• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

Ынтымақтастық аясындағы жүздесу

308 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Испания мемлекетінің бұрынғы сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуі өтті. Екі жақты кездесу барысында тараптар аймақтық және бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған халықаралық маңызды әрі өзекті де ауқымды мәселелерді қарастырды. Халықаралық әр алуан және күрделі мәселелер арасындағы әңгімеде, алдымен Ержан Қа­зы­ханов пен Мигель Моратинос көп­шілік назарын аударып отыр­ған қаржы-экономикалық дағда­рыс салд­­ары төңірегінде сөз қоз­ғады. Сондай-ақ, тараптар дағ­да­рысқа бай­ланысты туындаған азық-түлік қауіпсіздігі мен ел­дер­дің саяси-әлеу­меттік салалардағы даму мәсе­ле­лерін және Мың­жыл­дық деклара­циясындағы даму мақ­саттарын қамтамасыз ету ба­рысы және өзге де мәселелер талқыланды. Испания бұрынғы сыртқы істер министрінің пікірінше, биыл­ғы жылы тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлайтын Қазақстан мен Испания арасындағы ынты­мақ­тастық, достық, өзара түсініс­тік жоғары деңгейде. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, деді М.Моратинос өз сөзінде, қа­зақ­стан­дық дипломатия өзін өте жо­ға­ры деңгейде көрсетіп отыр. Оған Қазақстанның өткен жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына төраға­лық етуі айқын дәлел бола алады. Сонымен қатар, былтыр Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің  мемлекеттер басшылары және әлем­дік халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысқан саммиттің табыс­ты өтуі Қазақстан беделін өсіре түсті. Екі жақты кездесудегі сөзінде Е.Қазыханов Қазақстан Үкіметі­нің азық-түлік қауіпсіздігін ішкі және сыртқы саясаттағы басым ба­ғыттардың бірі  ретінде қарас­ты­рып отырғандығын атап көр­сетті. Осы мәселеге байланысты М.Моратиносты Қазақстан Үкі­ме­тінің мемлекеттің тұрақты да­муын қамтамасыз ететін, яғни нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республика­сы­ның 2007-2024 жыл­дарға ар­нал­ған тұрақты даму тұ­жырым­да­масымен» таныстырып, Премьер-Министрдің басшылығымен жұ­мыс істейтін Тұрақты даму кеңесі туралы хабардар етті. Өз әріптесімен пікір алмасу кезінде Е.Қазыханов, сонымен қа­тар, Қазақстанның биылғы жыл­ғы жазда  ИКҰ-ға төраға­лы­ғы аясында да бірқатар халық­ара­лық мәселелерге басты назар ауда­­ратындығын жеткізді. Сон­дай-ақ, ИКҰ мен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамытудың маңыз­ды­лығын да назардан тыс қалдырмады. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.