Кеше қылмыстық процесті одан әрі реформалау туралы заң жобасының жай-күйі талқыланған дөңгелек үстел отырысы болып өтті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Онда қолданыстағы заңнамаларға енгізуге ұсынылып отырған және ұлттық қылмыстық іс жүргізу құқығын одан әрі дамыту барысындағы ерекше маңызы бар негізгі мәселелер жан-жақты талқыланған.
Аталған мәселені талқылау үшін дөңгелек үстелге Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Конституциялық кеңестің, Жоғарғы Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Әділет министрлігінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, адвокаттар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары, ғалымдар қатысты.
Олардың талқысына тартылған қылмыстық процесті одан әрі реформалау туралы заң жобасының басты идеясы барлық тергеу әрекеттерін жүргізу барысында нақты тәртіпті, объективті және теңгерімді ұстаным мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда, онда сотқа дейінгі өндірісті оңтайландыру және жеңілдету барысында қылмыстық процестен тергеуге дейінгі тексерісті, қылмыстық іс қозғау кезеңін, айып тағуды алып тастау, сот өкілеттігіне кейбір тергеу амалдарын беру көзделеді. Сонымен қатар, бұрын тергеушінің құзыретінде болған мәжбүрлеу шараларын сотқа дейінгі өндіріс барысында тек прокурордың санкциясымен ғана қолдану қарастырылып отыр.
Қылмыстық процесті одан әрі реформалау туралы заң жобасын талқылау барысындағы өзгерістерден күтілетін тағы бір маңызды жаңалық – соттың қылмыстық істерді қайта тергеуге жолдау институтын алып тастау болып отыр. Сот тарабына тек прокурорға қосымша тергеу амалдарын жүргізу туралы ұсыным беру құқығын қалдыру ұсынылған. Демек, осыған байланысты енді, қажет болған жағдайда прокурор айыптаудың көлемін өзгертуге және оны ауырлатуға да құқылы болады деген сөз. Дөңгелек үстелге қатысушылар аталған өзгерістердің маңыздылығын және дер уақтылы енгізіліп отырғанын атап өтіп, сотқа дейінгі қылмыстық өндірісті жетілдіру мақсатында ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар баспасөз қызметі Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ли Бен-Хвамен кездескенін жеткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі мәселелері қозғалып, Бас прокурор жан-жақты байланыстың жоғарғы деңгейімен сипатталатын Корея мен Қазақстанның мемлекетаралық қатынастарының құқықтық саласында өзара тиімді серіктестіктің үлкен дәрежеге ие болатынын атап өткен. Арадағы осындай ынтымақтастықтың арқасында соңғы кездері құқықтық көмек және ұсталған адамдарды беру туралы екі келісімге қол қойылды.
Кездесу барысында сыбайластыққа қарсы күрес, киберқылмыстылық, заңсыз жолмен алынған кірістерге әрекет етудегі қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері қозғалды. Қылмыстың осы санатын ашып, тергеу кезінде алдыңғы қатарлы технолгиялармен алмасу, оқу курстары мен тренингтердің өткізілуін ұйымдастыру, әдістемелік және ақпараттық-талдау материалдарымен алмасу саласында екі жақты байланысты ұлғайту туралы келісім жасалды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.