САҚТАНБАСАҢ, КЕЗ КЕЛГЕН АУРУ – ҚАТЕР
Ғасыр обасына айналған СПИД пен ВИЧ дертіне шалдығушылар Қарағанды аймағында аз ұшыраспайтындығы жасырын емес. Осынау індетке қарсы күрес жайы қалай? Оны жұқтырудан сақтануға қандай кеңес берілер еді.
«Егемен Қазақстанның» өңірдегі тілшісі Айқын Несіпбай «ЖИТС-тің алдын алу және күресу жөніндегі Қарағанды облыстық орталығы» ММ-нің дәрігер- эпидемиологы Раиса БЕКТЕМІРОВАҒА:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Ашығын айтқанда, адам иммунитетінің тапшылығы вирусы (АИТВ) мен жұқтырылған иммунитет тапшылығы синдромын (ЖИТС), әсіресе, әйелдер мен қыздар жұқтыруға аса бейім. Зерттеулер бойынша қорғанбаған қынаптық (вагинальді) жыныстық қатынас кезінде АИТВ-ты жұқтыру қаупі әйелдерде ерлерге қарағанда 2-4 есе жоғары. Сондықтан мұны білген жөн. Соның ішінде қыздар биологиялық қатерге ұрыншақ. Өйткені, олардың жетілмеген жатыры мен әлсіз қынап секрециялары АИТВ инфекциясына қарсы тұра алмайды.
АИТВ жұқпасының облысымызда көбіне паренталдық (қан арқылы), жыныстық және вертикальді (анадан балаға берілуі) жолмен таралатындығы тіркелген. Егер ол дер кезінде анықталып, жүкті әйел мен жаңа туған нәрестеге антиретровирустық терапия тағайындалса, жұғу едәуір төмендейді. Аталған ауруға қазірге дейін аймақта 2958 адам шалдыққан. Осылардың 979-ы әйел екені өкінішті.
Республикамызда балалардың зақымдалу қаупін төмендету үшін АИТВ жұқпасына тексерілістен өту ережесі қабылданған. Соған сәйкес жүктілік кезінде 2 рет арнайы қаралған абзал. Алайда мұндай мүмкіншілік барлық жерде бірдей жоқ. Демек, көшпелі медициналық көмек түрі ойластырылуы қажет-ақ.
Ерлер мен әйелдерді бұл дерттен сақтандыру бойынша біздің орталықта айтарлықтай тәжірибе қалыптасқан. Мәселен, қан берушінің қаны тексеріледі, жыныстық қатынаста ұстамдылықтың, сенімділіктің сақталуын, қауіпсіздік үшін мүшеқапты міндетті түрде қолдануды, шприцтерді бір рет қана пайдалануды насихаттау жүргізіледі. Сонымен бірге, денсаулығына алаңдаушылардың тегін кеңес алу мен тексерістен өтуіне ешқандай шектеу жоқ.
Қай елде болсын АИТВ жұқтырған жастар қатары көбейіп келеді. Осы ауруға ұшырағандардың 67 пайызы 15-24 жас аралығындағы қыздар мен жігіттер. Мұны елемеске болмайды.
Қарағанды.