«Манкент» шипажайы қанат жайып жатқан бөлекшелеу биік беткей – Табиғат-анаңыздың таңғажайып тартуы. Шығыс жағында да қайталанбас құйқалы қыраттар, ойлы-қырлы бедерлер, суы сылдыраған жыралар, бағзыдағы бабалардан жалғасқан мұралар... Шипажай шіркініңіздің ауасы айрықша. Желемігі желпиді. Самалынан саумал иісі аңқиды. Бауларындағы ағаштар өзгеше өседі. Саябақтары, саяжолдары тынысыңызды ашады, гүлзарлары аңқыма жұпар шашады.
Халық жазушысы, елінің сүйікті суреткері Шерхан Мұртаза келіншегі Ақбілекпен бірге қос өңірінде талшын ағашы тізілген саяжолмен серуендеп келеді екен. «Мына каштандар жүз жасауға жақындап қалған-ау», – деп қояды. Айтпақшы, Шерағаңның бес кітаптан тұратын, Тұрар Рысқұлов туралы роман-эпопеясында осы Манкентіңіздің мәністелер тұсы бар. Ояз бастығы Колосовскийдің кереметтей көретін, шаршап-шалдыққанда шипа табатын саяжайы болған Манкент мүйісі осы. Тұрар Рысқұлов һәм Наталья Колосовскаямен талай қыдырған...
Жергілікті жазушы-дәрігер, «Манкент» шипажайында ширек ғасыр психотерапевт боп еңбек еткен Ерсін Қойбағарұлының және Манкент ауылында тұратын өзбек ақыны Абдрахым Пратовтың қойын дәптерлерінде қызықты-қызықты жағдаяттар жазылған. «Қай ақын, қай жазушы, қандай композитор қашан демалды немесе тап осы шипажайда қандай шығармаларын жазды?» дегендейін сауалдарға жауап табасыз. Мәселен, «Манкентіңізде» Асқар Тоқмағамбетов, Қадыр Мырза Әлі, Шәмші Қалдаяқов, Әкім Тарази, Анатолий Ким, Тұтқабай Иманбекұлы, Қалаубек Тұрсынқұлов, Мыңжасар Маңғытаев, Ахат Жақсыбаев, Көпен Әмірбек, Исраил Сапарбай, Нармахан Бегалыұлы... Айта берсеңіз, аз емес-ау. Журналистер мен композиторларды қосқанда, жүзден асып жығылар. Солардың жиырмашақтысы оншақты рет, тіпті отызшақты мәрте емделіп, демделген. Шәмші ағамыз, Исраил және бірер композиторлардың әдемі-әдемі біраз әндері осында туыпты. Махаббат дастандарын, әңгімелері мен хикаяттарын «Манкентіңізде» кестелеген қаламгерлер баршылық. Сіздің тілшіңіздің де «Машаттағы махаббат» атты повесі осында жазылған. Деп тіркеліпті.
«Солай деңдер. Ал біз мұнда бірінші рет демалып жатырмыз. Шынында да, шипажай ғажап екен. Тұрар ағаларың Наталья жеңгелеріңмен жүрген жер ғой, – деп күлімсірейді Шерхан Мұртаза. – Ауырыңқырап келіп едім. Сауығыңқырап, сергектеніп қайтқалы тұрмын». «Манкентке» Байқоңырыңыздан келушілер көп екен. Бес-алты кісі ваннадан терлеп-тепшіп шығып, демалыс бөлмесінде итмұрынның шәйін ішіп отырыпты. «Бәріміз де Байқоңырданбыз», – деседі. Қарағандылық композитор Есжан Әміров: «Байқоңырдан – Бағила, Қызылордадан – Қалима, Аралдан – Ақзира, Ақтөбеден – Аққыз, Атыраудан – Алтынай, Маңғыстаудан – Мүнира...» деп ұйқастырып жөнелді. «Қызылорданың Қалимасы біз боламыз. Былтыр зейнеткерлікке шықтым. Өмір бойы қиын жұмыста жүрдім. Екінші рет келуім. Шипажайға. Енді, жағдай келіссе, жыл сайын келетін шығармын», – дейді тізесін уқалап отырған арықтау қараторы әйел. «Ал мен Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданынанмын. Бесінші мәрте емделіп жүрмін», – дейді жетпіс үш жастағы Аққыз апамыз. Қошым Кенжеғалиев елуге енді толады. «Қазақстанның барлық түкпірлерін түгел араладым. Қызметіме байланысты. Мына шипажайды осы кезге дейін көрмегенім дұрыс болмаған екен», – дейді Қошым ініміз. Өзі сонау Орал облысындағы атақты Қарашығанақта қызмет істейтін көрінеді. «Жасыратыны жоқ, Сочиді де, Ялтаны да, тағысын-тағы талайларын да жатқа білеміз. Ал, бес-алты жылдан бері «Манкенттен» шықпаймын», – дейді «Қазтрансойл» бірлестігінің белгілі маманы, алпыс екі жастағы Расылғали Серғазиев жұмсақ қана жымиып қойып. Шымкенттегі гуманитарлық-экономикалық колледждің директоры Әріпхан Садықовтың да сүйікті демалыс және емалыс мекені «Манкент» екен.
Шіркін, шипажай деп «Манкентті» айтсаңызшы! Мінекиіңіз, анау Ақсукенттің шетіндегі Манкент стансасынан түсесіз. Пойыздан. Темір көліктер тізіліп тұрар. Оларды қаламасаңыз, маршрутты таксилермен «Манкент» тартасыз. Он бес минөтте шипажайға жетесіз. Жеңіл ғана желемік желпіп қарсы алады-ай. Аршалар мен шыршалар, шынарлар мен талшындар шоқ-шоқ боп шақырып тұрар. Қызғылтқоңыр үйдің алдындағы көгалдан көз алмай, баспалдақпен биіктерсіз. Алдыңыздан, Аламат апалары бастаған қыздар шығар. Аламат Кәрімова – шипажайға орналастыру бөлімінің бастығы ғой. Корпусыңыз бен бөлмеңіз белгіленер. Кілт қолыңызға тиер. Қос өңірінде арша-шырша қаздай тізілген тастақты-асфальтты қия жолмен биікке беттейсіз. Сол жағыңызда сарғыш, қарсы бетіңізде қызғылт коттедждер. Оң жағыңызда оныншы корпус зораяр. Ұзыннан-ұзақ созылған, үш қабатты үлкен үй. Бақтияр Омаров басқаратын бағбандар бақтарды баптап жүрер. Қысы-жазы. Уақ-уақ суаттар мен жылтылдаған жылғалардан сыңғыр-сыңғыр су ағар. Борис Новиковтің командасы басқарар сантехниктеріңіз сапасына қарайтын жабдықтар бөлмеңізде жарқырап тұрар.
Алдымен асханаға барарсыз. Кәрима дейтін келіншек қай столға отырарыңызды белгілеп, ізетпен ертіп апарар. «Тамағы жақсы. Сіңімді. Жұғымды. Сара Жамалова дейтін қызымыз екен ғой асхана бөлімін басқаратын. Айналайын, асханадағы қыздардың әдебі әдемі, мәдениеті жоғары», – дейді бес жыл бойы емделіп, демалып жүрген Айғаным апамыз. Астанада тұрады екен. Сексеннің сеңгіріне беттепті өзі. Сәлден соң дәрігерлерге кірерсіз. Бас дәрігер Қадыр Жұмабеков қой. Сонау 1978 жылдан бері осында. Алматы медицина институтын тәмамдаған. Басында педиатр еді. Кейіннен курортологияны көп оқыды. Физиотерапияға мықтап маманданды. Мәскеуде, Киевте, Бакуде дегендей. Бүгінде жоғары категориялы, білікті дәрігер. Салиқалы да салмақты, мейірбан Нариман Ергешовті де қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұртшылық жақсы біледі. Байырғы мамандар Ұмсын Райымбекова мен Дана Маманқұловадан бастап, екі-үш жылдан бері еңбектеніп жүрген Гүлхан Құлжабаеваға дейін құрметке ие. Аға медбике Балтанияз Сатыбалдиеваның талапшылдығы мен талғамшылдығы үйлескен. Оның командасындағы медбибілер Алмагүл Әуезова, Ділбар Убайдуллаева, Мүбәрәк Ерназарова, Гүлдер Нұрова, Хилала Сатыбалдиева, Дилфуза Ергешова, Мәдина Әбдірайымова, Сапаркүл Жамалова, тағы басқалардың қызметтеріне, ілтипат-ізеттеріне республикаңыздың барлық аймағынан, қаласы мен даласынан келіп емделетіндер дән риза. Уқалап-сылаушы мамандарыңыздан Шухрат мырзаға, Гүлбахира, Бақыт, Ақбөпелерге жазылғысы келетіндер жетіп-артылар.
Шипажайдың емханасы жатақханалардан бөлек, шипалы судың қарсы бетіндегі биікте тұр. Бас дәрігер, бас медбике, барлық ауру түрлері бойынша қарайтын дәрігерлер, алуан-алуан емдеу бөлмелері – бәр-бәрі емхананың екі қабатын алып жатыр. Шипалы су бюветі баудың ішінде. 1210 метр тереңдіктен табылған жылы судың түсі сарғыштау. Ешқандай жағымсыз иісі, ұнамсыз дәмі жоқ. Құрамында сульфат, хлор, натрий, магний, күкірт, темір, йод, бром, тағы басқа пайдалы элементтер бар, ерекше шипалы су. Суды қашан, қалай, қанша мөлшерде ішу керектігін емдеуші дәрігерлер белгілейді. Жылыдай ішілген суыңыз асқазанның, ішектердің, өт жолдарының, өзге де ағзалардың жағдайларын жақсартады. Тырысу, түйілу үдерістерін кетіреді, асқазанды, ішектерді, өт қалтасын, буындарды, омыртқаны, белді, жалпы жүйкені түрлі аурулардан арылтады. Ауыз бен мұрынды, тамақты, қызыл иекті де емдеуге болады. Манкент суының қасиеті туралы таңғала айтатындар аз емес.
– Алдағы жылдары урологиялық кешенді емдеу саласын ашпақ ойдамыз. Әзірліктер жасалып жатыр. Жаңа әдістемелер, жаңа жабдықтар жағын зерттеудеміз, – дейді бас дәрігер Қадыр мырза.
Шипажайыңыздың тарихы тіпті ертеден басталады. Сонау 1921 жылғы 13 мамырда В.И.Лениннің «Демалыс үйлері туралы» атақты Декретке қол қойғаны аян. Кеңес кезінде тарихыңыз түгелдей «күн көсемнің» декреттерінен басталушы еді ғой. 1922 жылы Шымкент өлкелік атқару кеңесі шешім шығарған. Сол кездегі Ақсу ауылының маңынан демалыс үйін ұйымдастыру үшін 225 гектар жер бөлінген.
Демалыс үйі 1924 жылдан жұмыс істей бастапты. 1926 жылы 20 бөлмесі, 2 залы бар №1 жатақхана салыныпты. Ол осыдан бес-алты жыл бұрын ғана бұзылған. Қазіргі емхананың орнындатұғын. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында госпитальға айналыпты. 1947 жылдан бір лекте 120 адам қабылдайтын демалыс үйі бірте-бірте кеңейіп, бірнеше корпус бой көтеріпті. 300 орындық клуб 1962 жылы пайдалануға беріліпті. Үш қабатты орталық корпус 1975 жылы қатарға қосылыпты. Сексенінші жылдардың ортасынан тоқсаныншы жылдарға дейін әжептәуір көркейіп-гүлденген, нығайған шипажай газ бен электр жарығы, тағы басқа мәселелер қиындаған 1996-2000 жылдары желтоқсан – мамыр айларында жабылып қалып, тіпті, мүлде жойылып кете жаздаған жағдайларды да бастан кешкен. 1994 жылдан акционерлік қоғамға айналған «Манкент» шипажайын ұзақ уақыт бойы абзал ағаңыз, өзбек-қазақ түгел құрмет тұтатын ақсақалыңыз Азат Қорғанов басқарған. Әнебір әркіл-тәркіл, қилы-қиын кезеңдерден аман-есен алып өткен де негізінен сол кісі. Азат Қорғановтың озат тірліктері, қызғыш құстай қорғай білген қажырлылығы болмағанда, бұл шипажайыңыздың таланға түсіп, таражға кетуі де мүмкін еді.
Бүгінде баяғы Манкентіңіз Сайрам дей-тұғын ауданның аумағында. Бұл аймақта бауырлас, бауырмал қазақ пен өзбек жұрты қашаннан-ақ бірлік пен ынтымақты байрақтайын биік көтеріп, тату-тәтті тірлік кешулі. «Манкент шипажайы» ААҚ-ына Хамрақұл Азатұлы Қорғанов жетекшілік жасайды. Он жылдан бермен қарата.
– Ең ескі, ең үлкен екінші корпустың орнындағы қызу құрылысты көрген шығарсыздар? – дейді Бас директор Хамрақұл Азатұлы жылы жүзбен күлімсірей сөйлеп. – Құдай қаласа, арғы көктемде 495 орындық асханаға қоса 100 орындық жатынжайы, дене шынықтыру залы бар, үш қабатты үлкен корпус пайдалануға беріледі. Жаңа асхана біткен соң тамақ мәселесі қазіргіден де жақсара түседі. Біз жыл сайын жаңадан бір-екі емдеу әдісін ендіреміз. Биыл да сөйттік. Бүгінде 24 корпус жұмыс істейді. Көпшілігі – заманауи коттедждер. Шипажайда 200 адам еңбек етеді. Жазғы маусымдарда демалушылар 800-ге жетеді. Қазақстанымыздағы тұрақтылық, татулық – баршамыздың бақытымыз. Жылдан-жылға жұмысты жақсарта түсу, жаңарта беру, емделушілер мен демалушылардың алғысын алуға құлшыну – басты мақсатымыз. Мінеки, бұрынғы алма баудың орнына жаңа бақ орнады. Өсіп, жетіліп қалды. Көрдіңіздер ме? Әнеки, қарағайлы тоғай, шыршалы шоқ жасап қойдық. Әр жыл сайын 600 түпке дейін сәндік ағаш көшеттерін отырғызамыз. Гүлзарларды түрлендіріп отырамыз.
Шипажайдың ғажайып қосалқы шаруашылығы анау адырыңыздың арғы жағында. Жеті гектар бау егілген. Алма, өрік, жүзім, алқоры, асқабақ, қырыққабат, қияр, пияз, сарымсақ осы бау-бақша мен он бес сотық жерде жасалған жылыжайдан. Ет пен сүт те қосалқы шаруашылықтан. Жайылым мен шабындыққа, мал азығы жемшөпке арналған 160 гектар жер де құнарлы. Осындай жағдаяттардың арқасында жолдама бағасын тым қымбаттатып жібермей, бірқалыпты ұстауға мүмкіндік туады. Себебі, қосалқы шаруашылық арқылы қол жеткізілетін азық-түлік түрлерінің бағасы базардағыдан 10-15 пайызға арзанға түседі.
– Шығынның орнын осылай жабамыз. Негізінен ақшаның көбі тамаққа жұмсалады ғой, – дейді Бас директор Хамрақұл мырза. – Біздің шипажайда бай-бағландарға да лайықты коттедждер, тиісті жағдайлар баршылық. Орташаларға да оңтайлы орындар сайланған. Жағдайлары төменіректерге де мүмкіндіктер қарастырылған. Жолдамалар бағалары тәулігіне 3800-4800 теңгеден бастап бірте-бірте 5400-6300 және 7830-9000 теңгеге дейін.
Шипажайдың шығыс тұсында, баяғыдан келе жатқан қарағайлы, шынарлы саябақтың жанында қос бассейн жұмыс істейді. Тү-у Ақсу-Жабағылы тауларынан жететін мөлдір суға осында шомыласыз. Жаз айларында. «Манкентіңіздің» қосалқы шаруашылығында 2011 жылдан жылқы бағыла бастайды. Құдай қаласа, келешекте қымыз бапталып, дастарқаныңыздан берік орын алмақшы.
Мінекиіңіз, Манкенттің бүгіні осындай. Келешек кенеркөгі қазіргіден де көрікті бола бермек.
Мархабат БАЙҒҰТ.