• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

2004

663 рет
көрсетілді

Жиырма жыл... Әр жылының жүгі бөлек жиырма жыл. Жылдар ілгері жылжыған сайын жұмыс ауқымы да салмақтана түскендей ме, қалай?! Көз алдымнан тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі ел өмірі тізбектеліп өте бастады... Сөйтіп, Қазақстан XXI ғасырдың тағы бір жылын артқа тастап, болашаққа қарай тағы бір нық қадам жасаған еді. Алда мешін жылы есік қағып тұрған-тын. Жаңа 2004 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев жаңажылдық құттық­тауын­да: «...Жұр­тымыздың жақсы ырымы бойынша мешін жылы жұмсақ, ырыздығы мол, жиын-теріні көп, жайлы болады дейді. Әманда солай болсын», деген еді. Бұл жыл Қазақстан үшін несімен ерекшеленді, оның мән-маңызы қандай, тәуелсіз­дігіміздің мүшел жылы шыққан биіктеріміз, жеткен табыстарымыз қандай деген сұрақ­тарға жауап іздесең, 2004 жылда да есте қалар­лық үлкенді-кішілі оқиғалардың аз болмағанын кө­реміз. Сондықтан, олардың ішінен халқымыз үшін ең маңызды дегендерін сараптап алып, соларға толығырақ тоқтал­ғанды жөн санадық. * * * 9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин біздің елімізге келіп, Ресейдің Қазақстандағы жылының салтанатты ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Жаңа жылдың алғашқы айында В.Путиннің Қа­зақстанға ресми сапармен келуі жылдың жақсы бастамасы болып табылды. 2004 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылы Ресейдің Қазақстандағы жылына ұласты. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақ­тастық жоғарғы деңгейге көтеріліп, екі елдің өзара байланысы бұрынғыдан да жақсара түсті, тауар айналымы 6 млрд. АҚШ дол­ларынан асып жығылды. Осы жыл ішінде Қазақстанда 200-ге жуық әртүрлі шаралар өткізілді. Нәти­жесінде екі ел халық­та­рының бір-біріне деген сенімі арта түсті. Ресейдің             Қазақстандағы жылының екі ел­­­­­дің тығыз араласуына пайдасы зор болды. Ортақ рухани құндылықтарымызды жаңғырт­қан мәдени шаралар легі халықтарымызды одан әрі жақын­дастырды. Өзара тиімді ондаған құжат­тарға қол қойылды. Ресей парламентарий­лерінің бірнеше делегациясы Қазақстанда болған маңызды кездесулерге қатысты. Екі елдің парламенттеріндегі жетекші партиялар: Бүкілресейлік «Единая Россия» мен Қазақ­станның «Отан» рес­публикалық саяси партия­сы арасындағы ынты­мақтастық жалғасын тапты. Ең бастысы – сол жылы Ресей мен Қазақ­стан арасындағы 7 мың шақырымға созылған мемлекеттік шекараны реттеу толығымен аяқталды. Ресей Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық ету пейіліне қолдау көрсетіп, ТМД елдерінің басшыларына бұл мәселе жөнінде керекті ықпал жасады. Қазақстан экономикасының өсуіне қажетті салалардың, оның ішінде Солтүстік Каспий қайраңын бірлесіп игеру, мұнайды экспорттау, электр қуаттарын бірлесіп арттыру мен “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану, ғарыш­тық саланы дамыту туралы келісім-шарттарға қол қойылды. Әлемдегі тұрақсыздықтың, жалпы өрке­ниетке қауіп төндіріп тұрған ланкестік пен экстремизм секілді қатерлердің алдын алу ісінде де біріккен іс-қимылдарымыз өзінің оң нәтижесін берді. 19 наурызда Елбасының «Бәсекеге қабі­летті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты Қазақстан халқына Жолдауы жария етілді. Бұл Жолдау тақырыбы тың, мақсаты биік, көздеген нысанасы өте маңызды болған­дықтан, жұртшылық арасында кеңінен қолдау тауып, ел арасында ерекше бір серпіліс туғызды. Себебі, Жолдау көпшілік қауымның көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелерді дөп басқан еді. Ендігі керегі – осы Жолдаудағы бағдар­ламаларды іске асырып, тұрмысты жақсарту, өнегелі елдердің қатарына қосылу, жаһандану заманында ұлы көштің алдына түсу. Сон­дықтан бұл Жолдауды академик Ә.Ны­санбаев тәуелсіз елдің өзіндік әлеуметтік доктринасы деп атады. Жолдауды орындау барысында Үкімет, оның басқару ұйымдары, кәсіпорындар, соны­мен қатар, қазақстандықтардың көпшілігі аянбай еңбек етіп, үлкен мақсаттарды іске асы­рудың тиімді де ұтымды жолдарын тапты. Тәуелсіздіктің он үш жылында жүргізілген реформалар мен іс-шаралар елдің экономи­калық әлеуетін айқындайтын экономика сек­торларын дамытуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 2004 жыл елдікті еңселенткен ерек жыл болды. Жылдың барысында үш жетекші рейтинг агенттігі республикаға халықаралық инвести­циялық рейтинг дәрежесін берді. Бұл Қазақ­станның Еуроодаққа кіретін Шығыс Еуропа елдерінің экономикалық деңгейіне жеткендігін білдірді. Ішкі жалпы өнімнің көлемі 37 миллиард долларға жетті. Бұл – ІЖӨ жан басына шақ­қанда 2,5 мың доллардан асады деген сөз. (Аталған сан сол кездегі ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш еді). Инфляция деңгейі 7 пайыздан төмен болды. Ұлттық қордағы валюта резерві 13 миллиард доллардан асып жығылды. Жан басына шаққандағы орташа табыс 2003 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Еліміздің 2004 жылғы экономикалық өсімі 2003 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9 пайызға артты. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2003 жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­­тырғанда 10,2 пайызға, өндіруші өнер­кәсіпте 8,6 пайызға, химия өнеркәсібінде 20 пайызға, мәшине жасау өндірісінде 32 пайызға өсті. Оның ішінде құрал-жабдықтар жасау өндірісі 61 пайызға дейін ұлғайса, құрал-жабдықтар жасау өндірісі 42 пайызға ұлғайды. Жұмыс істейтін адамдардың нақты жалақы өсімі 13 пайызға артты. Жұмыс­сыздық деңгейі 9,1 пайызға төмендеді. Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысында, 2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қам­тамасыз ету шығындарын 1,5 есе көбейтті. 1999-2004 жылдары ең төменгі жалақы көлемі – 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі – 1,9 есе (3000-нан 5800 теңгеге дейін); орташа жалақы – 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнет­ақы көлемі – 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге дейін); күнкөріс шегі – 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орташа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 1,3 есе (3441-ден 4670 теңгеге дейін) өсті. Еліміздегі әлеуметтік реформаларды тереңде­тудің 2005 – 2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мақұлданды. Бұған сәйкес, елімізде көп деңгейлі зейнетақы­мен қамтамасыз ету жүйесі, базалық зейнет­ақылық төлем енгізілетін болды. 2004 жылы құрылыс саласы жанданып, 2 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы салаға 109 млрд. теңгеге дейін инвестиция тартылды, бюджеттен бөлінген қаржының арқасында 320 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Республикамызда құрылыс индустриясын да­мы­ту мақсатында Қостанай қаласында полимер құбырларын шығаратын 4 зауыттың құрылысы басталып, түсқағаздар шығаратын кәсіпорын, қуаттылығы 11 миллион шаршы метрді құрайтын линолеум өндірісінің жаңа желісін іске қосу жұмыстары аяқталды. Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес еліміздің барлық аймақтарында тұрғын үй құрылысын дамытудың өңірлік бағдарламалары әзірленіп, бекітілді. Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамы­тудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл салаға 2004 жылдың өзінде қомақты қаржы бөлінді. Білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ғылым мен білімді дамытудың түйінді мәселелері мен негізгі бағыттарын айқындап берді. Білім беру саласы еліміздің индустриялық-ин­новациялық даму бағытымен сәйкестіріліп, республикамызда білім сапасы Батыс елдердегі университеттерден еш кем саналмайтын элиталық жоғары оқу орындарын құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Ауыл шаруашылығы саласының заман тала­бына сай дамуын қамтамасыз ету, ауылдардың еңсе тіктеуіне қол жеткізу мақсатында 2003-2005 жылдардың Ауыл жылдары деп жарияланғаны белгілі. Елбасының тапсырмасымен осы мақ­сатқа орай ауыл шаруашылығының даму бағытын айқындайтын маңызды құжаттар мен заңдар қа­былданып, мемлекет тарапынан 69,5 миллиард теңге бөлінді. Реформалық шаралар 2004 жылдың өзінде ауқымды нәтижелер берді. Мемлекет 2004 жылы ауылдың әлеуметтік саласына арнап 46 миллиард теңге бөлді. Ауылда нарықтық қатынастар берік орнықты. Ауыл шаруа­шылығы болжау мүмкіндігі бар, ырық­тан­дырылған салаға айнала бастады. Сөйтіп, ауыл­ға арнаған біздің бағытымыздың дұрыс екендігі дәлелденді. Курчатов қаласында ядролық технопарк құру туралы шешім қабылданды. Астанада Қазақстан мен Ресей бірлескен автомобиль кон­сорциумы ауыр жүк мәшинелерін құрастыру жұмыстарына кірісті. Көкшетауда автобустар шы­ғаратын, Семейде бронды техникалар шығара­тын өндіріс қолға алынды. Ақтөбе облысында мыс өндіретін тау кен байы­ту комбинатының құрылысы басталды. Жыл­дық өткізу қуаты 20 миллион тонна құрайтын Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын салуға қол жеткізілді. Ұзындығы 400 шақырымнан асатын Алтын­сарин-Хромтау темір жол желісінің тұсауы кесілді. Бұрын елдің солтүстік бетінен батыстағы бетіне жету үшін Ресей жерінен өту керек болатын, енді жол айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, жүк тасымалдауға, көптеген облыстардың бірімен бірі тығыз байланыстар жасауына зор мүмкіндіктер туды. Каспий теңізіндегі Баутино және Құрық порттары инфрақұрылымдарының дамуына бай­ланысты «ҚазМұнайТеңіз флоты» жасанды аралдар жасауға пайдаланылатын қиыршық тастарды тасымалдауды бастады. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында елордада халықаралық әуежай, Атырауда жаңа ұшып-қону алаңы, Ақтауда теңіз порты аумақтарын кеңейтуге арналған жұмыстар қарқынды түрде жүргізіле бастады. Тан­керлік флот құруға шешім қабылданды. Автомобиль жол­да­рын қалпына келтіру жөніндегі ірі жобалар іске асырыла бастады. 2003-2015 жыл­дар­ға арналған Қазақстан Рес­пуб­ликасының ин­дус­триялық-ин­но­ва­циялық стратегиясын жүзеге асы­ру мақса­тында мемлекеттік хол­­­динг құру туралы шешім қабыл­данды. Жа­ңа холдинг ұлттық және жеке меншік ком­пания­лардың бас­қаруын­дағы мемлекеттік мүлік пен меншікті басқаруды оңтайландыру үшін құрылды. Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарының негізінде халықаралық техникалық реттеу жүйе­сіне өту мақсатында елімізде арнайы техникалық реттеу жөніндегі заң қабылданды. Еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Елбасы Қазақстан қаржыгерлерінің IV конгресінде еліміздің қаржы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндеттер қойып, олар барлық қатысушылардың қолдауына ие болды. Еліміздің аса ірі банктерінің өкілдері бұл туралы арнайы мәлімдеме жасады. Елбасы Мәжілістің үшінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сө­зінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену қажет деген міндет қойды. Сондықтан, 2004 жыл халық есінде бәсекеге қабілетті ұлт пен ұлттық экономиканың негізі қаланған алғашқы қадам ретінде есте қалды. Сол жылда қол жеткен экономикалық жетістіктер Қазақстанның әрі қарай дамуының берік негізін қалады. Мәселен, 2004 жылы бекітілген 2005 жылдың бюджетінде барлық шығынның үштен бірінен астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл тұрғын үй, халыққа білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, халықты, соның ішінде, әсіресе, зейнеткерлер мен мүгедектерді, ана мен баланы әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қам­сыздандыру сияқты өткір мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Экономикадағы жетістіктер қоғамымыздағы саяси жаңғыртуды жалғастыруға мүмкіндік берді.  «Отан» партия­сының VII съезінде Елбасы елімізді одан әрі саяси жаңғыртудың жаңа стратегиялық бағыттарын айқындап берді. 2004 жылдың қараша айында Демократия және азаматтық қоғамның мәселелері бойынша ұлттық комиссия құрылды. Бұл алқалы органның құра­мына барлық партиялардың, соның ішінде оппозициялық партиялардың да басшылары енгізілді. Комиссия саяси жүйені одан әрі модернизациялау ісі бойынша өкілеттіктерге ие бола оты­рып, шаралар белгілеудің нақты тетігі қызметін атқару керек деп көзделді. Комиссия барлық саяси топтардың ұсыныстарын талқылап, ашық шешім қабылдауы керек деп көрсетілді. Бұл – мем­лекеттің либерализациялау мен демократия­лан­дыру жолына түскендігін көрсететін өте маңызды қадам деп қабылданды. Әкімшілік реформа күш ала бастады. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы дайын­далып, ол Парламенттің қарауына жіберілді. Мемлекеттік басқарудың қазақстандық жүйесін қазіргі заманғы әлемдік стандарттарға жақын­да­татын тағы бір маңызды қадам жасалды: «элек­тронды үкімет» құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Коррупцияға қарсы күрес және оны мемлекеттік органдардан аластау – жаңғыру міндеттерін шешудің басты кепілі екендігі мәлім. Бұл арада осы мәселедегі Үкімет пен Парламент ара­сындағы қалыптасқан ынтымақтастық көп жағ­дайды шеше алды. Мемлекеттік қызметші­лердің еңбекақы­ларының өсуі, мемлекеттік қызметке конкурс бойынша қабылдау, мемлекеттік қызмет ережесі мен этикасының енгізілетіні, сондай-ақ 2003 жылы қабылдаған заңға өзгеріс енгізу коррупцияға қарсы күрес тетіктерін жетілдіруге бағытталды. Осының барлығы, түптеп келгенде, бұл үрдісті жүзеге асыруға жақсы негіз қалады. Мемлекет басшысы басты басымдықтардың бірі азаматтардың құқы мен бостандығын қам­тамасыз ету болып табылатынын айта келіп, осы бағытта мемлекеттік аппараттың, бірінші кезекте құқық қорғау органдарының: полиция мен прокуратура жұмысының маңыздылығын атап көрсетті. Сот жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелерді сараптайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. 19 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің сай­лауы өтті. Қазақстандықтар бұл сайлауда өз таңдауын жасады. Халқымыз саяси тұрақты­лықты, эко­номикалық реформаларды жалғас­тыруды жақтап, Мәжіліс депутаттығына лайықты деген үміт­керлерге дауыс берді. Бұл сайлау еліміздегі демократиялық үдерістердің бірқалыпты жағдайда дамып келе жатқанын көрсетті. «Отан» партиясы халықтың үлкен сенімін иеленді. Парламент Мәжілісінің жаңа құрамында партия шешуші орынға ие болды. Барлық сайланған 77 депутаттың 53-і «Отанның» өкілі болып табылды (7 орын – партиялық тізіммен, 35 орын – бір мандатты округтер бойынша съезде ресми түрде ұсынылғандар және 11 орын өзін өзі ұсынғандар), бұл депутаттар корпусының жар­тысынан астамын құрады. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауы еш қиын­дықсыз өтті деуге болмайды. Осынау саяси дода кезінде сайлау учаскелерінде ұйымдастыру­шылар тара­пы­нан олқылықтар орын алды. Кейбір азаматтар сайлау учаскелеріне келгенде тізімнен өздерінің аты-жөндерін таба алмады. Жергілікті сайлау учаскелері тарапынан кеткен бұл оқылықты Орталық сайлау комиссиясының мамандары да жоққа шығармай, мұны жергілікті жерлердегі сайлау штабтарының жұмысы мен елімізде алғаш рет қолданысқа енгізілген элек­тронды сайлау жүйесімен байланысты деп тапты. Соған қарамастан, Еуропаның Ұлыбритания, Франция, сондай-ақ сайлау жүйелері дамыған басқа да елдерден келген халықаралық байқау­шылар Парламент Мәжілісі сайлануына қатысты оң бағаларын берді. 2004 жылы Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы халқы­мыздың рухани тыныс-тіршілігіне тың серпіліс берді. Өйткені, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік реформалардың ойдағыдай жү­руі, ішкі жалпы өнімнің анағұрлым өсуі, соның нәти­жесінде халықтың әл-ауқатының артуы осы аса ауқымды шаруаға бел шеше кірісуге жағдай жасады. Сонымен қатар, 2004 жылы тарих, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескерткіштерін (25 мың) сақтау, қорғау, қолдау, қалпына келтіру және пайдалану жұмыстары қолға алынып, одан кейінгі жылдары жалғасын тапты. Бұл мәселеде, бәрінен бұрын еліміз қонақ­тарының жолы түсетін, мемлекетіміздің өнегелі өткені туралы дұрыс пікір қалдыратын нысан­дарға бірінші кезекте назар аударылды. Мысалы, олардың ішінде, Оңтүстік Қазақ­стандағы Арыстанбаб кесенесі, Қызылорда облысындағы Асан-Ата және Айқожа кесенелері, Алматы облысындағы Жаркент мешіті, Оңтүстік Қазақ­стан облысының Тұрбат ауы­лындағы тарихи-сәулет ескерткіштері, «Әзірет Сұлтан», «Жиде­бай-Бөрлі» қорық-мұра­жай­ларының тарихи-сәулет және архео­логия­лық ескерткіштері, Маңғыстау қорығы, «Орда­басы» қорығы және сол секілді қайталанбас ескерткіштер бар. Нәтижесінде, 100 томдық жинақ 4-5 жыл­дың ішінде түгел шығарылып бітті, көптеген зерттеулер жүргізіліп, ескерткіштер қалпына келтірілді, археологиялық жұмыстар нәтиже беріп, «Берел», «Ботай» және басқа қорған­дардан табыл­ған көне тарихи заттар халқы­мыздың рухани байлығына айналды, сөйтіп, ұлт рухын көтеріп, әрі жауапты әрі сауапты іс атқарылды. Мұндай іргелі істі мықты мемлекет қана қолға ала алатыны белгілі. Бұл да болса Тәуелсіздіктің бір жемісі. 2004 жылдың маусым айында белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың туындылары Париждегі «Espaco Miromesnil» галереясына қойылып, талғампаз өнерсүйер қауымды тамсандырды. Оған Франция астанасында Сальвадор Дали атындағы Халықаралық альянс сыйлығы берілді. 23 қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев Алма­тыдағы резиденциясында Афинада өткен XXVIII олимпия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, мемлекеттік наградалармен мара­пат­тады. Әлемдегі ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын алып келген жалғыз алтынның иегері Бақтияр Артаевқа Президент I дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. 24 желтоқсанда Астанада Есілдің сол жағалауында жаңадан салынған Президент резиденциясының ашылу салтанаты өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ықылым замандардан ата-бабамыздың елдің шаңырағы биік болса екен деген асыл мұраты мен асқақ арманын тоғыстырғанда оларды әрдайым Ақордамен байланыстырған екен. Ендеше, еліміздің нышанындай болу үшін жаңа ғимарат енді Ақорда деп аталады деген тоқтамын жеткізді. Қазақ елінің елордасы Астана болса, Астанамыздың жүрегі енді Ақорда болмақ, деді Президент. Ақорданың салтанатты ашылу рәсіміне қазақ руханиятының көшбасшылары, ұлты­мыз­­дың көрнекті қайраткерлері, аға буын өкілдері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекіл­байұлы, Ақселеу Сейдімбек және де басқа елімізге танымал адамдар қатысты. Мырзатай Жолдасбеков сөз алып, Ақор­даның ашылуына арналған тілегін жеткізіп, «...Нұреке! Далаңыз егісті, Ордаңыз ке­ңісті, келісті болсын, жұмысыңыз жемісті болсын. Отырған орныңыз ел-жұртыңызға құт, жүрген жеріңіз береке болсын! Басыңыздан бағыңыз, астыңыздан тағыңыз таймасын! Халықтың бағы баянды болсын!» деп бата берді. 2004 жылы Елбасымыз 300-ден астам ресми іс-шаралар өткізді, соның 130-ында мемлекеттік органдардың басшыларымен, еңбек­керлер­мен және кәсіпкерлермен, біздің қоға­мы­мызды құрайтын барлық қауым­дас­тықтың өкілдерімен кездесті, 30-ға жуығы Қазақстан Республика­сының орталық және жергілікті атқарушы органдары өкілдерімен өткен жиналыстар, 100-ден астамы шетелдік саяси және іскер топ­тардың өкілдерімен жүзде­сулер, 10-ы ірі халықаралық форумдар болды. Бұл жылы Елбасы еліміздің 11 аймағына жұмыс сапарымен барып қайтты. Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына барған кездерінде сол аймақтардың активтерімен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, көп­теген өндіріс, ауылшаруашылық кәсіп­орын­дары, әлеуметтік-мәдени нысандар жұ­мы­сымен танысты. Елбасының халықаралық қарым-қатынасқа байланысты жұмыстары өте тығыз да жемісті болды, ол 13 рет шетелге сапармен шығып, өз елімізде 11 шет мемлекеттер басшылары мен үкімет басшыларын қабылдады. 2004 жылы Елбасымыз Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясы Корольдігінде, Грекия мен Австрияда және Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жұмыс сапа­рымен болып қайтты. Осы жылы біздің елімізге мемлекеттік сапармен Әзірбайжан Президенті И.Алиев, Латвия Президенті В.Вике-Фрейберга, ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Ауғанстан Ислам Республи­касының Президенті Х.Карзай, Норвегия Корольдігінің Премьер-министрі К. Бондевик, Эстония Президенті А.Рютель, Чех Республи­касының Президенті В. Клаус және жұмыс сапарымен Испания Королі Хуан Карлос I келіп кетті. Елбасының бұл жылғы сыртқы саясатқа байланысты қызметі Қазақстанның халық­аралық беделін нығайтуға, ТМД елдері ынты­мақтастығын кеңейтуге, оның ішінде Ресей Федерациясымен, АҚШ-пен қарым-қатынасты тереңдетуге, Қытаймен тұрақты және достық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ Еуро­одақпен өзара тиімді сауда-саттық пен ықпал­дасты одан әрі кеңейтуге бағытталды. Қазақстан лаңкестік, діни экстремизм, есірткі трафигімен күрес үдерістеріне зор үлес қосты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) мақсаттарын іске асыру, аймақтық, ұжымдық қауіпсіздікке байланысты әрекеттерді қалып­тасып отырған жағдайға бейімдеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды. Мемлекеттік интеграциялық саясаттың шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құруға арналған мәселелерді шешуге аса үлкен көңіл бөлініп, Еуразиялық эко­номикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ), Шан­хай ынты­мақ­тастық ұйымының (ШЫҰ) және Орталық Азия ынтымақтастық ұйы­мының (ОАЫҰ) жұмыстарын жандандыру мен қар­қындатуға бағытталған іс-шаралар жандан­дырылды. * * * Осы мақаланы дайындау барысында басы­лымдарда шыққан 2004 жылғы барлық мәлі­мет­терді зерделеп, бір ғана жылдың ішінде Ел­басының атқарған әлемдік, елдік, аймақтық істерімен танысып, қайран қал­дым. Соншама ау­мақты іс-шараларды табан­дылық­пен іске асы­рып, олардың орындалу сапасын қа­дағалап, нәтижелерін талдаудан өткізіп және бағалап, одан керекті қоры­тындылар жасап, оны ішкі жә­не сыртқы саясатта дер кезінде ескеріп, елін күн демей, түн демей 20 жыл бойы биік мақ­саттарға жетелеуден талмаған Елба­сының ақыл-пара­сатына, дарындылығы­на, іскерлігіне, қай­ратына, жігеріне, отан­шыл­ды­ғына және ан­тына беріктігіне тәнті болдым. Алладан Президентімізге күш-қуат беріп, мақ­сатына жеткізе гөр деп тіледім. Ержан ИСАҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы.