Жеңіс күні қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне 150 000 теңгеден тарту тартты.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды. «Маңғыстаумұнайгаз» басшылығы мен қызметкерлері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Отан үшін жан аямай күресіп, майданда қаза болған бабаларымызды бір минөттік үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Мұнан әрі ақсақалдарды қалалық мейрамханалардың бірінде жайылған дастарқан күтіп тұрды. Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтай отырып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Әсет Мағауов олардың жанкешті ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтіп былай деді:
– Сіздер бүгінгі ұрпақты жау тепкісінен сақтап қалдыңыздар, бейбіт күнде де қажырлы еңбек еттіңіздер, Маңғыстау облысының құрылуы мен дамуы жолында да орасан зор үлес қостыңыздар. Сіздерге алғысымыз шексіз.
Бұл күні ардагерлерге игі тілектер мен жылы сөздер айтылды. Сондай-ақ, тыл ардагерлерін бас директордың бірінші орынбасары Сунь Синъюнь құттықтады, және күні кешеге дейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ты басқарып келген, қазір «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры А.Айдарбаевтың жақсы тілекке толы жолдаған жеделхаты оқылды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ есебінде тұрған 88 Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне – әрқайсысына 150 000 теңгеден материалдық көмек көрсетілді.
Өз кезегінде, тыл ардагерлерінің атынан сөз алған ҰОС ардагері, І дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері, жер қойнауын барлаудың үздігі, Теңге және Солтүстік Бозашы мұнай кен орындарын алғашқы ашушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Виктор Нечаев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымына көрсеткен құрметтері мен қамқорлықтары үшін алғысын білдірді:
– Компанияның бізді ұмытпай әркез еске алып жүретіні қуантады, тек Жеңіс күні ғана емес, үнемі қолдау көрсетіп отырады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ одан әрі өсіп-өркендеп, дами түссін деп тілек білдіреміз, ал майдангерлер мен тыл ардагерлеріне мықты денсаулық пен жақсылық тілеймін!
Бір миллион сегіз жүз мың қазақстандық өткен ғасырдың ең зұлмат шайқасына қатысып, көзсіз ерлік танытты. Осы айтулы күні барлық ардагерлерді шын жүректен құттықтап, зор денсаулық тілейміз!
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі.