарапқа белгілі болып келеді. Ма­мыр айында әлемде екі айтулы кинофорум болса – бірі Каннда, екін­шісі Алматыда өткізіледі, – деді. Бастапқы жаңалықтарды қо­рыта айтқанда, байқауда бақ сы­нап жатқан фильмдерден бөлек жұма күні «Алматы» қонақ­үйінде кәсіпқой кинематографистер клу­бы­ның отырысы өтпек. Бейсенбі күні американдық актер Майкл Мэдсон журналистерге сұхбат берді.  Ол Таран­ти­но­ның «Құтырған төбеттер», «Кө­леңке қуу», «Виллиді боса­тың­дар», «Билл­ді өлтіру», «Күнәлар қаласы» атты тамаша картиналармен танылған кино тарланы. Сонымен, сіркіреп жауған жаң­бырға қарамай, фести­валь­дің ашы­лу салтанаты дер кезінде басталды. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. _______________ Суреттерді түсірген  Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ.