• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2011

Жаһанды жақындастыратын – жан байлығы

429 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Онда ұйымға мүше алты елдің мәдениет министрлігінен өкілдер қатысып, өркениеттер сабақтастығына орай өткізілген мәдени іс-шараларға тоқталумен қатар, мәдени байланысты нығайтудың әдіс-амалдарына қатысты біраз ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Отырысты ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп ашып, ұйымға мүше елдер арасындағы рухани байланыс мұнан кейін де қарқынды дами беретініне сенім білдірді. Жиында Қытайдың Мәдениет министрі Цай У Шанхай ынтымақ­тастығына мүше мемлекеттер ара­сын­дағы қалыптасқан іс-шара­ларға  қанағаттанарлық сезімін білдіре келіп, мәдени қарым-қаты­настардың «механизмдерін» мұнан әрмен қарай жетілдіре беруіміз керек деген ой айтты. Ол сондай-ақ жастардың бетін мәдениетке қарай бұру қажеттігіне тоқтала келіп, мұндай шара Ресеймен бірігіп жүргізген мәдени жобаларда оң нәтижелерін бере бастағанын тілге тиек етті. Қытайда – орыс, Ресейде қытай тілінің жылы жарияланған. Осындай бастамаларды басқала­ры­ңыз да қолдауларыңызды сұ­рай­мын деген ұсынысын да білдірді. Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің статс-хат­шысы Мұқталы Бектенәлиев мәде­ниетаралық байланыс халықтар мен халықтарды бір-бірімен рухани жағынан жақындастырып қана қоймай, бұл саладағы көптеген проб­лемалардың шешілуіне оң ық­палын тигізіп жатқанын әңгіме­ле­се, Ресей Федерациясының Мә­де­ниет министрі Александр Авдеев Қытай тарапынан ұсынылған мә­де­ниет индустриясын дамыту мә­селесін қолдайтындығын білдіре келіп, мәдениет саласы кадрларын даярлауда әлі де бірлесе атқаратын іс-шаралар көптігіне көңіл аударт­ты. Тәжікстан республикасының Мәдениет министрі Мирзошохрух Асрори Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ежелден бір-бірімен аралас-құралас жатқан мемлекеттер екенін айтса, Өзбек­станның  Мәдениет және спорт істері жөніндегі министрінің бірінші орынбасары Бахтияр Сайфуллаев елдің 20 жылдық тәуелсіздік тойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр­ған мәдени шаралар туралы әңгі­меледі. Ал Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы бас хатшысының орын­басары Анвар Насыров болса барлық халықтардың тарихы мен тамыры сайып келгенде бір арнаға келіп түйісетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жер бетіндегі бірде-бір ел оқшау өмір сүре алмайды. Жаһанды жақындас­ты­ратын мәдени құндылықтар рөлі қай нәрседен де басым болып қала береді. Дәстүрлер алуандығы ұлт пен ұлысты бір-бірінен алшақ­тат­пайды, қайта керісінше бұл олар­дың бір-біріне құрметпен қарауы­на мүмкіндік беретін құрал ретінде қымбат. ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед БАҚ өкілдеріне бер­ген сұхбатында кеңес отыры­сын­да ортаға салынған ойларды бір ауыз сөзбен түйіндеп берді: «Өткен жылы Қазақстан Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық етіп, дүниежүзін таңғалдырған Астана саммитін өткізсе, биыл мінеки, әлем халқының 40 пайызын құ­рай­тын Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына төрағалығын бастап кетті.  Енді бірнеше айлардан кейін біз бүкіл дүниедегі ислам әлемін біріктіретін Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін бола­мыз. Осының барлығы Елбасы­мыз­дың халықаралық деңгейдегі аса үлкен беделінің арқасы. Осыған орай Қазақстан Батысқа да, Шығысқа да бірдей танылды. Ба­тыс жұртшылығына да, ислам елдеріне де өзінің даңқын шығарды. Біраз күндерден кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басқосуы Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың төраға­лық етуімен өткелі жатыр. Бүгінгі өткен кеңеске келетін болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің биыл 10 жылдығын атап өтеді.  Мәдениет деген сала мемлекеттік шекара,  тіл  арасын­да­ғы алшақтықты араға салмай­тын,  халықтар мен халықтардың, ұлт пен ұлыстың, өркениеттің ара­сын жалғастыратын ең бір әмбебап құрал. Сондықтан  Мәдениет ми­нистрлерінің кездесуі алдағы бо­ла­тын саммиттің лейтмотиві сияқты деп айтуға болады. Бүгінгі оты­рыс­та Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше елдердің мәде­ние­тінің жай-күйі, мәдени алыс-бері­сінің ахуа­лы  жан-жақты талқы­лан­ды, ке­ңес өзара түсіністік жағ­дайында өтті деп айтуға толық сенім бар». Отырысқа сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Мә­де­ниет және ислами бағдар министрі Сейед Хоссейни, Моң­ғолия­ның Білім, мәдениет және ғылым вице-министрі Куланда Чуной, Беларусь Рес­публикасы Мәде­ниет министрінің орынбасары Виктор Кураш, Үн­дістанның Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ашок Кумар Шорма мен Пәкстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі МохаммадАхтар Туфаил қатысты. ШЫҰ мүше мемлекеттердің Мәде­ниет министрлері достық және өзара түсіністік жағдайында ұйым шеңберіндегі мәдени қарым-қаты­нас­тың қазіргі жағдайы мен перс­пективаларын, материалдық емес мә­дени мұраларды сақтау сала­сын­дағы ынтымақтастық, ұлттық дәстүрлі мәдениетті дамыту және ортақ мүдделерді көздейтін өзге де мәселелерді талқылады. Тараптар халықтар арасындағы өзара түсі­ністікті нығайтуға, мәдениеттің әр алуандығын сақтауға, ШЫҰ кеңіс­тігінде өмір сүретін халықтардың дәстүрлері мен салттарын өзара құрметтеуге, олар туралы білімді насихаттауға мүмкіндік беретін  ұйым шеңберіндегі көпжақты және екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін айтты. Сондай-ақ, ШЫҰ үндестік жөніндегі байқаушы және әріптес мемлекеттермен де көп­жақ­ты мәдени ынтымақтастықты белсенді дамытудың да маңыз­ды­лығы аталып өтті. ШЫҰ мүше мем­лекеттердің Мәдениет ми­нистрлерінің кезекті кеңесінің өт­кізілетін орны мен уақыты дип­ломатиялық арналар арқылы келісілетін болып шешілді. Тараптар Қазақстанның Мәдениет министрлігіне көрсеткен қонақжай­лы­лығы мен кеңесті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашы­лықтарын білдірді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.