11 мамыр күні Астанада Туризм және спорт министрлігі мен Тоғызқұмалақ қауымдастығының ұйымдастыруымен зияткерлік ойынның осы түрінен ІІІ жазғы спартакиада басталды. 17 мамырға дейін жалғасатын жарысқа 12 облыс пен Астана және Алматы қалаларының командалары қатысуда.
Спартакиада «Қазақстан» спорт кешенінде сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін және үзілістен кейін сағат 14.00 мен 20.00 аралығында өтуде.
Тоғызқұмалақ үш рет: 2006 жылы – Лондонда, 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік олимпиаданың бағдарламасына енді.
2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. Шетелдегі қазақтар үшін 2009 жылы Англияда, 2008 жылы Қытайда, 2007-2009 жылдары Түркияда, 2009-2010 жылдары Өзбекстанда, 2007-2008 жылдары Ресейде, былтыр Францияда бірнеше таныстырушылық шаралар, жарыстар ұйымдастырылды.
Ойын жанашырлары 2008 жылдың 1 – 8 маусым күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін халықаралық жарыс барысында шетелден келген делегаттармен бірігіп, Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын құрды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Қытай және Ресей елдері мүше болды. Қауымдастықтың президенті болып Әлихан Байменов сайланды. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан жаңа ұйымның 4 вице-президенті, 20 атқару алқасының мүшесі болатын болып келісілді.
2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалды. Алдағы уақытта төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен осы сайтқа кіру арқылы электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын талдауға, сақтауға болады.
2009 жылы 19-26 қазан аралығында Шымкентте тоғызқұмалақтан Азияның бірінші ашық чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа 9 елден барлығы 31 ойыншы қатысты. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей, Монғолия, Қытай, Түркия елдерінің ойыншылары өнер көрсетті.
Содан кейін былтыр 1-7 қараша күндері Астана қаласында тоғызқұмалақтан бірінші әлем чемпионаты өтті. Оған төрт құрлықтың 16 елінен барлығы 43 ойыншы қатысты. Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығы құрамы тағы 7 елмен толықты.
1 наурыздан бастап ақпараттық кеңістікте тоғызқұмалақты насихаттау үшін жаңа www.9kumalak.kz сайты ұсынылды.
2009 жылдың қыркүйек айынан бастап www.iggamecenter.com сайтында тоғызқұмалақты онлайн-режімінде ойнайтын бағдарлама жасалды. Оның авторы канадалық Арти Сандлер болды.
2010 жылдың қараша айында тоғызқұмалақтың Қазақстандағы тұңғыш компьютерлік бағдарламасы жасалды. Ал мұның авторлары С.Ақтаев, Д.Кенина, Е.Шамбаев деген азаматтар.
Дастан КЕНЖАЛИН.