Қазақстан Теннис федерациясының кеңсесінде Beeline абоненттері мен БАҚ арасында Аргентинаға Дэвис кубогына қазақстандық жанкүйерлер сапында бару құқығына иелік беретін сайыс қорытындысы жарияланды. «КаР-Тел» ЖШС (Қазақстандағы Beeline бренді) және Қазақстан Теннис федерациясы ұйымдастырған бұл шара «Жанкүйер, сен Аргентинадағы ойынға керексің!» дейтін ұран аясында бірнеше байқау өткізген болатын. Осы шара басталғалы газетіміз өз оқырмандарын толық ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.
Еске сала кетсек, БАҚ өкілдері арасында отандық теннис спорты туралы ең үздік жарияланым бәйгеге түссе, «Барлығы теннис туралы» атты смс-конкурсы мен «Эйс – Аргентинаға ұшу» смс-викторинасы ұялы байланыс операторының тұтынушылары арасында өткізілді. СМС-викторинаға 2872 Beeline абоненттері қатысып, қарапайым да күрделі 32 сұраққа жауап іздеді. Сайыс жеңімпазы астаналық Жігер Азбергенов дейтін азамат. Ұйымдастырушылардың қойған шарттары бойынша сұрақтарға көбірек дұрыс жауап берген Жігер 7-9 шілдеде Буэнос-Айресте өтетін Аргентина мен Қазақстан құрамалары арасында болатын Дэвис Кубогы жарысын тамашалау құқығына ие болды.
БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған сайыс жеке және топтық түрде өткізілді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 15 өкілі бақ сынап, 18 журналисі белсенді қатысқан шараның қорытындысына келер болсақ, жекелей сайыста Алматы телеарнасының тілшісі Рауан Оқас пен «Мегаполис» газетінің тілшісі Леонид Юрьев жеңімпаз атанып, жолдамаға қол жеткізді. Ал топтық сайыста «Егемен Қазақстан» газеті мен «TennisLife» жорналы жүлдегер атанды. Ел газеті «Егеменнің» намысын қорғап, жүлделі биікке жетелей білген әріптесіміз Дастан Кенжалинді жаңа жеңісімен құттықтап, отандас теннисшілеріміздің рухын жат жерде де жанып, Қазақстан туын елге биік желбіретіп қайтуларына тілектестігімізді білдіргіміз келеді.