Қазақстан дүние жүзінің қазақтарын осымен төртінші рет құрылтайға шақырып отыр. Алғаш рет әлемдегі қандастарымыз тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Алматыда бас қосты. Бұл еркіндік алғанымызға бір-ақ жыл өткен уақыт еді. Соған қарамастан, Елбасымыз жер шарының түкпір-түкпіріндегі ағайынның басын қосып, оларды жас мемлекетіміздің алғашқы жетістіктерімен таныстырды. Бұл жиынның тарихи маңызы болды. Осыдан соң әлемнің әр қиырынан бастау алған ұлы көш қазақ жұртына қарай бет түзеді.
Екінші рет қандастарымыз рухани әлемнің бесігі болып саналатын қасиетті Түркістан шаһарында 2002 жылы бас қосты. Алыстан жеткен ағайын сырттай тамсанып жүрген тарихи ғимараттар мен құнды жәдігерліктерді өз көздерімен көрді. Қазақ елінің он бір жыл ішіндегі ілгері басқан қадамдарына тәнті болды. Бұл жырақта жүрген ағайынның бірсыпырасы қазақ жеріне келіп түбегейлі орныққан тұс еді.
Мемлекет басшылығы үшінші рет әлем қазақтарын 2005 жылы Есілдің жағасынан бой көтерген жаңа шаһарға шақырды. Қандастарымыз жас Астананың көркіне тамсанып, елдің түпқазығы берік екенін аңғарды. Атамекеніне деген арман-аңсары бұрынғыдан да арта түсті. Елбасымыз айтқандай, бұл кезде сырттағы қазақтар «атамекеннен бір нәрсе алсам деп емес, қайта оған берсем» деп келетін болды. Туған топыраққа деген адалдық пен жанашырлық психологиясы қалыптасты.
Енді міне, жер жүзіндегі бауырларымыз араға алты жыл салып, тағы да Астанаға келіп жатыр. Бұл келістің жөні бөлек. Осы жылдар ішінде сырттағы ағайынның көпшілігі елге біржола табан тіреді. Жылы орындарын суытпай, өздері туып-өскен елде тұрақтап қалғандары да жеткілікті. Бірақ олар ешқашан да атамекенінен тамыр үзген емес. Жырақта жүрген туыстарымыздың ішінде өз елдерінде қазақтың атын шығарып, биік лауазымды қызмет істеп жүргендері баршылық. Тіпті өсіп-жетілген елінде министр болғандары да бар. Олардың біразы осы құрылтайға қатысады. Мемлекет басшысы әр түрлі шаралар аясында оларды қабылдап, қандастарымыздың тіршілігіне қатысты мәселелер жөнінде үнемі ақылдасып отырды.
Бұл жолғы құрылтайдың ең басты ерекшелігі айтулы шара Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, құрылтай қонақтарымен бірлесіп, осы жиырма жылда жеткен жетістіктерімізді саралаймыз. Осы мерзім ішінде Қазақстанның алға басқан қадамдары сәтті болды. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың мерейлі мекеніне айналдық. Халықаралық беделді ұйымға төраға болдық. Әлемнің іргелі елдерінің басшыларын шақырып, Сарыарқаның төрінде саммит өткіздік. Астанамыз әр күн сайын арудайын жасанып, көздің жауын алатын болды. Мемлекетшілдік салт-дағды қалыптасты. Дүние жүзінің іргелі елдері қазақ жұртымен кәдімгідей санасатын болды. Осы ілгерілеу мысалдарының бәрі әлемнің әр қиырынан жиылған қазақтардың тіліне тиек етер ортақ тақырыбы болмақ.
Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Бұл жиын әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан этностық қазақтардың, яғни қандастарымыздың кездесуі мен араласуының аса зор тетігіне айналып үлгерді. Осы құрылтайға 30-дан астам шетелден 358 өкіл келеді. Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы шетелдердегі қандастарымыздың республика аумағына өз еркімен көшіп келуіне үлкен себепші бола алады.
Өзге елдерді мекендеп отырған қандастарымыздың ішінде де рухани өнім беретіндері бар. Олар қазақтың ұлттық құндылықтарын одан әрі байыта түсуге күш-жігерін жұмсап, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Сол өнімдердің біразы осы құрылтай кезінде қонақтар алдында көрсетілетін болады.
Этностық қазақтардың басты жиынының негізгі мақсаты – сырт елдерді мекендейтін қандастарымыздың назарын атамекенге аудару, көшіп келген оралмандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жайын ақылдасу. Бұл жолғы құрылтайға жас делегаттар көптеп шақырылып отыр. Мұндағы көзделген мақсат – құрылтай барысында шетелдерде тұратын қазақ жастарының және Қазақстанда білім алып жатқан шетел қазақтарының сұранысы мен мақсат-мұраттарын зерттеу. Шетелде тұратын және Қазақстанның оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының өмірін зерттеу арқылы оларды Қазақстанға тартудың жаңа әдістері мен тың формаларын енгізуге мүмкіндік берілмек. Аталған формалар мен әдіс-тәсілдер болашақта мемлекет үшін оралман жастарды оқыту және жұмыспен қамтамасыз етуге арналған мәселелерді шешуге де жол ашады.
Құрылтайдың аясында ұлттық өнер мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кең көлемдегі мәдени іс-шаралар өткізіледі. Атап айтсақ, шетелде тұратын қазақ жастарының арасында қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыс, халықаралық жыр мүшәйрасын және шетелден келген қазақ жастарының концертін ұйымдастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мәдени шаралар шеңберінде қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылады. Бұл көрмеге Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және тағы да басқа шетелде тұратын қазақтардың қолөнер бұйымдары қойылады.
Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы тек мерекелік шаралар жиынтығы ғана болмайды. Халықаралық мәні бар бұл басқосу атамекенде және шетелдерде тұратын ұлт өкілдеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін ұйымдастырылып отыр. Атамекеннен алыс жүрсе де елінің ертеңін ойлайтын қандастарымыздың әрбір ой-пікірі маңызды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтер тұста елден жырақта жүрген қазақтардың айтары бар екені анық.
Дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайы да өз міндетін атқарып, қиырдағы қандастарымызбен байланысты жақсы жолға қоюға ықпал еткен болатын. Енді Қазақстанның әл-ауқаты жақсарып, әлемдік үрдістерге қол созған кезінде өткізіліп отырған төртінші құрылтайдың да тағылымды болатынына сенім мол.
Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы.