Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде он төрт мәселе қаралса, соның жетеуі заң жобаларына қорытынды әзірлеуге арналды. Спикер алдымен отырысты сөз сөйлеп ашып, ТМД ПАА мен ЕурАзЭҚ ПАА шеңберінде Қазақстан парламентшілеріне берілген марапаттауларды иелеріне салтанатты жағдайда табыс етті.
Палата бұған дейінгі отырыстарын түске дейін бітіріп тастайтын, ал кешегі жиында талқылау түстен кейін де жалғасты. Жағдайдың бұлай қалыптасуы соңғы кездегі сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің көптеп әшкереленуімен де байланысты болса керек. Бұл депутаттар тарапынан белгілі бір деңгейде шаралар қабылданбауынан да орын алғанға ұқсайды. Мұны кейбір депутаттардың өзі де мойындап отыр.
Кешегі отырыста әріптестеріне тастаған үндеуінде Ирак Елекеев «Қорғас» кеден бекетіндегі жемқорлық жағдайдың қайталануына аталған мәселе бойынша арнайы пленарлық отырыстың өткізілмеуі де себеп болуы ықтимал деп есептейтіндігімен байланыстырды. Депутат пайымынша, миллиардтаған қаржы бюджетке түспеуде. Осы ретте Ирак Қасымұлы Парламент тек заңшығарушылық жұмыспен айналысуы керек деген пікірмен келіспейтіндігін, әр депутаттың кем дегенде 14-ке тарта өкілеттігі бар екенін жеткізді. Егер Парламент пен оның депутаттары принципті болса, онда министр мен орынбасарлары темір тордың арғы жағында отырмас еді, деді депутат. Сол сияқты егер біз принципті болсақ, онда әкімдер қалтасын ақшаға толтырып, шетел асып кетпеуші еді, деді тағы сөзін сабақтай түсіп. Ендігі мәселе – қылмыстық жазаға тарту емес, жемқорлық қылмыстың алдын алу, заңның бұзылуына жол бермеу. Сөзінің аяғында депутат Мемлекет басшысының күшті Парламентті көргісі келетінін, мәселелерді талқылауда мемлекеттік көзқарас пен парламентаризм рухының сезіліп тұруы тиістігін ерекше атап көрсеткеніне тоқталды.
Жалпы отырыста бірінші мәселе ретінде еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылық жасауға қатысты заңдық құжатқа қорытынды әзірлеу ұсынылды. Оның қаралу мерзімін үстіміздегі жылдың 31 қазаны деп белгілеу туралы шешім депутаттар тарапынан қолдау тапты. Негізінен рақымшылыққа жасөспірімдер, зейнет жасындағылар мен әйелдерді қоса алғанда, аса ауыр емес, орташа қылмыс жасағандар ілігетін көрінеді. Олардың қазіргі нақтыланған саны 13 мыңдай.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсті. Заң жобасы бойынша Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сансызбай Есілов баяндама жасады. Осы ретте заң жобасына бір топ Мәжіліс депутаты бастамашы болғанын айта кету керек. Заң жобасының мақсаты халықаралық практикаға сәйкес салық салу мәселелері бойынша халықаралық салық салу және халықаралық шарттарды әкімшілендіру жүйесін жетілдіру болып табылады. Ғылыми-құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындыларынан өткен заңдық құжат талқылау нәтижесінде бірінші оқылымда мақұлданды.
Бірінші оқылымда қолдау тапқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы күн тәртібіне қайта енгізіліп, екінші оқылымда қаралды. Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады. Депутат Бауыржан Смайылов заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін инвесторлар қаражатын тартуға мүмкіндік беретіндігін баса айтты. Бұдан басқа еліміздің корпоративтік секторы үшін бағдар белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруы үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Жалпы отырыста, сонымен қатар, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мен Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Алдыңғы заңдық құжат бойынша баяндаманы Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Кулинич, ал соңғысы бойынша Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркель жасады.
Кешегі жалпы отырыс барысында бұдан басқа да барлық мәселелер қолдау тапқандығын айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.