Жуықта көрнекті көсемсөзші және аудармашы, очерк шебері, Қазақстан журналистикасында өзіндік орны бар тұлғалы азамат, «Казахстанкая правда» газеті» АҚ басқармасының төрағасы Александр Юрьевич Тараков ердің жасы 50-ге келді. Ол өзінің бұл мерейлі шағын, ең алдымен шығармашылық еңселі еңбекпен атап өткісі келген секілді. Осыған орай, журналистің «Тағдырды таңба сөзбен таразылау» («Судьбу выверяя печатной строкой») деген орыс тіліндегі 30 баспа табақтық таңдамалы жинағының алғашқы даналары оқырмандар қолына тиді.
Осы кітаптың тұсаукесері өткен Астанадағы ұлттық академиялық кітапханаға автордың әріптестері, ақын-жазушылар мен оның шығармашылығын көптен бері білетін жандар жиналды. Тұсаукесерді ашып, жүргізген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, ең алдымен қонақтарды Александр Тараковтың шығармашылығымен, өмір жолымен таныстыра келе оның тамаша журналистер отбасынан шыққандығын атап көрсетті. «Егер өткен күндерді еске алатын болсақ, автордың әкесі Юрий Андреевич Тараков өз кезінде «Казправданың» партия тұрмысы бөлімін басқарған кезде мен де «Социалистік Қазақстан» газетінде сондай қызмет атқарған едім. Бұл отбасынан Александрдан басқа, оның бауырлары Лев пен Андрей де өздерінің журналистік қабілеттерінің арқасында халыққа танылды», деді. Сонымен қатар, кітаптағы бірнеше очерктерді талдап, сөздік қолданыс қырларын ашып берді.
Мұнан кейін сөз кезегі осы оқиғаға қатысу үшін Алматыдан арнайы келген жазушы Сәбит Досановқа берілді. Ол өз сөзінде Тараковтар отбасын көптен бері білетіндігін, журналист қаламына сүйсініп жүретіндігін айта келе, авторды бүгінгі шыққан биігімен өз атынан және Қазақстан Жазушылар одағының атынан құттықтайтындығын айтып, одақ басшысы Нұрлан Оразалиннің арнайы сәлемін жеткізді.
Сөз кезегін алған жазушы Дүкенбай Досжан Америка журналистері өз еңбектерін оқиғадан бастаса, ағылшындар мінезді сипаттаудан, ал қазақ журналистері өмірбаяннан бастайтындығын айта келе, Александр Тараков қаламына осының үшеуі де тән екендігін, мұны ол жазып отырған тақырыбына байланысты қолданатындығын жеткізді. Автордың кітаптағы «Тырна ғасыры» атты еңбегінде шығыс халықтарының, соның ішінде жапон халқының мінезі барынша айқын ашылғандығын сөз етіп, мұның өзінің «Мұхтар жолы» атты кітабын жазған тұста М.Әуезовтің Жапонияға жасаған сапарын бейнелеуде едәуір азық болғандығын тілге тиек етті. А.Тараковтың осы кітабын «журналистердің үстелінен түспейтін кітапқа айналуға лайық дүние» деп атап көрсетті.
«Тағдырды таңба сөзбен таразылау» кітабына алғысөз жазған, әрі мерейтой иесін көптен білетін белгілі қаламгер Владимир Гундарев өзінің жинақ туралы ой-пікірлерін сол алғысөзде жеткізгендігін, қазір оны қайталап жатқысы келмейтіндігін айта келе «әдетте жазушы қаламынан туындаған ойлардың субъективті сипаты болатындығын, ол өз оқырмандарына жетіп, олардың қолдауына ие болған кезде ғана барып, объективтілікке айналатындығын» мәлімдеді. Осыған орай өзінің көп жылдық жазушылық, журналистік еңбектерінің басын құраған бұл кітап арқылы Александр Тараковтың үлкен шеберлікке жеткендігін баяндады.
Сауытбек Абдрахманов мұнан кейін сөз кезегін журналистердің талай буынын тәрбиелеп келе жатқан ұстаз оқытушы, Журналистер академиясының басшысы Сағымбай Қозыбаевқа берді. Ол өз сөзінде осыдан тоғыз жыл бұрын жарық көрген А.Тараковтың «Терра террариум» кітабына алғысөз жазғанын еске алып, содан бергі аралықта автордың журналист, жазушы, қоғам қайраткері ретінде үлкен шыңдалу мектебінен өтіп, қазіргі күні Қазақстандағы орыс журналистикасының белгілі тұлғасына айналғандығын, оның сүйікті тақырыптарының бірі ауыл өмірі, ауыл шаруашылығы саласы екендігін ортаға салды. Өзінің сүйікті шәкірті туралы толғана сөйледі. Қазақстан баспасөзі тарихының білгірі Сағымбай Қозыбаев өз сөзінде осыдан 91 жыл бұрын алғашқы нөмірлері араға 13 күн салып қатар жарық көрген «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің егіз қозы секілді әрдайым бірге келе жатқандықтарын, бұл жолғы тұсаукесер де соның бір дәлелді көрінісі болғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, Александрдың әкесі Юрий Андреевичті Қазақстан журналистикасын ұйымдастырушылардың бірі ретінде көптен бері білетіндігін жеткізіп, бұл жолы оның баласы Александр қазіргі өзінің шыққан биігімен әкесінен ат оздырғандай әсер қалдырғандығын жасырмады.
Кітап тұсаукесерін қорытындылаған Сауытбек Абдрахманов жоғарыдағы сөзді іліп әкетіп: «Егер әкеден бала озса, онда әке де, бала да бақытты», деген ойын жеткізді.
Александр Тараков журналистерге берген қысқаша сұхбатында өзінің осы уақытқа дейін жарық көрген «Век журавля», «Затмение под солнцем», «Терра террариум», «Притяжение целины», «До и после миллениума», «Зарубки ирокеза», «О земле, земном и земляках», «Корея: чудо без чудес» деген кітаптарындағы үздік шығармаларының және осы уақытқа дейін жарық көрмеген еңбектерінің басын қосқан «Судьбу выверяя печатной строкой» атты бұл шығармалар жинағы өзінің 50 жасқа толғандағы оқырмандарына берген есебі екендігін жеткізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Астана.