• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2011

Ұлттар ұйымы өкілімен жүздесті

404 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Ержан Қа­зы­ханов біздің елімізге Орталық Азия елдеріне турнесі аясында келген БҰҰ Даму бағ­дар­ламасының әкімшісі Хелен Кларкпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін, олардың әрі қарай даму болашағын, атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өткен жылы Қазақстанға жаса­ған сапары шеңберінде қол жеткізілген келі­сім­дердің орындалу барысын талқыға салды. Е.Қазыханов Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері БҰҰ Даму бағдарламасымен жемісті ынтымақтасып келе жатқандығын, сон­дай-ақ біздің елімізде жүзеге асып отырған жаңа жобалар мен бағдарламаларды барынша тиімді жүзеге асыру жөнінде Қазақстан үкіме­тінің басым­дық­тары мен БҰҰ көзқарастары толықтай сай келетіндігін атап өтті. Осы орайда, қазақстандық сыртқы саясат ведомство­сы­ның басшысы «біздің БҰҰ-мен өзара бай­ла­ныс­тарымызды қайта қарастырып, оларды жаңа стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу» қажеттігін айтты. Е.Қазыханов сондай-ақ өзара ықпалдасуға Қазақстанның Алматы қаласын көпжақты дип­ломатияның суб-аймақтық орталығына айнал­ды­ру жөніндегі жоспарларын жүзеге асыруы негіз болып отырғанын атап өтті. «Алматыға Вена, Женева және Бангкок секілді БҰҰ аймақтық орталығы атауын бейресми түрде беру ай­мақ­тық және суб-аймақтық жобаларды жүзеге асыруға және аймақтық ынтымақтастықтың нығаюына, Орталық Азия халықтарының әл-ауқатына оң ықпалын тигізер еді», деп атап өтті Е.Қазыханов. Ынтымақтастықтың айқын көр­сеткіші ретінде Семей өңірін дамыту бірлескен бағдарламасы мысалға келтірілді, осыған орай Семей өңірін қайта жаңғыртуға БҰҰ Даму бағдарламасының қосып отырған үлесі үшін Х.Кларкқа алғыс айтылды. Х.Кларк өз сапары аясында ЮНЕСКО Бүкіл­әлемдік мұрасына кіретін және БҰҰ Даму бағ­дар­ламасымен су-батпақ жерлер мен дала экожүйесін сақтау жобасы аясында соңғы жылдары қолдау тауып келген Қорғалжын табиғи қорына барып қайтты. Ертең ол біздің еліміздің басшылығымен кездесуді, сонымен қатар, «Қазіргі замандағы және Қазақстандағы Әйелдер-көшбасшылар» атты панельді пікірталасқа қатысуды жоспарлап отыр.